Жаңалықтар

ERG Ақтөбе облысында әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға 3,3 млрд. теңге бөледі

Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Eurasian Resources Group Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевичпен кездесті. Кездесу барысында халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды жүзеге асырудағы ынтымақтастыққа қатысты мәселелер талқыланды.

Ералы Тоғжанов «Қазхром» ТҰК» АҚ ERG еншілес компаниясы өңір өнеркәсібінің флагманы және Қазақстан экономикасы үшін үлкен маңызға ие екенін атап өтті. Корпорацияға қарасты кәсіпорындарда 11 мыңға жуық ақтөбелік жұмыс істейді.

«Жыл сайын облыс әкімдігі мен ERG компаниясы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылады, соның аясында «Қазхром» әлеуметтік саланы дамытуға қаражат бөледі. Соңғы 10 жылда тұрғындарды толғандыратын аса өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу, халыққа қолайлы жағдай жасау үшін шамамен 16 млрд. теңге жұмсалды. Біз сіздермен осы уақытқа дейін бірлесіп жұмыс істеп келдік  және алдағы уақытта да Мемлекет басшысының тапсырмаларын бірлесе орындайтын боламыз», – деп атап өтті өңір басшысы.

«Туған қаламыздың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру – корпоративтік жауапкершілігіміздің негізі. Біз күн сайын қызметкерлердің, олардың отбасыларының және барлық қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға үлес қосамыз. Компаниялар тобы ERG орналасқан аймақтардағы халықтың жайлы өмір сүруіне және жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасауға ұмтылады. Тек биыл ғана біз Ақтөбе облысына 3 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсауға ниеттіміз», – деді ERG Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич алдағы жылдардың өндірістік жоспарларымен бөлісе отырып.

Алпауыт компания келісім аясында аумақтарды абаттандыру, желілерді жөндеу, балаларға арналған ойын және спорт алаңдарын орнату, медициналық жабдықтар мен қоғамдық көліктер сатып алуды жоспарлап отыр. Әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға бөлінетін қаржы – 3,3 млрд. теңге.

Компаниялар тобы биыл бірқатар жобаларды жүзеге асырды.  Ақтөбе мен Хромтауда балаларға арналған ойын және спорт алаңдары орнатылып, Дөң ауылындағы Білім аллеясы абаттандырылды. Бес автобус жолаушылар тасымалы үшін қалалық паркке берілді. Хромтау қаласының №4 орта мектебінде СТЕМ-зертхана орнатылды. Сондай-ақ, Ақтөбенің Тұрғындар қалашығындағы көпқабатты үйлер жаңғыртылып, Жеңіс аллеясы қайта қалпына келтірілді.

Меморандумда денсаулық сақтау мен білім беруді дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылған. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен Хромтау тау-кен техникалық колледжінің материалдық-техникалық базаларын нығайтуға  80 млн. теңге бөлінді. Жыл соңына дейін Ақтөбе қалалық жедел жәрдем бекетіне заманауи медициналық жабдықтар сатып алынбақ.

Сондай-ақ, ERG компаниясының «Tugan Qala» корпоративтік бастамасы шеңберінде 2022 жылдың соңына дейін Хромтау моноқаласын абаттандыру бойынша 11 жоба іске асырылады. Биыл  қазан айында Ақтөбе облысының әкімдігі мен ERG арасында Хромтауда ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге несие беру туралы келісімге қол қойылды. Мақсат — шағын және орта бизнесті дамытуға жағдай жасау.

А.ІЛИЯС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button