Жаңалықтар

Жақсының аты өшпейді

Президент Іс Басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм әріптесі Қайрат Беркінбаевтың жақындарына көңіл айтты

Бүгін біз бірімізге аға, бірімізге бауыр, ұжымда сыйласымды әріптесіміз болған ҚР Президент Іс Басқармасы Медициналық орталығы «ОҚ-ЖЕТПЕС» емдеу-сауықтыру орталығының Президенті болған Қайрат Беркінбаевты ақтық сапарға шығарып салдық.
Бұл – Президент Іс Басқармасы Медициналық орталық жүйесіндегі әріптестері үшін ортақ, орны толмас қаза. Жан-дүниесі бұлақтай таза, парасатты мінезімен, терең білімімен, қажымас қайратымен, адал еңбегімен айналасына үлгі-өнеге болған қадірлі әріптесімізбен қоштасу рәсіміне Қазақстанның әр қиырынан көзкөрген белгілі азаматтар қатысты.
Өмірінің жеті жылға жуық уақытын оңалту және емдеу-сауықтыру саласына арнаған Қайрат Шерәліұлы курорт ісінің дамуына зор үлес қосты. Сондай-ақ, Медициналық орталық жүйесіндегі емдеу-сауықтыру орталықтарының басшысы бола отырып, өзін дарынды ұйымдастырушы ретінде көрсетті.
Бүтін бір әулеттің ғана емес, барша ағайын-жұртына ғана емес, туған елінің мақтанышына айналған асқар таудай әріптесіміздің жарқын бейнесі ұрпақ жадынан ешқашан өшпейді.
Халқымызда «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген қанатты сөз бар. Ел келешегі жолында аянып қалмай, абыройлы қызмет атқарған тұлғаның соңында іздеушісі, өрелі істері мен өмірін жалғастырар ұлағатты ұрпағы бар.
Біз, Президент Іс Басқармасы Медициналық орталық жүйесіндегі қатар жүрген барша әріптестері Қайрат Беркінбаевтың отбасы мен жақын жандарына көңіл айтамыз. Абзал азаматтың асыл болмысы, ардақты есімі ешқашан ұмытылмақ емес, жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button