Спорт

Атбегі Шыңғысханның арманы

Қазақ пен жылқы — егіз ұғым. Қай кезде де «ат құлағында ойнайтын» жігіттер аз болмаған. Дей тұрғанмен желтабан жүйріктермен бірге жарысқа қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп жүргендер соншалықты көп емес. Солардың арасында аударыспақтан елімізді айтпағанда, Азиячемпионатында жеңімпаз атанған ақтөбелік Шыңғысхан Ержанов та бар.Қазіргі таңда ол — Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, өңірдегі ат спорты мектебінде жаттықтырушы.

Біз Қамбар ата тұқымысенімді серігіне айналған жерлесімізбен кездесіп, шабандоздардың тыныс-тіршілігі жөнінде білген едік…

Қанмен сіңген қасиет

Ат төбеліндей қазақ, әсіресе ауылдағы халық ертеден жылқы жануарына етене жақын екені белгілі. Темір ауданында туған біздің кейіпкеріміз Шыңғысханныңда қаршадайынан сәйгүлікке деген ықыласы бөлек. Бірақ ата-анасы «одан да сабағыңды оқы» деп,бұл спорт түрімен айналысуына қарсы болыпты. «Бұйырған кетпейді» демекші, мектеп бітірген соң Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжіне оқуға түскен бозбаланың сүйікті ісі қайтадан «алдынан шығады».

— Колледжде менімен бірге оқитын Азамат деген жігіттің ат спорты мектебіне баратынын біліп, бала кездегі қызығушылығым одан сайын артты. Бұл бізге, қазақ халқына қанмен сіңген қасиет болса керек. Әрі ат спорты мектебіне бару ақысыз екен. Содан 2012 жылдың соңынан бері ат спортымен кәсіби түрде айналыса бастадым. Атқа қалай дұрыс мініп, шабу керек, бұның қыр-сырын ұстазым Нұрлан Додайдан үйрендім. Ынтамды байқап, алдағы өмірімді осы ұлттық  спортпен байланыстыратынымды түсінген әке-шешем де көп ұзамай батасын берді, — деген Шыңғысханның бүгінге дейін спорттағы жетістіктері бірталай.Ол — аударыспақтан Қазақстанның 6 дүркін чемпионы, Азия чемпионатының жеңімпазы, сондай-ақ биыл Татарстанда өткен дүниежүзілік додада осы ойын түрінен алтын медаль тағынған. 27 жастағы жігіт әлі де Азия және әлем чемпионаттарында атой салуды армандайды. Сол мақсатта жаттығуын бір күнге де үзген емес.

АЙТПАҚШЫ…

Облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде ат спорты, қазақ күресі және тоғызқұмалақ секциялары жұмыс істейді. Соның ішінде қылқұйрықты жануарды баптайтын жаттықтырушылардың саны — 24. Қазіргі кезде барлығы 500-ге тарта құлыншақ осы спорт мектебіне барып жүр.

— Ат спорты бойынша балаларға аптасына 4 сабақтан өтеді. Әрқайсысының ұзақтығы — 1,5 сағат. Секцияға қатысу ақысыз, тек игеріп кетсе болғаны. Ал жас мөлшеріне тоқталсам, атқа мінетіндер 12-15 жас аралығында болуы керек, — дейді жоғарыда аталған спорт мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Абат Аймағанбетов.

Әкімшілік ғимарат, күрес залы, 2 арнайы алаң (жабық манеж) мен 2 ат қорасы бар спорт мектебінің материалдық-техникалық базасы барлық талаптарға сай келеді.

Бүгінгі таңда мұнда барлығы 40 Қамбар ата тұқымы шауып жүр.

Қызығы мен қаупі

Шабандоздың жаттығуының өзі үлкен қажыр-қайратты қажет етеді. Бұл туралы спортшы:

— Шүкір, қазірдің өзінде жетістіктерім аз емес. Әйткенмен бір орында қалуға болмайды, әрдайым шеберлікті шыңдап отыру керек. Сол үшін күнделікті спорттық жаттығулар жасаймын. Бассейнге де үзбей бару маңызды.

Шындап кіріссе, адамға аттың үстінде жақсы шауып үйрену үшін 1-2 апта жеткілікті. Ең бастысы, ептілік пен қызығушылық керек. Ал көңілі аумаған, бұған бейімі жоқ адам жылдап келсе де меңгере алмайды. Соның ішінде аударыспақ — күрделі спорттық ойын. Айрықша сабырды былай қойғанда, күресе білуің шарт. Астындағы атың әлсіз болса да, жеңіліске ұшырауың бек мүмкін.  Сондықтан бұл — жан-жақтылықты талап ететін ұлттық спорттың түрі. Өзіне тән қаупі де бар.

…Әлі есімде, спорт мектебіне алғаш келіп жүргенде оқыс оқиғаға тап болғанмын. Кезекті жаттығу кезінде ойда жоқта қолым тайып кетіп, аттан құлап қалғаным бар. Аяғым үзеңгіде қалды. Әлдебір нәрсеге үркіп қалған жылқы мені сол күйі жүз метр жерге дейін сүйрей жөнелмесі бар ма? Қас қылғанда үзеңгіден шығара алар емеспін… Салдарынан миым шайқалып, бірнеше қабырғам сынды. Сөйтіп ауруханадан бір шыққанмын. Ата-анам осы жағдайдан кейін ат спортымен айналысуыма үзілді-кесілді қарсылық танытты. Онымен «ат айналып қазығын табады» дегендей, бәрібір 1-2 айдан соң сүйікті ісіме оралдым… Ең ауыр жарақатым — осы. Ал қол-аяқ сындыру қалыпты нәрсеге айналып кеткелі қашан (күліп). Ондай кезде бірден сынықшыға баруды әдетке айналдырдым. Қанша жерден тәжірибелі атбегі болсам да үйдегілер әлі күнге алаңдайды, — деп ағынан жарылды аударыспақтан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Бұл спорт түрінің денсаулықты мықты етіп, адамның бүкіл бұлшық етінің «жұмыс істететінін» айтпағанда, табысы да жақсы. Сұхбаттасушымыздан сыр суыртпақтағанымызда, бұған қатысты төмендегідей жауабын алдық: «Ат спорты бойынша ұйымдастырылатын жарыстардың жүлде қоры қомақты деуге болады. Мысалы, Қазақстан чемпионатында жақсы нәтиже көрсетсек, кемінде жүз мың теңгеден аламыз. Ал Азия чемпионатындағыжеңімпаздың сыйақы мөлшері — 1 миллион теңге».

«Ат тұяғын тай басар»

Қазіргі уақытта Шыңғысхан — аударыспақтан аға жаттықтырушы. Өзі тәлім алған Ақтөбе қаласының іргесіндегі облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 2016 жылдан бері жұмыс істейді. Шәкірттері бірталай.

— Бір жақсысы, біздің спорт мектебінде барлық секциялар тегін. Үкіметтік қолдау бар. Болашақта мықты шабандоз болғысы келетін ер балалар көп.

Шәкірттерімнің арасында ел біріншілігінде чемпион болғандар бар. Балтабек Төребек, Рамазан Халел, Арыстанбек Бату, Әділжан Жаналин, Әлішер Сәлімжандарды ерекше атап өткім келеді. Олар — болашағынан үлкен үміт күттіретін жігіттер. Өзім ғана емес, оқушыларым да биік белестен көрінсе деп тілеймін.

Осы орайда негізгі мәселемізге тоқталсам — спорт мектебінде жылқы жетіспейді. Айталық, ат спортының өзінде бірнеше ойын түрі бар: көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату. Бұлардың барлығына әртүрлі тұлпарлар керек. Аударыспаққа епті сәйгүлік басқа ойынға жарамауы мүмкін.Ал бізде жануарлардың аздығынан ешқайсысынбөліп-жара бермейміз, басты қиындық сол. Осы жағынан билік тарапынан қолдау болса, жақсы болар еді, — деп сыр ақтарды Ш.Ержанов.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Аударыспақ — спортшыдан үлкен ептілікті, күшті, төзіммен батылдықты талап ететін ұлттық спорттың бір түрі (екі салт атты бір-бірін аттан аударып алуға тырысады).

Аударыспаққа тәртіп бойынша ат үстіндегі айқасты жақсы меңгерген, тиянақты дайындығы бар спортшылар ғана қатыса алады. Ал әзірлігі жеткіліксіз, тәжірибесі аз спортшылар үшін бұл өте қиын. Сондықтан қазіргі тәртіп бойынша сайысқа 18 жасқа толғандар ғана жіберіледі. Қатысушылар өзара салмақдәрежесіне бөлінеді. Ондағы мақсат — жігіттерге неғұрлым тең жағдай жасау.

Ойында аты белді, жарамды, өзі мықты, отырысы мығым, білікті жігіттер жеңіп шығады. 

Атбегі арғымақтары туралы да ұзақ әңгімелеуге әзір. Кейіпкеріміз додаларға әдетте 777 атты кермиық жануармен аттанатынын, оның өте ақылды әрі «мінезі» жақсы екенін айтты. Ал өзінің иелегінде Береке мен Алтын деген жылқылары бар екен. «Әрқайсысының бағасы 500 мың теңгеден асады. Құлын кезінен бақтым. Таза қанды, Ресейден алдыртқан «достарым» келешекте талай аламанда қанжығамды майлайтынына үмітім зор», — деп ой бөлісті ұлттық спортты ұлықтаған жігіт.

Оның қолы қалт еткенде немен айналысатынын сұрағанымызда, өзінің сүйікті ісі һәм қызметінен алыстамайтынын білдік. Бұл туралы елгезек Шыңғысхан:

Бос уақытымда іс тігемін. Аттың ер-тұрманын, тоқымын, тартпа мен жабуларын тігемін. Қосымша табыс көзі болатын әрі сүйікті жұмысыммен байланысты кәсібім өзіме ұнайды, — деді.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button