Әлеумет

Сандық телевизия: Ұлттық мүддені көздейтін жаңа жүйе

2015 жылға дейін еліміз түгел сандық телерадиотаратылымының ұлттық спутниктік желісінің игілігін көретін болады. Биыл қаңтардың 18-інде Елбасы Н.Назарбаев ұлттық желіні салтанатты түрде іске қосты. Спутниктік сандық телевизияны іске қосудың негізгі   мақсаттарының бірі — ел тұрғындарының ұлттық арналарды еш кедергісіз көруіне жағдай жасау болса, ендігі жерде тұрғындар барлық ұлттық арналарды, 14 облыстың хабарларын тәулік бойы көре алатын болады. «Қазтелерадио» АҚ басқарма төрағасы Абай Қадралиевтің мәліметінше, «бүгінгі күнге дейін елімізде 150 000 тұрғынның қазақстандық арналарды көру мүмкіндіктері болмапты». Енді бұл олқылықтың орны толтырылады.

Ақтөбе облысында жаңа ұлттық желіні тірлігімізге енгізу жұмыстарын «Қазтелерадио» АҚ облыстық филиалы жүргізіп жатыр. Бұл туралы акционерлік қоғамның облыстық филиалы директорының коммерциялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Әділхан Жанбосынов айтқан-ды. Мархабат…

 

  • Дерек

Дүние жүзінде сандық телерадиотаратылым жүйесі 1998 жылдан бастап жүзеге асырыла бастады. Ал біздің ел әлемнің басқа бірқатар елдері секілді 2015 жылға дейін хабар таратудың сандық жүйесіне ауысуға шешім қабылдады. Осы мәселеге қатысты өткен өңірлік конференцияда халықаралық электрлік байланыс одағы Еуро­па, Африка, Таяу Шығыс және Орта Азияның жүз жиырма елін қамтитын және 2007 жылғы 17 шілдеден бастап күшіне ен­ген аймақтық келісім қабылданды. Бұл құжат бойынша аталған елдер, яғни «Женева-2006» келісіміне қатысушы барлық мемлекеттер 2007-2015 жыл аралығында сандық хабар тарату жүйесіне көшуге тиіс. Кезінде оған Қазақстан да қол қойды.

Америка Құрама Штаттары сандық хабар тарату жүйесіне 2009 жылы көшті. Еуропа елдері бұл жүйеге келесі жылдан бастап көшеді. Ресей сандық телевизияға көшу жұмыстарын 2015 жылға дейін аяқтамақ.

Ә.Жанбосынов:

— Бұл жоба негізінен ақпараттық теңсіздікті жоюға бағытталған. Яғни сандық телерадиотаратылымының ұлттық спутниктік желісі біржола жұмыс жасап кеткенде шалғай ауыл тұрғындары мен облыс орталығында тұратындар арасында телехабарларды көруде ешқандай айырмашылық болмайды. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан бұл жоба, сондай-ақ «Қазақстан-2020» онжылдық стратегиялық даму жоспарының шешуші бағыттарының бірі болып есептеледі.

Ақтөбе облысында сандық хабар тарату жүйесін 2010 жылдың желтоқсан айынан бастап іске қоса бастадық. Облыстағы елді мекендер бұрын 2-3 арнаның хабарларын ғана көріп отырса, ендігі жерде 37 арнаны тегін тамашалай алады, яғни жаңа жүйенің базалық пакетінде 37 арна болады. Базалық пакеттен басқа қосымша ақылы үш пакет бар: эконом пакет — 48 бағдарлама, стандарт пакет — 62 бағдарлама және 94 бағдарламаны қамтитын элит пакет бар. Тұрғындар 37 бағдарламаны тегін көре алады немесе қалауынша осы үш пакеттің біреуін қосып ала алады.

Ерекшелігі сол, бұрын бір жиілікте бір ғана арна берілсе, сандық жүйенің арқасында бір жиілікте бірнеше бағдарламаны көруге мүмкіндік болады. Жаңа жоба, негізінен, ұлттық бағдарламаларды қолдауға бағытталған. Қазақстанмен шекаралас Ресей ауылдарында тұратын қазақтар да бұл жобаның игілігін көруге, яғни ұлттық бағдарламаларды тамашалауға қол жеткізе алады. Ол үшін олар Қазақстанға келіп, тапсырыс беріп, рәсімдейді.

  • Дерек

Сандық телевизияға көшу үш кезеңде жү­зеге асырылады. Бірінші кезеңде (2009-2010 жж.) сандық телевизияның ұлт­тық стандарттарын, нормативтік-құ­қық­тық ба­заны, жиілік-аймақтық жос­пар­ды бекіту және әлеуметтік міндетті телерадио­арналардың тізімі жөнінде келісу. Сон­дай-ақ осы мерзім ішінде пилотты ай­мақтарда таралым тәжірибе жүзінде іске асы­рылады.

Екінші кезеңде (2011-2013 жж.) бі­рінші кезеңде қамтылмаған өңірлерде жо­ба жұмыстары мен жүйені өрістету жал­ғасады. Осы үш жыл ішінде аналогті та­ра­лым­ды тоқтатудың шекті мерзімі бел­гіленеді.

Үшінші кезеңде (2014-2015 жж.) сандық таралым желісі еліміздің барлық аймақтарын қамтитын болады.

Ә.Жанбосынов:

— Қазір біз атқарып жатқан жұмыс — облысымыз үшін алғашқы кезеңге, яғни, спутниктік кезеңге жатады. Бұл кезеңде елді мекендерге бұрынғы эфирден тарайтын хабар қабылдағыштар (приемник) орнатылады. Әрі қарайғы кезеңде хабар таратқыштар (передатчиктер) қондырылатын болады.

Әзірге біздің облысқа орталықтан — «Қазтелерадио» АҚ-нан 1150 қабылдағыш жеткізілді. Оларды Шалқар, Байғанин, Ырғыз, Комсомол, Ойыл секілді бірнеше ауданның алыс ауылдарына қондырдық. Жаңа жүйені қондыру үшін әр отбасы арнайы спутниктік қабылдағыш пен телевизиялық қобдиша (приставка) сатып алу қажет, бұл жиынтықтың бағасы 28 800 теңге. Құралдардың барлығын біздің аудандарда жұмыс жасайтын дилерлеріміз апарып, қондырып береді. Қазір облыста біздің 33 дилеріміз жұмыс жасап жатыр.

Тұрмысы нашар отбасыларға және белгілі бір санаттағы тұрғындарға жаңа жүйе игілігін көрсететін құралдарды өз үйіне қондыру үшін мемлекет тарапынан көмек көрсетілетін болады. Біз де облыстық әкімдіктен осындай тұрғындардың тізімін алдық, тізім бойынша облыстың 156 тұрғынына мұндай құрылғы бюджет есебінен тегін қондырылатын болады.

Келесі кезеңде 1000-нан астам тұрғыны бар елді мекендердегі бұрынғы хабар таратқыштар орналасқан жерлер қайтадан жасақталып, сандық хабар тарататын жаңа передатчиктер орналастырылатын болады.

Бұрын бір арнаны көру үшін елді мекендерге бір хабар таратқыш қондыру қажет болса, енді 18 арнаға бір құрылғы қоятын боламыз.

 

  • Дерек

Қазір елімізде эфирлік, спутниктік және кабельді телевизия жұмыс жасайды. Жаңадан іске қосылып жатқан сандық телевизияның бұлардан артықшылығы да көп, мүмкіндігі де мол. Біріншіден, бағдарламалардың саны артып, сапасы жақсарады, екіншіден, радиожиілікті пай­да­лану тиімділігі артады.

Отандық телеарналар мен радио толқындар өздерінің бағдарламаларын спутниктік хабар тарату жүйесі арқылы тегін трансляциялайтын болады және олардан мемлекеттік тілге қатысты міндеттемелерді орындау қатаң талап етілмек.

 

Ә.Жанбосынов:

—  Хабар таратудың аналогты, яғни қазіргі жүйесі 2015 жылға дейін жұмыс жасай береді. Жоғарыда айтқанымыздай, жаңа жүйені пайдалану үшін тұрғындар арнайы спутниктік қабылдағыш пен телевизиялық қобдиша сатып алу керек. Бастапқыда осындай құрылғылар міндетті түрде қажет. Болашақта тұрғындар қазіргі теледидарларды бірте-бірте сигналды сандық форматта қабылдай беретін соңғы үлгідегі теледидарларға ауыстыратын болады.

Енді келіп жатқан қабылдағыштар саны алғашқы партиямен келген қабылдағыштардан сапасы жоғарылау болғандықтан, бағасы да 2-3 мың теңгеге қымбаттау болуы мүмкін. Осыны тұрғындар білуге тиіс. Негізінен, қабылдағыштардың бағасы жөнінен қымбаттауы еліміздің батыс өңірлеріне берілді. Ол аймақтың географиялық ерекшеліктеріне, әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты. Елдің батыс өңірлерінде орналасқан аймақтар жоғарыдағы спутникке алыс орналасқан, сондықтан, бізге көлемі үлкен, соған сай қымбаттау қабылдағыштар беріледі.

«28-30 мыңға қондырған құралдар сынып, не бүлініп, пайдаға аспай қалар болса, не істейміз?» деген заңды сұрақ тауындауы мүмкін. Қабылдағыштарға бір жыл кепілдік беріледі, егер құралдың ақауы болса, оны ауыстырып береміз, ал егер оны орналастырған дилердің кінәсінен бұзылған жағдай кездессе, дилерлерге хабарласуға болады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button