Жаңалықтар

Жауапсыз мердігерлер сынға алынды

Таза қала

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов аппарат жиынында Ақтөбе қаласындағы көшелердің тазалығына жауапты мекемелерді сынға алды.

Шаһардың шеткі көшелерін, шеткі аумақтарын айтпағанның өзінде қаланың орталығындағы тазалық тіптен сын көтермейді. Жиында Ақтөбенің басты көшелері —Әбілқайыр хан және Молдағұлова даңғылдарында, әуежайдан кіреберістегі Бөкенбай батыр көшесінде, теміржол вокзалы және «Сапар» автовокзалы аумағындағы көшелерде қоқыс қалдықтарының шашылып жататыны сөз болды. Сондай-ақ Есет батыр, Рысқұлов, Қалдаяқов, Махамбетов көшелерінің тазалығына міндетті мердігердің қоғам алдындағы жауапсыздығы айтылды.

Қаланың орталық аумағын тазалайтын мекеменің бірі — «Өтес-Ақтөбе» ЖШС.

Біздің мекеме Ақтөбе қаласындағы жалпы көлемі 1 508 070 шаршы метр аумақтың  тазалығына жауапты. «Өтес-Ақтөбе» серіктестігіне міндеттелген аумақта 28 көше бар. Жұмысшылар күн сайын Әбілқайыр хан, Молдағұлова, Сәңкібай батыр даңғылдарының және Пожарский көшесінің жарты бөлігін, сондай-ақ Есет батыр, Маресьев, Қалдаяқов, Тілеу батыр, Вавилов, Рысқұлов, Досжанова, Сәтбаев,Макаренько, тағы басқа көшелерінтазалайды. Жұмыс таңертең ерте сағат 7.00-де басталып, кешкі сағат 17.00-ге дейін созылады. Мекемеде 40-қа жуық адам еңбек етеді. Олардың 30 шақтысы жинау, тазалау жұмыстарына жауапты, — дейді «Өтес-Ақтөбе» ЖШС директорының орынбасары Тұрлан Садақбаев. Оның айтуынша, күзгі сенбілік басталған күні қоқыс өте көп жиналыпты. Аталған мекемеге тиесілі аумақтан 4 «КАМАЗ» қоқыс шығарылған.

Сол күні жұмыстан кеш қайттық. Бірақ жұмыс тиянақты тындырылды. Жұмыстан тыс уақытта да жұмыс істегендері үшін жұмысшыларға қосымша ақы төленді.

Молдағұлова даңғылының бойында орналасқан Шахматшылар гүлзарында 14 қаңғыбас тұрады. Олар сол аумақты меншікті мекені қылып алған. Тұрмыстық қалдықтар жинайтын контейнерлердің маңынан шкаф, төсеніштер әкеліп қояды. Күн сайын соларды лақтырамыз. Бірақ олар «жаңартудан» шаршамайды. Ал біз кері тасып әлекпіз. Солардың кесірінен жасаған жұмысымыз көрінбейді, — дейді Тұрлан Садақбаев.

Жалпы Ақтөбе қаласындағы Астана және Алматы аудандарында 14 аумақтық учаске бар. Оларға 7 мердігер мекеме қызмет көрсетеді. Мониторингтік топ күн сайын қала көшелерінің санитарлық жағдайына тексеру жүргізеді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button