Мәдениет

Жүрекпен көрген әлемім

Өнер

1745 жылдың 13 қарашасында Франция жерінде белгілі педагог, Париж және Петербург қалаларында зағиптарға арналған бірнеше мектеп ашушы Валинтин Гаюи дүниеге келген. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен Валентин Гаюидің дүниеге келген күні «Халықаралалық зағиптар күні» деп белгіленді. Осы атаулы күнге орай Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және қалалық қазақ зағиптар қоғамы мәдениет үйі «Жүрекпен көрген әлемім» атты өнер-фестивалін ұйымдастырды.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың өздері өмір сүріп жатқан қоғамның толыққанды мүшесі екендігін сезінуіне мүмкіндік жасау, олардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне көмек беру — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.

Көз жанарынан айырылған жандардың өнерін шыңдау мақсатында ұйымдастырылған өнер фестиваліне республикамыздың бірқатар аймағынан өнерпаздар қатысты. Іс-шараның ашылуында қала әкімінің орынбасары Гүлназ Сисенова сөз сөйлеп, мәдениет үйінің жетекшісі Ақыл Жұбандықұлының омырауына «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін тақты, және басқа да өнерпаздарды Алғыс хаттармен марапаттады.

Айтулы күнге арнайы шақырылған Алматы қаласынан «Сәт» триосының мүшесі, әнші Азат Әбілдаев, сентизаторда ойнаушы, өнерлі жас талант Нұрдана  Арғынұлы, Атырау қаласынан «Жас қанат» байқауының жеңімпазы, қоғам мүшесі Смадияр Мырзағалиев өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Кішкентай кезімнен өнерге құштар болып өстім. Көз жанарымнан айырылсам да ән айту маған күш-жігер береді. Өзім қайырымдылық концерттерінен  қалмауға тырысамын. Өнер ұжымдарының басын қосатын игілікті істер саны арта берсін, — деді «Сәт» триосының мүшесі, әнші Азат Әбілдаев.

Зағиптар мәдениет үйінің директоры Манас Көшербаевтың айтуынша, көзі нашар көретін жандарға арналған мәдениет үйінің арнайы ғимараты жоқ. Қазіргі таңда мәдениет үйінің қызметкерлері қаланың ескі бөлігіндегі бір ғимараттың ішіндегі тар бөлмеде жұмыс жасауға мәжбүр. Сондай-ақ маман тапшылығы да байқалады. Атап айтсақ өнер ұжымына әртістік өнер үйрету, концертмейстер, костюмер және әдіскер мамандар қажет.

Мәдени іс-шараға зағиптар мәдениет үйінің жанынан ашылған «Әжелер» тобы, «Қазына» ансамблі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Марат Әйтімов, Нұргүл Рамазанова және Жетесовтер отбасылық-фольклорлық ансамблі, Зағиптар мәдениет үйінің қызметкері Алтыбай Сапарбай қолдау көрсетіп, құлақ құрышын қандырар әндерін тарту етті.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button