ЖаңалықтарСайлау

Азаматтық белсенділік — әділ сайлау кепілі

 Ақтөбе қаласындағы №559 сайлау учаскесінде тіркелген 2 285 ақтөбеліктердің үштен бірі сағат 10-ға дейін өз таңдауын білдіріп үлгерді.
Осы учаскеге бекітілген облыстық мәслихаттың хатшысы Амангелді Нұғманов зайыбымен бірге келіп, көпшілікпен бірге азаматтық парызын орындады.
– Бүгін бүкіл қазақстандықтар үшін ерекше күн. Біздің әрқайсымыз нақ осылай мемлекетіміздің басшысын таңдау құқығын жүзеге асырып, мемлекетті басқару ісіне осындай жолмен тікелей қатыса аламыз. Сайлау ашық және ұлттық заңдылықтардың барлық нормаларына сәйкес өтуде. Әрбір сайлау учаскесінде бақылаушылар бар, олар кез-келген тәртіп бұзушылықтарды қадағалай алады. Сонымен бірге облысымызда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан келген бақылаушылар да жұмыс істеуде. Ақтөбеліктердің белсенді азаматтық ұстанымын танытып, дауыс беруге ұйымшылдықпен қатысатындығына сенемін, – деп атап көрсетті облыстық мәслихаттың хатшысы.
№559 сайлау учаскесінде өзінің немересі Ульянамен бірге келіп дауыс берген 65 жастағы ақтөбелік Ольга Селезнева былай деп өз ойын білдірді:
– Мен алғаш рет сайлауға 1985 жылы қатысқанмын, оның салтанатты мереке ретінде ұйымдастырылғаны есімде. Бүгінгі сайлаушы өзі таңдаған кандидатқа дауыс бере отырып, өз ұстанымын білдіретіндіктен, жұртшылықтың азаматтық белсенділігі өсе түсті. Бұның өзі біздің азаматтық қоғамымыздың өз құқықтарына өте ұқыптылықпен қарайтындығын білдіреді, – дейді сайлаушы.
№559 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы Қарлыға Әбуова атап көрсеткендей, мұнда алғашқы дауыс беруші дәл сағат жетіде келіпті.
– Біздің учаскеде барлығы 2 285 сайлаушы бекітілген. Жалпы сайлау барысын үкіметтік емес ұйымдардан, қоғамдық бірлестіктерден 8 бақылаушы қадағалауда, – деді ол.
№559 сайлау учаскесіндегі 2285 сайлаушынының он бесі сырқаттануына байланысты үйінен дауыс береді, сайлау учаскесінің мүшелері оларға осындай мүмкіндік жасады, ал төрт сайлаушы сексен жастан асқан қарт адамдар екен.
– Бұдан басқа, біздің 4 сайлаушымыз бүгін туған күндерін атап өтеді, біз оларды мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз, – деді сайлау комиссиясының төрағасы.

Санат РӘШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button