Мәдениет

Ақтан Керейұлының шығармалары дәріптелді

Жақында Ақжар ауылында жыршы, термеші Ақтан Керейұлының шығармашылығына арналған «Қалағандарың сөз болса…» атты облыстық термешілер байқауы өтті.

Хромтау аудандық Мәдениет үйіне қарасты Ақжар ауылдық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен жыршы-термешілер байқауына облыс бойынша 10 өнерпаз қатысты. Қатысушылар әуелі Ақтан Керейұлының бір шығармасын, екінші кезеңде еркін тақырыпта Ақтөбе өңірінде өткен ақын-жырау, термешілердің бір шығармасын орындады. Төрешілер олардың сахналық мәдениеті, орындаушылық шеберлігі, орындалатын шығармасының күрделілігі мен киім үлгісіне де мән берді.

Әр өңірден келген жыршы-термешілер бақ сынасқан сайысқа Хромтау ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Қабыл қатысып, шараның маңыздылығына тоқталып, үміткерлерге сәттілік тіледі.

Жыршы, термеші Ақтан Керейұлының шығармашылығын зерттеп, дәріптеп жүрген, «Мұра» ғылыми-зерттеу институтының директоры Есентүгел Ази:

— Тамыры бағзы түркі әдебиетінен нәр алып, сарыны киелі Маңғыстау, Жайық алқабы, Ақтөбе өңіріне кең таралған ұлы өнер көшінің бір керуен басы ретінде Сарыарқаға тегіс танылып, дақпырты сонау Бесқала, Түрікпен жеріне кеткен, киіз туырлықты қазақтың түндігін жырмен тербеген Ақтан Керейұлы — тарих төрінен, әдебиет көгінен тиесілі орнын ала алмай жүрген дүлдүл. Бұған не себеп? Хас өнердің көгінде, халқының төрінде шалқыған азулы ақын, көзі қарақты жандардың көкірегінде сақталғанымен, қағаз жүзінде көп таңбаланбаған. Бүгінге оның мұраларынан жұқана ғана жетті. Онысы да күл астындағы шоқтай маздай алмай жатыр. Ал ұрпақтары жайлы бірде-бір сөз қозғалған емес. Қуғынға түскен әкесінен ерте айырылған немересінің Орынбор жағында ғұмыр кешкенін көпшілік біле бермейді. Қара басы халқы ішінде ханнан кем болмаған жүйріктерінің есімін қағаберісте қалдыру қанымызда жоқ қасиет еді. Жалпы мырза халқының ырза көңілінен шығып, «бес жүйрік» атанған белгілі бесеудің бірі — Ақтан туралы жас буынға дәріптеуіміз қажет, — деп, оның шығармашылығындағы бай мұрасын жас буынға насихаттау басты парыз екендігін жеткізді. Сонымен қатар ол Ақтан Керейұлы туралы «Жайық деген жанды су» кітабының бірнешеуін аудандық әкімдік пен ауыл кітапханасына табыс етті.

Жыршылар додасын Ақжар ауылының ақсақалдары мен әжелері, жастары тамашалады. Ауыл қариялары аудан басшыларына облыстық шараның ауылда өткізіліп жатқандығына ризашылықтарын білдірді.

Байқау қорытындысында бас жүлдені ақтөбелік Сымбат Жомартова жеңіп алды. І орынға Ақтөбеден келген Самал Медеубаева ие болды. Одан кейінгі жүлделі орындарды Ақтөбе қаласынан келген өнерпаздар Бақыт Арыстанғалиева мен Нұрзат Құлманова иеленді. Барлық қатысушыға Алғыс хат пен ақшалай сертификат табыс етілді.

Бейбіткүн КАМЕТИЯҚЫЗЫ,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button