Спорт

Атақты шопанның құрметіне арналды

Турнир

Жуырда ойылдық атақты шопан, Социалистік Еңбек Ері Қуаныш Ержановтың туғанына 110 жыл толуына орай, оның туған жерінде 2010-2012 жылғы туған жасөспірімдер арасында еркін күрестен облыстық ашық турнир өтті.

Турнирдің ашылу салтанатына Қуаныш Ержановтың ұрпақтары, ауыл ақсақалдары қатысты. Ұрпақтары атынан сөз алған Нұрлан Ержанов ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев палуандарға сәттілік тіледі.

Шопанның құрметіне ұйымдастырылған турнирге Батыс Қазақстан облысы, Ақтөбе қаласы мен Хромтау, Темір аудандарынан палуандар келді.

Салмақ дәрежелері бойынша белдескен жас спортшылардың арасынан  Әли Жұмабек, Ермұхамбет Смағұл, Нұрасыл Әміров, Ақниет Шыңғу, Арсен Асқар, Ислам Есентүгел, Дәулет Бітімбаев, Ердәулет Бақытжанов, Самұрат Жалғасов, Нұрсұлтан Жұбатқандар шебер күресіп, турнирдің жеңімпазы атанды.

Қуаныш Ержанов ұзақ жылдар бойы Ойыл ауданындағы Шығанақ Берсиев атындағы кеншарда аға шопан болып еңбек еткен. Қазақстан Компартиясының ІХ, Х, ХІІ және Кеңес Одағы Комунистік Партиясының ХХІІІ съезіне делегат болған. Социалистік Еңбек Ері, «Алтын жұлдыз» медалімен, екі мәрте «Ленин» орденімен, «Еңбек Қызыл ту», «Октябрь революциясы», ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,

Ойыл ауданы,

 Құмжарған ауылы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button