Жаңалықтар

Димаштың мектебіндегі учаске: 12 үй және 12 байқаушы  

Ақтөбе қаласындағы 11 шағын ауданда орналасқан М.Құрманғалиева атындағы №32 мектеп гимназияда №29 сайлау учаскесі бар. Сайлаушылардың жалпы саны – 2384 адам.
— Халықтың көңіл күйі шат. Белсенділіктері жоғары. Жер тайғақ болса да, үлкен кісілер балдаққа сүйеніп келіп жатыр. Бұл жолға сайлау науқанында сыйлық үшін қаражат қарастырылмағаны белгілі. Дегенмен кейбір сайлаушыларға көңіл күй сыйлау үшін шағын ғана тартуымызды ұсынып жатырмыз, — дейді №29 сайлау учаскесінің төрағасы Айжан Жамбылова.
Әлем мойындаған Димаш білім алған гимназияда сайлаушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау үшін жайлы жағдай жасалған. Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония әншілері мен гимназияның өнерлі педагогтері бірлесіп халыққа ән мен биден шашу шашты. Сондай-ақ сайлаушыларға мектеп асханасында дәм ұсынылды. “Дина” супермаркеті қызметкерлері жәрмеңке ұйымдастырды.
— Облыстық филармония әншісі Нұржан Қаражанов және өзіміздің мектептің педагогтері Гүлжахан Досаева Назгүл Қазиева, Талғат Есжановтар өнер көрсетіп, халық ықыласына бөленіп жатыр, — дейді Айжан Жамбылова.
Бұл учаскеде білім шаңырағы маңындағы 12 үйдің тұрғындары дауыс береді. Солардың бірі — Жақысылық Шарғазин.

— Біздің ел Жаңа Қазақстанды құрып жатыр. Ал оның іргетасы мықты болу үшін әрқайсысымыз үлес қосуымыз керек. Сол себепті әр сайлаушының дауысы маңызды.
Халықтың бірлігі, елдің тұтастығы үшін өз таңдауымды жасадым, — дейді қала тұрғыны Жақысылық Шарғазин.
№29 сайлау учаскесінде ұйымдастырылған саяси науқанды 12 тәуелсіз байқаушы бақылады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button