Басты жаңалықтарСпорт

Әлем чемпионаты  Ақтөбеде өтеді

Ақтөбеде тоғызқұмалақтан VI Әлем чемпионаты өтеді. Байрақты бәсекеге әлемнің 20 елінен 80 спортшы келіп, өзара бақ сынасады. 20-28 қараша аралығында өтетін Халықаралық турнир Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы, Ақтөбе облысының әкімдігі мен облыстық тоғызқұмалақ қауымдастығының мұрындық болуымен өткізілгелі жатыр.

Адамзат өркениеті мен ұлт мәдениетінің қалыптасып, жетілу барысында зияткерлік ойындардың орны айрықша. Жүйелі, қисынды ойлау, білім мен ғылымға бейімділік негіздерін қалауда, ыждаһаттық пен табандылықты тәрбиелеуде тоғызқұмалақ секілді зияткерлік ойындар ұтымды әрі таптырмас тәрбие құралы саналады. Ол жарыс түрі ғана емес, өскелең ұрпақтың интеллектуалды әлеуетін көтеруде де маңызды.

Тоғызқұмалақпен айналысатын шетелдік спортшылардың да қатары артып келеді. Кезекті әлем чемпионатына Англия, Германия, Чехия, Румыния, Түркия, АҚШ, Колумбия, Ауғанстан, Эфиопия, Қытай, Моңғолия, Үндістан, Латвия, Литва, Әзірбайжан, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Түрікменстан елдерінен спортшылар қатысады. Жарыстың классикалық және блиц түріне — 40 спортшы, рапид түріне  80-ге жуық спортшы қатысады деп күтілуде.

Ал Қазақстан құрамасының  құрамында классикадан (бір партия — 1,5 сағат) ҚР еңбек сіңірген спорт шеберлері Ғалымжан Темірбаев пен Әсел Далиева, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері (ҚР МСМК) Бексұлтан Бостандықов пен Аңсаған Қожанасіп өнер көрсетеді. Ел намысын ақтөбелік спортшылар да қорғайды.

Тоғызқұмалақтың әр түрі (классика, блиц, рапид) швейцариялық жүйе бойынша өтеді, жүлде қоры — 800 мың теңге.

Бас төреші

Чемпионаттың бас төрешісі болып Ақтөбе облысының аға жаттықтырушысы Бауыржан Төлегенов тағайындалды. Ол 2010 жылы Астанада өткен бірінші Әлем чемпионатының бас төрешісі болған.

2007 жылдан 2015 жылға дейін мен Қазақстанның төрешілер алқасын басқардым. Осы жылғы ойынға да Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы маған бас төреші қызметін сеніп тапсырды, — дейді Халықаралық санаттағы төреші Бауыржан Төлегенов.

Оның айтуынша, бастапқы жоспар бойынша чемпионат Түркияда өтуі керек болған, бірақ бірқатар себеппен Қазақстанда өткізу туралы шешім қабылданды. Бұл ұсынысты қабылдауға Ақтөбе өңірі дайын екендігін көрсетті.

Бұл чемпионатты өткізуді облыс басшылығының өзі қолдап отыр. Қаламыздың чемпионат өткізуге барлық мүмкіндігі бар. Ойыншылардың әлеуеті, өткізу тәжірибесі жоғары, керекті жабдықтар — жеткілікті. Сонымен қатар бұл — өз спортшыларымызды чемпионатқа қатыстыруға тамаша мүмкіндік. Қазақстан намысын қорғайтын ақтөбелік спортшылардан ойынның блиц түріне Медет Хұсайынов, Гульжанат Алдабергенова, Мөлдір Серікқызы, сондай-ақ ақылы негізде спортшылар қатысады. Халықаралық федерация рапидтен сегіз ақтөбелік спортшыға тегін қатысуға рұқсат берді, — дейді бас төреші.

Тәлімгер «үйде» ойнаудың да өз кедергілері  бар екенін айтады.

Егер біз басқа қалада ойнайтын болсақ, барлық команда болып бір қонақүйде жиналамыз. Ол бізге бірге дайындалуға мүмкіндік береді, — дейді ол.

Бауыржан Төлегеновтың болжамы бойынша, қазақстандық құраманың басты қарсыластары — қырғыз және моңғол командалары болмақ.

Германиядан келетін екі спортшы да — мықты қарсыластар. КСРО тұсында Қазақстанның солтүстік және орталық аймақтарынан көшіп кеткен немістер тоғызқұмалақты жақсы ойнайтын. Кейін бұл ойын өз елдерінде танымал бола бастады. Бір неміс ойыншысының 2015 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында жүлдегер атанғаны есімде,— дейді бас төреші.

Ақтөбеге алғаш келетін спортшылардың қатарында колумбиялық Оскар Фахардо (Oscar Fajardo) бар. Айта кету керек, ол біздің елімізде өткізіліп жүрген чемпионаттың біреуінен де шет қалмады. Тоғызқұмалақты өз Отанында бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау арқылы атын танытып жүр. Одан бөлек Антигуа мен Барбудтан (Африка континенті) өкілдер келуі мүмкін.

Жыл сайын Чехияда Дүниежүзілік зияткерлік ойындар фестивалі өтеді. Бір жылдары африкалықтар өздерінің ұлттық «Обару» атты ойынын әкелген еді, сол кезде олар біздің тоғызқұмалаққа қызығушылық танытты, — деді бас төреші Бауыржан Төлегенов.

Ақтөбенің анықтамасы

I Әлем чемпионаты — 2010 жылы Астана қаласында өтті. Сайысқа 19 елден 43 спортшы жиналды. Классика түрінен әлемнің алғашқы чемпиондары Ғалымжан Темірбаев пен Әсел Далиева болды.

II Әлем чемпионаты — 2012 жылы Чехияның Пардубице қаласында өтті. Оған 10 мемлекеттен 47 спортшы қатысты. Алдыңғы жылғы ойыннан айырмашылығы, ойын үш түрде өтті — классикалық, рапид және блиц. Рапидте Серік Ақтаев пен Диана Кенина жеңіске жетті.

ІІІ Әлем чемпионаты — 2015 жылы Алматы қаласында өтті. Оған әлемнің әр елінен 23 команда келді.

IV Әлем чемпионаты — 2017 жылы Астана қаласында өтті. Әлемнің 25 елінен 70 спортшы қатысты. Ойыншылар жеке және командалық (блиц) есепте жарысты. Нәтижесінде Серік Ақтаев пен Әсел Далиева чемпион атанды.

V Әлем чемпионаты — 2019 жылы Антальяда (Түркия) өтті. Оған 16 елден 100 спортшы қатысты.

Спорт мектебіне — 20 жыл

Қазір елімізде тоғызқұмалақ ойнайтындар саны 200 мыңнан асты, оның тоғыз мыңы — кәсіби спортшы. Жыл сайынғы ұлттық деңгейдегі додаларға екі мыңнан астам, аймақтардағы жарыстарға 9000-ға жуық кәсіби спортшы қатысады.

Қазіргі таңда тоғызқұмалаққа ден қойғандарың басым бөлігі – жастар. Ресми деректер бойынша, мектеп жасындағы 190 мың бала тоғызқұмалақ ойнайды. Мектептерде 10 мыңнан астам үйірме бар. Спорт мектептеріндегі 127 тоғызқұмалақ бөлімшесінде 300-ден астам жаттықтырушы жұмыс істейді.

Ақтөбе облысында үстел ойынын жүйелеу мен насихаттаудың бастауында марқұм Қабидолла Нұршин тұрды. Ол спорт мектебінде тоғызқұмалақ бөлімшесінің негізін қалап, қоғамдық негізде дамытқан. 2002 жылы Ақтөбеде зияткерлік спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі ашылып,  оның ішінде тоғызқұмалақ, шахмат және дойбы ойынын үйренуді бастады. Бес жылдан кейін сол мектепте тәрбиеленген Гүлзат Бақтарбаева Қазақстан Республикасының алғашқы спорт шебері атанды. 2018 жылы мектепке «мамандандырылған» деген мәртебе берілді.

Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің басшысы Жанар Сағызбаева соңғы төрт жылда республикалық, халықаралық старттарда, Азия және әлем чемпионаттарына қатысып жүрген спортшылардың нәтижелерімен бөлісті.

2002 жылдан бері мұнда 400-ден астам 1-разрядты спортшы, 73 спорт шеберінің кандидаты, 23 спорт шебері және 8 халықаралық шебер тәрбиеленді. Ақтөбеліктер ресми чемпионаттар мен халықаралық турнирлерге қатысып, 900-ден астам медаль жеңіп алды.

Біз осыған дейін бірнеше маңызды турнирлер өткіздік. Яғни бізде тәжірибе бар. Мысалы, 2019 жылдың қыркүйек айында Ақтөбеде алғаш рет «Владимир Дворкович Кубогы» ұлдар мен қыздар арасындағы беделді шахмат турнирлерінің бірі өтті. Жарысқа Еуропа, Америка, Азия, Африка елдерінен әлемнің үздік 10 командасы қатысты. Сол жылы Қазақстан төртінші орынға ие болды. 2021 жылы Өнер орталығында ерлер мен әйелдер арасында шахматтан Қазақстан Республикасы Жеке чемпионатының жартылай финалдық ойындары өтті. Сондай-ақ былтыр маусым айында «Владимир Дворкович мемориалы – Aktobe Open-2022» халықаралық шахмат фестивалі өтті, оған еліміздің барлық өңірінен, сондай-ақ Өзбекстан, Ресей, Украина, Грузия және Оңтүстік Кореядан спортшылар жиналды. Турнирге 11 халықаралық гроссмейстер, 21 халықаралық шебер қатысты, — дейді спорт мектебінің директоры Жанар Сағызбаева.

2021 жылдың желтоқсанында Ақтөбеде тоғызқұмалақтан ересектер, жастар және жасөспірімдер арасында V жеке Азия чемпионаты өтті. Оған 12 елдің спортшылары қатысты. Қазақстан құрамасының құрамында Диана Кенина, Нұрбек Қабиев, Аманбек Меңдірбаев, Мөлдір Серікқызы, Гүлжанат Алдабергенова, Алмас Тілегенов және Азамат Қайдаров бар.

Осы жылы Орал қаласында ерлер арасында өткен командалық чемпионатта ақтөбеліктер классикада жеңімпаз атанса, блицте екінші орын алды. Диас Жанбау мен Алмас Тілегенов чемпионаттан басқа ҚР спорт шеберінің нормативтерін орындап, ұлттық құрамаға қабылданды.

Ақтөбе өңірлер рейтингінде көш бастап тұр. Қазір бізде 20-дан астам спорт шебері мен 6 халықаралық спортшы бар, 2020-2021 жыл қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы тоғызқұмалақтан «Ең үздік жергілікті федерация» болып танылды.

Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ спорты Федерациясының шешімімен 2020-2021 жыл қорытындысы бойынша «Ең үздік  жергілікті федерация»  номинациясына Ақтөбе облысы ие болды.

Чемпионат —  біз үшін айтулы мереке

Әсел ДАЛИЕВА, 33 жаста, Түркістан облысы. ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, 9 дүркін әлем чемпионы, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

Тоғызқұмалақты 10 жасымнан ойнай бастадым. Мен әйелдер арасындағы жалғыз еңбек сіңірген спорт шеберімін. Оған қарамастан мен әр чемпионатқа мұқият дайындаламын. Осы ойын тартысты өтеді деп ойлаймын, себебі Ақтөбеге ең үздік ойыншылар жиналайын деп жатыр. Бір ай бұрын оқу-жаттығу жиындары өткізілді, арнайы ойын техникаларын дайындап жатырмыз. Мен жаттықтырушы ретінде спортшыларды даярлаймын. Мысалы, менің бір оқушым екі рет әлем біріншілігінде жеңіске жетті. Біз бәріміз жеңістен үміттіміз, бірақ жеңіс оңай келмейтінін түсінемін. Классикадан басты қарсыласымыз — қарағандылық Ансаған Қожанасипа. Ең жоғары деңгейде өнер көрсететін Қырғыз елінен келетін екі спортшы бар. Чехия мен Латвиядан келетін спортшылар да — осал емес.

Чемпионат біз үшін мереке деп айта аламын. Пандемияға байланысты үш жылға созылған үзілістің ішінде тақтадағы қарсыласты сағынып қалыппыз.

Ақтөбелік әріптестеріме сәттілік тілеймін. Олардың керемет нәтиже көрсететініне сенімдімін. Сондай-ақ Ақтөбе облысы кез келген көлемдегі форумдарды өткізе алатынын білеміз.

Үстел ойындарын жақсы көремін

Хана КОТИНОВА (Hana Kotinova), 44 жаста, Чехия. Тоғызқұмалақтан барлық әлем чемпионатының қатысушысы. Үздік нәтижесі — жеке есепте 5-орын, командалық есепте 4-орын. Сондай-ақ манкаладан 2019 жылы өткен Әлем чемпионатында III орын және оваре (Oware) ойыны бойынша Еуропа Чемпионатында II орын алған.

Кішкентай кезімнен үстел ойындарын жақсы көремін. Оны әрқашан ақыл-ойды жаттықтырудың жақсы құралы деп санаймын. 20 жасымнан бастап иди және отелло ойындарынан турнирлерге қатыса бастадым.

Әйгілі Чех жазушысы Милоша Заплеталдың 1986 жылы жарық көрген кітабы арқылы тоғызқұмалақ ойынымен таныстым. Оқығаннан кейін ойынға деген қызығушылығым оянып, 2006 жылдан бастап осы спорт түрінен турнирлер ұйымдастыра бастадым. Қазір мен онлайн ойындарға арналған сайт жасап жатырмын, алдағы уақытта бұл туралы кітап жазғым келеді. Одан бөлек баоға да, тоғызқұмалаққа да жарамды әмбебап магниттік манкала тақтасын 3D принтермен жасадым.

15 жылдан бері таныспын

Оскар ФАХАРДО (Оскар Фаджардо), 53 жаста, Колумбия:

Мен тоғызқұмалақпен 2007 жылдан бері таныспын. Менде Кали қаласында өткен world games көрмесіне арнайы жасалған тақтам болды. Тоғызқұмалақтан алғашқы жарысқа Алматыда өткен III Әлем чемпионатына бардым.

Тоғызқұмалақтан үш әлем чемпионатына: Алматыда, Астанада, Анталияда және Қырғызстанда 2016 және 2018 жылдары өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қатыстым. Менің ең жақсы нәтижелерімнің бірі 2018 жылғы әлем чемпионатында классикадан 7-орынға жайғасқаным.

Шайқасқа дайынмын

Медет Құсайынов, ҚР ХСМК, 31 жаста, Ақтөбе. Жастар мен ересектер арасында ҚР-ның бірнеше дүркін чемпионы, Азия, ҚР Кубогының иегері, бірқатар беделді халықаралық турнирдің жеңімпазы:

Мен блицте ойнаймын. Ойын жоғары деңгейде өтеді деп ойлаймын. Жалпы, чемпионатқа ең мықтылар ғана барады, тартысты ойын болғалы тұр. Дегенмен жеңіске өз отандасым, ел чемпионы және Азия кубогының иегері Әсет Қайыржановты лайықты деп санаймын. Сондай-ақ халықаралық шебер, Азия чемпионы, Қырғызстанның 12 дүркін чемпионы Анарбек Жамақеев, Азия және әлем чемпионы Марлес Дулатбек, Моңғолиядан келген Азия чемпионатының жүлдегері Ардабұлан Шындәулет келеді.                               

 Насиба ЗАРЛЫҚОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button