Жаңалықтар

 Ақтөбедегі Жеңіс аллеясы қайта қалпына келтірілді

Бүгін Ақтөбедегі Жеңіс аллеясы қайта жөнделіп, халық игілігіне берілді.  
 
Салтанатты шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, ERG Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич, ардагерлер мен ықшамауданның тұрғындары қатысты.

Ақтөбе облысы әкімдігі мен ERG арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында Жеңіс аллеясын жөндеуге 90 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.

«Бұл — біздің өңірде жүзеге асырылып жатқан және алдағы уақытта ERG компаниясымен бірлесіп атқаруды жоспарлап отырған ірі жобалардың бір бөлігі ғана. Мен облыстың гүлденуіне қосқан үлесі үшін Александр Машкевичке және компанияның Ақтөбедегі кәсіпорындарының барлық қызметкерлеріне алғыс айтамын. Өңір тұрғындарына жайлы демалыс орындарын құру, қаланы абаттандыру жұмыстары жалғаса береді», — деп атап өтті облыс әкімі.

«Ақтөбе облысының әкімі болып Ералы Тоғжановтың тағайындалғанына қуаныштымыз. Алдағы уақытта өңірдің әлеуметтік дамуы, халықтың өмір сүру сапасын арттырудағы ынтымақтастығымыз жемісті болатынына сенімдімін. Қаладағы ықшамауданды жаңарту мен түрлендіру бағытындағы жұмыстарымыз мұнымен аяқталмағанын жеткізгім келеді», — деді өз кезегінде сөз алған Александр Машкевич.

Қайта жаңартылған Жеңіс аллеясы тұрғындардың тынығуына қолайлы етіп жасалған.

Аллеяның кіреберісі қайта салынып,  суару және жаңа жарықтандыру жүйесі автоматтандырылған, шағын архитектуралық нысандар, орындықтар мен шахмат ойнайтын үстелдер, қоқыс жәшіктері орнатылды. Жобадағы жұмыстардың 80 пайызы орындалып тұр.

2023 жылы мұнда көгал егіліп, ағаштар мен бұталардың жаңа түрлері – бөріқарақат, шетен, шырша отырғызылады. Сондай-ақ, мұнда балалар ойнайтын алаңдар мен кардиотренажерлер орнатылады, ал қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі үшін бейнебақылау камералары қондырылады.

Жеңіс аллеясын қайта жаңарту – 2021 жылы басталған Тұрғындар қалашығын абаттандыру жобасының жалғасы. Жоба аясында былтырдан бері 46 үйдің қасбеті мен шатыры жаңартылды. Төрт үй әлі де жөнделуде. Мұндай ауқымды шара ERG құрамына кіретін Ақтөбе ферроқорытпа зауытының құрылысшылары мен жұмысшылары тұратын ауданда 70 жылдан бері алғаш рет жүргізіліп отыр.

Соңғы 10 жылда Ақтөбе облысында әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру жөніндегі меморандумдар аясында Еуразиялық топтың инвестициялар көлемі шамамен 16 млрд. теңгені құрады.

Н.АРМАНҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button