Тарих

Сауыншының еңбегі

Бұдан 90 жыл бұрын құрылған облыс тарихын жазу барысында осы уақыт ішінде халықтың тұрмысының, дала келбетінің қалай өзгергеніне де көңіл бөліп келеміз. Өткен ғасырдың 20-30 жылдарында кеңес өкіметі қазақты жаппай отырықшыландырып, дәстүрлі көшпенді шаруашылығын күшпен күйреткені белгілі. Ал халықты біржола отырықшылыққа көшіргеннен кейін, мыңдаған жылдар бойы далаға «бауыр басқан» жылқы, түйе малын да жымысқы түрде бірте-бірте азайта бастағанын көреміз. Сүт-тауарлы шаруашылықтарда бастапқыда жылқы, түйе, қой басы көбірек, ал сиыр аз болса, кейіннен сиырдың саны көбейе берген екен.

Бұрынғы халықтың күнделікті тұрмысындағы түйе және қой сүті өнімдері, қымыз өндіру бірте-бірте ұмытылып, сиыр сүті жаппай қолданысқа енгізілген. Кеңес заманының кейінгі онжылдықтарындағы сүт өндірісіне қатысты деректертек бірыңғай сиыр сүтіне ғана негізделгендей әсер қалдырады.

26 май зауыты

Ақтөбе «Маслопром» тресінің  бас инженері Е.Грядицкий 1935 жылы облыста 36 май зауыты болғанын жазыпты. Оның үшеуі сол уақыттағы жылқы күші қолданылатын машинамен қамтылса, қалғандарында май қолдан өндірілген. 1938 жылы 4 зауытқа моторландырылған жаңа техника алынса, ал жылқы күші қолданылатын машинамен қамтылған зауыттар саны да 4-ке жеткізілген. 1939 жылы облыста майды қолмен өндіретін зауыттар санын үшеуге дейін қысқарту жоспарланыпты.

1935 жылы облыста өндірілген майдың орташа құнарлылығы 83,5 пайыз болса, 1938 жылы бұл көрсеткіш 87,7 пайыз деп көрсетіліпті. Ал сүттің қаймағын пастерлеу 12 пайыздан 95 пайызға дейін жеткізілген. Дегенмен 1938 жылы «Маслопром» еңбеккерлері өз міндеттемелерін толықтай орындай алмаған. Мұның себебі де көрсетілген: бұл — сол кездегі шаруашылықтардағы түрлі өзгерістер, қайта құрылымдаулар салдарынан қажетті шикізаттың (яғни, сүт) тиісті мөлшерде уақтылы жеткізілмеуі.

1938 жылы треске қарасты зауыттар саны да қысқарып, 17 зауыт қалыпты. Оларды жабдықтау үшін 150 мың сом қаржы жұмсалған. Жақын жылдары 6 зауытты моторландырылған техникамен қамту көзделген. Тиісті мамандармен қамту мәселесі де көтеріліп, сол жылы 27 адам арнайы курста оқыған, тағы 160 адамды оқыту жоспарланыпты.

Осы жүйеде барлығы 470 адам еңбек етіпті. Оның 15-і — стахановшы, 54-і екпінділер қатарында болған. Стахановшылардың ішінде Садық Қуандықов, А.Богомолов, Овчаренколар ерекше мақтаулы болыпты.

Сиырынан түйесі көп еді

Мысалы, 1934 жылы Темір ауданы «Қопа» колхозының түрлі фермаларында 37 түйе, 14 сиыр, 90 жылқы болған. Ал 1939 жылы осы малдың саны өсіп, түйе 97 бас, жылқының саны 395-ке жетсе, сиырдың саны 197-ге жетеді. Бұл жерде халықтан «басы артық» сиырдың сатып алынғаны да айтылады.

Қазақты күшпен отырықшыландыруды көздеген Голощекиннің лаңынан кейін даладағы мал басы да жуық арада орны толмастай болып кемігені белгілі. Осыдан кейін басшы қызметтегі Тұрар Рысқұлов, Ұзақбай Құлымбетовтер мал шығынын қалпына келтіріп, түйе шаруашылығын қайта өркендету үшін Тел Жаманмұрыновты арнайы Моңғолияға жіберіп, 8 мың түйе алдырғаны белгілі. Тел Жаманмұрыновбұл сапарда 1936 жылдың күзінде кеткеннен, 8 ай жүрген екен. Алайда көп ұзамай сталиндік режим халқымыздың жоғарыда аталған қайраткер перзенттерін біржола жоқ қылып тынды…

Ал 40-жылдардың басынан (әрине, әңгіме ХХ ғасыр туралы екені түсінікті) бастап, бәлкім, өкімет саясатының ықпалы болды ма, халық та күнделікті ағарған үшін түйеден гөрі, сиыр асырауға көшкен. Белгілі ақын Өтежан Нұрғалиевтің қарындасы Назым апа өзінің естелігінде: «…Соғыстың басталғанына 3-4 ай болған шақ. Ер-азамат бірінен соң бірі майданға алынып, олардың орнын басқан әйелдер жағы үнемі түзде жүреді. Әкем де бір күні соғысқа аттанатынын айтып, бізді әжеме қайта-қайта тапсыра берген. Анасына ол «ақсақал» деп сөйлейді екен, бұл, сірә, оны қатты сыйлағандығының белгісі болса керек. Мен туған соң көп ұзамай, «Түйенің сүті бір жыл бар да, келер жылы жоқ, шиеттей балаларды немен асырайсыңдар? Сендерге керегі — сиыр малы» — деп, әкем қолындағы жиған-тергенін алып, ретін тауып, Орынбор жағына жол жүреді. Сол сапарында екі сиыр, тай-тай мата әкеліпті. Ондағысы — өзі кеткенде артында қалатын бала-шағаның қамы. Расында, ол майданға аттанған соң, қолдағы түйені «колхоздың малы» деп алып кетіп, сол сиырлар бір үйлі жанның қорегіне айналыпты», — дейді.

1987 жылы қазан төңкерісінен кейінгі 70 жыл ішіндегі облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жинақталған кітапша шыққан. Мұнда 40-80жылдар аралығындағы мал басының өсіміне қатысты көрсеткіштер де бар: сиырдың саны екі еседей өсіп, 1940 жылдың соңында облыста 226,8 мың сиыр болған болса, 1980 жылы 484,8 мыңға жеткен. Ал 1986 жылы 538,5 мың болған. 1950 жылы 9,6 мың болған «талпақ танаудың» саны 1986 жылы 103,2 мың деп көрсетілген. Қой саны да едәуір өскен. Жылқы басы 50-60 жылдары кеміп барып, 70-жылдардан бастап аздап болса да, қайта өсуге көшкен. Ал Ойсылқара түлігі тізімге мүлде енгізілмепті?..

Айта кетейік, тәуелсіздік алған жылы өңірімізде 6,2 мың бас түйе болса, 30 жыл ішінде ол 2,9 есе өсіп, 17,8 мың басқа жетіп отыр.

Қымыз жоғалды…

Бұрын қазақтардың қой сүтін де пайдаланғаны белгілі, ал кеңестік заманда бұл мүлде дерлік ұмытылды. Қой сүтінің майлылығы өте жоғары — 6 пайызға дейін жетеді, ақуызға да бай, құнарлы болып келеді, сондықтан тым қою болған жағдайда, қой сүтіне аздап су қосылатын болған.Халқымызда «Сүтке су қоссаң, сүмесін болады, сөзге сөз қоссаң, сүйесін болады» деген сөз содан қалған екен.

Сондай-ақ 50-60жылдардың ішінде шұбат, қымыз өндіру мен сату көлемінің бірте-бірте азайып, әсіресе кенттер мен қалаларда мүлде көрінбеуге айналғаны жөнінде бірер дабыл қағылғанымен, оның соңы аяқсыз қалған.

Деректерде өткен ғасырдың 40-50 жылдарында облыс бойынша сауылған сүттің жалпы көлемі көрсетілмейді. Ал 1960 жылы 120,5 мың тонна сүт сауылса, 1975 жылы бұл көрсеткіш 192 мың тоннаға жеткен.

1940 жылы мемлекет қорына 20 мың тонна сүт және сүт өнімдері сатып алынса, 1960 жылы бұл көрсеткіш екі есе дерлік өсіп, 39 мың тоннаға жақындаған. Ал 1975 жылы облыста 63,6 мың тонна сүт және сүт өнімдері сатып алынған екен.

Сүт өнімдерінің өзі екіге бөлінетіні белгілі: қаймағы алынбаған сүт өнімдері және қышқыл сүт өнімдері. 1981-1986 жылдар аралығында облыста қаймағы алынбаған сүт өнімдері өндірісінің көлемі 30 мың тоннадан 39,4 мың тоннаға дейін өскен.

Бір отбасынан — үш сауыншы

…кеңестік заманның жақсы жақтары да айтылады, соның бірі — қарапайым еңбек адамының тұрмысын түзеп бере алмағанымен, көңілін тоқ етіп, абыройын асқақтатқаны. 1948-1991 жылдар аралығында облысымыздан 100-ден астам Социалистік Еңбек Ері шыққан болса, солардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласының қарапайым еңбеккерлері еді. 1966 жылы Новоресей ауданындағы Чапаев атындағы колхоздың сауыншысы Лидия Клименко де Социалистік Еңбек Ері атанып, сол кездегі ең жоғары мемлекеттік наградаға ие болған екен.

Сауыншыға сиыр сауумен қатар, бұзауларды асырап, өсіру міндеті де жүктелген. Мысалы, 1938 жылы облыстың сол кездегі мақтаулы еңбеккерлерінің бірі — «Красноармеец» колхозының сауыншысы Кушнир (аты көрсетілмеген) өзіне бекітілген 10 сиырдан 16740 литр сүт сауып, 10 бұзаудың әрқайсысын тәулігіне, орта есеппен, 545 грамға семіртіп отырған.

Сондай-ақ әр жылдары облыста Степной ауданының сауыншысы Полина Коваленко, Мәртөк ауданы «Социализм» колхозының сауыншысы Зинаида Кошелева, Алға ауданы «Коммунист» колхозының сауыншысы Күләш Сәкенова, Ленин ауданы «Красное поле» колхозының сауыншысы Валентина Пархоменко, Новоресей ауданы «Искра» колхозының сауыншылары — Орынбике Өтешова мен Қадиша Қайруллина, Алға ауданы «Тамды» совхозының сауыншысы Талан Ескелдина және басқа да көптеген озаттардың есімі мақтанышпен айтылды.

1985 жылы облыстық «Коммунизм жолы» газетінің 13 желтоқсан күнгі санына Алға ауданының «Красный колос» колхозының озат сауыншысы Р.Салахутдинова туралы шағын мақала шығыпты. «Бір семьядан — үш сауыншы» атты мақаланың авторы — Ж.Тұрмағамбетова. Мұнда: «Тауарлы-сүт фермасының озат сауыншысы Р.Салахутдинова көп жылдан бері жарыс көшін бастап келеді. Ол — аудандағы жүлдегер сауыншылардың бірі. Қазір фермада оның өзімен бірге қыздары Рита мен Наташа да еңбек етеді. Озат сауыншы өз тәжірибесін қыздарына жалықпай үйретеді. Соның нәтижесінде олар бесжылдық тапсырмасын асыра орындап, бұл күндері он екінші бесжылдықтың есебіне еңбек етуде», — делінген.

Тарих беттерін парақтаған И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button