Ресми

Өрт өкіндірмесін!

Өткен аптада облыс әкімінің орынбасары Жеткерген Оралмағамбетовтің төрағалық етуімен  табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға байланысты жиын өтті. Басқосуға осы саланың  қаладағы және аудандағы өкілдері қатысты.

Жиында өткен жылы облыс аумағында өртке қарсы жасалған шаралар мен оның алын алуға бағытталған  жұмыстар сөз болды. Облыстық «Жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасы» ММ бастығы Кенжетай Мұқанов атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ, биылғы жылға дайындықтың қалай жүріп жатқанын сөз етті.

Қазіргі күні аудан басшылығы өртке қарсы шараларды қолға алып, арнаулы киімдер мен техниканы әзірлеуде. Осы мақсатта биыл Алға ауданы – 5 миллион, Әйтеке би – 4, Байғанин – 4,5, Темір – 15, Ойыл ауданы 10 миллион теңге қаржы бөлген. Басқарма бастығы бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын ескертті. Мәселен, өткен жылы Қобда, Әйтеке би, Хромтау  аудандары дала өртін сөндіруге қатысты жұмыстарды ұйымдастыруда салғырттық танытқан.

Мәселен, былтыр Әйтеке би ауданында 733 мың гектар жерді қызыл жалын шарпыған. Облыс әкімінің орынбасары осы мәселеге ерекше назар аударып, ауданнан келген өкілге қатаң ескерту жасады.

Ал облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігі басқармасының бастығы Серік Алтаев бірқатар жұмыстарға тоқталып, дайындық шараларының қалай жүріп жатқанын айтты.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары қатысушыларға қолда бар техниканы ұтымды  пайдалануды ескертті. Өткен жылы өрт оқиғасының көп болғанын, сондықтан биыл қателіктерге жол бермеуді тапсырды. Алдағы уақытта аудандағы өртке қарсы жұмыстар қатаң бақылауда болмақ.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button