Денсаулық

Тұмаудан сақтаныңыз!

Соңғы 5 аптада облыста жедел респираторлы вирустық инфекцияға шалдыққандар саны 1718 адамға жеткен. 100 мың тұрғынға шаққандағы аурушаңдық көрсеткіші 188,35-ті құрады.

Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында айтылды. Жиынға облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанова мен облыстық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров қатысып, жедел респираторлы вирустық инфекциялар мен тұмауға қатысты қазіргі эпидемиологиялық жағдай жөнінде айтты.

Жедел респираторлы вирустық инфекциялардың таралу көрсеткіші, негізінен,14 жасқа дейінгі балалар арасында жоғары болып отыр. Өткен 5 аптадағы барлық науқастардың 45,6 пайызы немесе783-і — 14 жасқа дейінгі балалар. 14 жасқа дейінгі балалардың арасында аурушаңдық көрсеткіші 302,15болды. Оның ішінде  1 жасқа дейінгі нәрестелердің үлес салмағы — 10,13 пайыз.

Бүгінге дейін облыста жедел респираторлы вирустық инфекция жұқтырған оқушы балалардың саны — 264. Ал жүкті әйелдер арасында 125жағдай тіркелген.

Тұмауға шалдыққандардың саны 126 болып отыр. Оның ішінде тұмаудың В типін жұқтырғандар саны — 125 адам, тек бір жағдайда ғана тұмаудың А типі анықталды.

Әсіресе, Ақтөбе қаласында тұмау жұқтырғандар көп, мұнда 110 жағдай тіркелген. Тұмау дерті бойынша ауруханаға 87 адам жатқызылды, оның 55-і — жүкті әйел.

Ал пневмониямен 57 адам ауруханаға түсті. Бір жақсысы, арасында жансақтау бөлімінде жатқандар жоқ.

Мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда тұмаудың алдын алудың ең тиімді және ғылыми негізделген әдісі —екпе алу. Облыста биылғы маусым қарсаңында тұмауға қарсы барлығы 143,2 мыңнан астам егілген.

Тұмауға қарсы вакциналау облыстағы барлық қалалық және аудандық емханаларда жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ 63 жылжымалы бригада жасақталған. Мамандар жұртшылықты тұмау, суық тию белгілері байқалған жағдайда, өзін-өзі емдеумен айналыспай, дәрігерлердің көмегіне жүгінуге шақырды.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button