Жаңалықтар

«Ақтөбе» — отбасымның газеті

Баспасөз-2023

Ғасырға жуық уақыт өңірдің жылнамасын жазып келе жатқан «Ақтөбе» газеті —отбасымызбен оқитын басылымдардың бірі. Баспасөзге жазылу отбасылық дәстүрге айналды. Бала кезімізде әкеміз қой бағып, жайлауда жүрседе, пошташы Ізтілеу шалдың қоржынымен келетін «Коммунизм жолы», «Правда»газеттерінен бастап, «Ұлан», «Балдырған», газет-журналдарын шамның жарығымен таласып оқитынбыз. Әкемнің «Жұлдыз»  журналын етігінің ұзын қонышына тығып алып, оқып жүргенін талай көргенбіз. Біз де сол үлкендерден көргенімізді қайталадық па, әлде өзіміз де қызықтық па, газет-журналмен дос болдық. Содан бері облыстық «Ақтөбе» газетіне тұрақты жазылып келеміз.

Облыстық басылымда мазмұнды мақалалар көп жарияланады. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, халықтың тұрмыс-тірлігі, ел игілігі үшін қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың шарапаты жөніндегі тұшымды материалдарды да осы «Ақтөбе» газеті арқылы оқып білеміз.

Сүйікті басылымымдағы айдарлар да өз орнын тапқан, әсіресе «Оқырман», «Әдебиет», «Балдырған» айдарлары тартымды. «Тағзым» бетінен де облыстың бұрынғы аға буын өкілдерінің жүріп өткен жолдары туралы қызықты мағлұматтар оқимыз. Десек те өткен тарихқа, әсіресе өлкетануға қатысты материалдар жиі жарияланса екен деген ұсынысым бар. Тарихын білмеген елдің болашағынан кемеңгерлік күтуге болмайды. Өңірдің тарихи тұлғалары мен тарихи жерлері насихатталса екен деген тілегім бар. Ақтөбенің тарихи жерлері көп қой…Меніңше, өлке тарихы құр мақтаныш емес, елдің рухын көтеретін қаруға айналуы тиіс.

Қазір жаңалықтың бәрін интернеттен оқып аламын дейтін сыңаржақ пікір айтатындар да бар. Алайда мен үшін баспада басылған дәстүрлі басылымнан өңір тынысын оқудың өзі бір ғанибет.Қай газет болмасын ойлы оқырманымен тығыз байланыс жасағанда ғана жарқырап, гүлденіп, көркейе түспек. Қазіргі он бес мың оқырманыңыз көбейе түссін, «Ақтөбе» газеті!

Өзім мұғаліммін, келіншегім математикадан сабақ береді, балаларымның бәрі де оқуларын бітіріп, еңбек етіп жүр. Педагогтер отбасының азаматы ретінде көзі қарақты оқырманды баспасөзге жазылу науқанында белсенді болуға шақырамын.

Арман ЖҰБАНАЗАРОВ,

Ырғыз ауданы,

Белшер ауылы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button