Жаңалықтар

Ералы Тоғжанов Ақтөбе қаласында өткен «Бір саты жоғары» атты бизнес-форумының спикерлерімен кездесті

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Ақтөбеде өткен «Бір саты жоғары» бизнес-форумының ұйымдастырушылары және спикерлерімен кездесу өткізді.

Кездесуге танымал кәсіпкерлер, коучтар мен қоғамдық пікір көшбасшылары, соның ішінде Асхат Нұрмашев, Шамиль Аляутдинов, Аслан Жұмабаев, Тимур Құдайбергенов және тағы басқалары бар.

Облыс әкімі оларға форумды ұйымдастырып, қолдау білдіріп, белсене қатысқандары үшін алғысын білдірді. Айта кету керек, бизнес-форумға облыс әкімдігінің қолдауымен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары санатына жатқызылатын 70-ке жуық адам, оның ішінде өз ісін бастағысы келетін немесе дамытуға ынталы көпбалалы аналар тегін қатысты.

«Мұндай оқыту бірреттік іс-шара болмауы тиіс, өңірдегі тұрғындарды көптеп қамту үшін мүмкіндігінше жүйелі негізде өткізіп отыру қажет», – деп атап өтті кездесу барысында Ералы Тоғжанов.

Облыс әкімі өңірде кәсіпкерлікті дамытуға нақты шаралар қабылданғанын, оған үлкен қолдау көрсетіліп жатқанын алға тартты. Тұрақты қолдаудың арқасында бүгінде тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 86 мыңға жетті, осы салада 166 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Кәсіпкерлікті дамыту арқылы ауыл халқының табысын арттыру мақсатында ауылда «Ауыл аманаты» ауқымды жобасы басталды.

Жобаға 24 ауылдық округтің тұрғындары қатысады. Олар құс, өсімдік шаруашылығын дамыту, кооперативтерді жарақтандыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша шағын және орта бизнес ашу және дамыту бағытында жалпы сомасы 3 млрд теңгеге 2770-тен астам жоба жүзеге асырады. Сондай-ақ, мал шаруашылығымен айналысуға ниетті ауыл тұрғындарына ақшалай несиеден бөлек, ірі ауылшаруашылық тауар өндірушілері есебінен 6 мыңға жуық мал беріледі. «Ауыл аманатын» іске асыру ауылдарда жаңа жұмыс орындарының ашылуына, шағын бизнестің дамуына және азық-түлік қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуіне мүмкіндік береді. Айта кету керек, «Ауыл аманаты» жобасында қаражат беру тетігі барынша жеңілдетілген.

Жоба қатысушылары үйлерін кепілдікке қойып, небәрі 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие ала алады. Нәтижесінде оған қатысып жатқан елді мекендердегі жұмыссыздық деңгейі 41,4 пайызға төмендейді деп болжануда.

Белгілі діни қоғам қайраткері, бизнес пен қаржы туралы кітаптардың авторы Ресей Федерациясынан келген Шамиль Аляутдинов аталған жобаға деген таң қалысын жасырмады.

«Мен қандай аудиторияда семинар өткізсем де, тіпті Нью-Йорктің өзінде қазақстандық тыңдаушылардың үлесі басым болады. Ал егер посткеңестік кеңістікті алар болсақ, қазақстандықтар — ең белсенді, отансүйгіш халық. Егер осы бағытта сіз айтып отырған жобаны аяғына дейін жеткізу мүмкін болса, нәтижесі сөзсіз тамаша боларына сенімдімін», — деді Ш. Аляутдинов.

Кездесу барысында кәсіпкерлік пен креативті индустрияны дамытудың, жастарды және жалпы қоғамды рухани-адамгершілікке тәрбиелеудің өзекті мәселелері де талқыланды.

Кездесуге қатысушылар облыс әкіміне алғыс айтып, алдағы уақытта өңірде кәсіпкерлікті дамыту бағытында бірлесе жұмыс атқаратындарына сенім білдірді.

Н.ДАБЫЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button