Экономика

«Альянс банк» қарыздарын қайтарады

«Альянс банк» отандық банктердің ішінен бірінші болып дағдарыс кезеңінде сыртқы қарыздарының көлемін қайта қарайтынын мәлімдеді. Яғни банк басшылығы ең алдымен ішкі нарыққа көңіл бөлетінін ашық айтуда. Егер қаржылық қиындықтар бәсеңдемейтін болса, алдағы уақытта көптеген отандық және шетелдік қаржылық институттар осы жолды таңдауы мүмкін. Мәселен, әлемдегі барлық банктердің 70 пайызы қазіргі кезде өздерінің сыртқы қарыздарын қайта қарауды жоспарлап отыр.

«Альянс банктің» басқарма төрағасы Мақсат Қабашев ішкі нарықтағы міндеттемелерді толық орындау үшін банк бар назарын ел ішіндегі қалыпты жұмысына аударатынын мәлімдеді. «Біз қазақстандық банк болғандықтан, ең алдымен басқаларға қарағанда өз отандастарымыздың мүддесін биік қоямыз. Сондықтан өз кредиторларымызды келісімге келуге шақырдық», – деді ол банк төңірегіндегі ахуалды түсіндіріп. Мақсат Қабашевтың пікіріне қарағанда, сыртқы қарыздарды қайта қарау – әрі ұтымды, әрі дұрыс шешім. Өйткені еліміздің ішкі нарығында қалған ақша экономикамызды дамытуға жұмыс істейді.

Банк басшылығының ресми мәлімдеуінше, инвесторлармен арадағы келіссөздерге тура үш ай уақыт қажет. Алайда осы кезеңде банк өзінің операциялық қызметін тұрақты жүргізе беретіні жөнінде Қаржылық қадағалау агенттігімен келісім-шартқа қол қойды. Яғни бұдан әрі банк қалыпты жағдайда жұмыс істей береді деген сөз. Себебі еліміздегі ғана емес, ТМД кеңістігіндегі үздік банктердің бірі болып саналатын «Альянс банкі» – ел Үкіметінің дағдарыспен күрес бағдарламасына белсенді қатысушылардың бірі.

Мәселен, «Альянс банк» шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасына бөлінген қаражатты дер уақытында игеруде. 13 сәуірге дейінгі мәлімет бойынша, банк шағын және орта бизнес субъектілерінен түскен жалпы сомасы 4 526 млн. теңгені құрайтын 51 өтініш бойынша оң шешім қабылдаған. Онымен қоса, бұл қаржылық институт ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасын жеделдетуді қолға алуда. Атап айтқанда, тұрғын үй сатып алуға берілетін қарыздарды қайта несиелеуге қабылданатын өтініштер 7-10 күннің ішінде қаралады. Ипотекалық несие алғандарға қатысты тағы бір жағымды жаңалық – бұл бағдарламаның шарттары жеңілдетілді. Мәселен, бұдан былай банктер салымшылардан жылжымайтын мүліктің бағасы және зейнетақы қорындағы қаражаттары туралы ақпаратты талап етпейді.

Шағын және орта бизнесті, АӨК-ні қаржыландырумен қатар «Альянс банк» студенттерге несие беру бағдарламасына да өзінше үлес қосуда. Соңғы кездегі мәліметтер бойынша, осы бағдарламаға қатысты еліміздің аймақтарындағы 3 853 адам кеңес алған. Соның ішінде, банк 312 студенттен несие алуға өтініш қабылдапты, тағы да 639 студент құжаттарын жинау үстінде екен. Алдын ала жасалған болжам бойынша, мемлекеттік бағдарлама арқылы Қазақстандағы 2 743-ке жуық студенттің несие алуға мүмкіндігі бар. 14 сәуірде Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің инженерлік-экономикалық факультетінің бірінші курс студенті, алматылық Алдияр Айдаш студенттерді жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы бойынша бірінші несиені алып үлгеріпті.

Таңатар ТАБЫНҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button