Жаңалықтар

Ақтөбе облысы ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шешу бойынша жоба әзірлеуде

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдық елді мекендерді сапалы интернетпен және байланыспен қамтамасыз ету туралы тапсырмасын орындау мәселелері бойынша кеңес өтті.

Отырысқа бірқатар басқармалардың басшылары, байланыс операторларының өкілдері қатысты. Аудан әкімдері онлайн режимде қосылды.

Интернетке қолжетімділіктің сапалы болуы халықтың негізгі қажеттілігі екенін айтқан өңір басшысы ауылдық елді мекендерде интернеттің жоқтығы және оның сапасы өзекті мәселе болып қала беретінін алға тартты.

Бүгінде облыста 315 ауылдық елді мекеннің 216-нда 250-ден астам адам тұрады. Сол 216 ауылдың тек 174-і ғана 3G интернет желісіне кең жолақты кабельдік қолжетімділікпен қосылған. Жыл соңына дейін тағы 16 елді мекен сапалы мобильді интернетпен қамтамасыз етіледі.

Ералы Тоғжанов осы жобаларға қатысты іс-шараларды іске асыруды жіті бақылауда ұстап, жұмыс кестесін құрып, олардың уақытылы орындалуын қатаң қадағалауды тапсырды.

250-ден аса халқы бар 10 ауыл интернетке спутниктік байланыс арнасы арқылы қосылған, оның қуаты 3G-ді еңсеруге құлықсыз, тағы 16 ауылда интернет пен ұялы байланыс жоқ, алайда, олардың кейбірі көрші елді мекендердің тұрақсыз сигналын ұстайды.

Бұдан өзге, өңірде халқының саны 250-ге жетпейтін 99 ауыл бар. Соның 24 ауылында 3G стандартындағы ұялы байланыс қызметі қолжетімді.

Облыс әкімінің барлық елді мекендерді сапалы интернетпен және ұялы байланыспен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында қазіргі таңда цифрлық технологиялар басқармасы жоба әзірлеп жатыр. Жоба аясында ірі байланыс операторлары кең жолақты интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін стационарлық байланыс желілерін салуға кепілдік береді.

Салынған инфрақұрылымның арқасында ауылдарда жоғары сапалы ұялы байланысты ұйымдастыруға техникалық мүмкіндік беріледі. Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаев аталған жоба өңірдегі барлық өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін  және оны жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен қосымша қаражат қажет емес екендігін айтты.

Облыс әкімі жобаға оң бағасын беріп, оны жүзеге асыруда жергілікті атқарушы органдар тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сондай-ақ ол аталған жобаның «Ауыл аманаты» жобасы секілді ауылды дамыту бағытында маңызы зор екенін айтты. Осы жоба аясында ауылдық жерлердегі шағын жинақты мектептердегі білім сапасындағы мәселе шешімін табады.

«Шағын жинақталған мектептерде білікті кадрлардың тапшылығы, материалдық-техникалық базасының төмендігі белгілі. Ал мұндай мектептерде бүгінде 14 мың бала білім алуда. Мәселені шешу үшін қазір «Білім ал» жобасы әзірленіп жатыр. Аталған жоба аясында өңірдің ең мықты педагогтары шағын жинақталған мектептердің балаларын онлайн режимде оқытатын болады. Ауылдық жерлерде интернет дұрысталмай, білім беру және денсаулық сақтау мәселелері шешілмейді. Сапалы, тұрақты интернет байланысы ауыл тұрғындарының, әсіресе шалғай жатқан ауыл халқының телемедицина арқылы сапалы медициналық қызметтерді алуына мүмкіндік береді.  Осыны ескере отырып, сіздерден жобаны іске асыруда үлкен жауапкершілікпен қарауларыңызды сұраймын. Бастысы ниет болуы керек, сонда барлық мәселе шешімін табады», — деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов байланыс операторлары өкілдеріне.

Жиын соңында облыстық цифрлық технологиялар басқармасына ауқымды инфрақұрылымдық жобаны толыққанды және сапалы жүзеге асыру тапсырылды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button