Жаңалықтар

Түстігің қайда, солтүстік?

Самат НАРЕГЕЕВ,

«Ақтөбе».

Ойтүрткі

Журналист болғасын іссапарларға жиі шығамыз. Биыл редакцияның тапсырмасымен Алматы қаласына жолым түсті. Ақтөбе-Алматы пойызымен екі тәулік жол жүресің. Жолда 4 облыс орталығын басып өтесің. Пойыз Қызылорда, Шымкент, Түркістан,Тараз қалаларына жарты сағаттай тыныстап, облысқа қарасты көптеген қала мен аудан орталықтарына, ауылдарға сәл аялдап,«аптығын» басып алады.Бір қызығы, әр стансадан түсе қалсаң, жергілікті жұрт алдыңнан неше түрлі ыстық тағамдарын, сусындарын ұсынып әлек болады. Тегін емес, әрине. Саудагерлер алмасыңа қоймайды. Жол үстінде жеңсік астарды жеп, әр өңірдің «брендтерінің» дәмін татып барып-қайтасың. Саудаға мықты оңтүстіктің халқы тек тағам емес, нарық бағасынан арзан киімдер мен бұйымдарын әр купені аралап, үлестіріп жүргені. Вагонның іші базарға айналып, сауда қызып береді. Сөйтіп, екі күн бойы ішің пыспай, тез жетіп алғандай боласың.

Одан кейін жазда Ақмолаоблысына және жақында ғана Астана қаласына барып келдім. Бұл бағыттағы сапар басқаша. Қанша дегенмен солтүстіктің қытымыр ауарайы әсер ете ме, жолдағы ауыл, қалалар «салқын» қарсы алды. Салқын қарсы алды дейтін себебім — шағын стансалар түгіл, ірі қалаларында да оңтүстіктегідей «жағдай жасамайды». Перрондарынан құжынап жүрген адам да көрмейсің. Бәрінен бұрын сауда-саттық қызметі мүлдем жоқтың қасы. Бұл жақтың стансаларында әрі кетсе «алсаң ал, алмасаң жолың болсын!» дегендей, 2-3 дүңгіршек қана бұйығып тұрады. Қарап отырсам, Астана жаққа баратын  пойыздағы жолаушы Алматы пойызынан саны кем деп айта алмаймын.Бірақ неге бұл жақта жолаушыларға тамақ сату саудасы дамымаған? Әлде жолаушылар алмай ма екен? Әрине, сауда жөнінен солтүстіктегі ағайындар оңтүстік жұртымен  таласа алмас. Сонда да тым құрыса бәлішін бұлдаса да болар еді ғой. Ішінара манты, ішіне ет, картоп түйілген ыстық нандарын сатып жүргендер кездеседі. Онда да жарты вагоннан ауыспайды. Ақыры мұздай дүңгіршектің ішіндегі суып қалған тағамдарды қаужап немесе пойыз мейрамханасындағы 2-3 есе қымбат асты ішесің. Не десек те, екі жақтың теміржол бойындағы «қызметі» жер мен көктей. Мүмкін, солтүстіктегілер рельс жағалап жүргісі келмейтін болар. Қалай болғанда да бір себеп бар. Өңір басқа болғанымен, вагон ішіндегі жолаушы бірдей ғой. Ал бұған сіздің ойыңыз не дейді, жолаушы-оқырман?

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button