Мәдениет

Дәстүрлі байқаудың дүбірі

«Классика-2022»

Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының ұйымдастыруымен «Классика-2022» жас таланттардың облыстық фестиваль-байқауы ұйымдастырылды.

Байқауға  Шалқар, Алға,  Мұғалжар, Қарғалы, Әйтеке би, Мәртөк, Темір, аудандары және Ақтөбе қаласындағы музыка, өнер мектептерінен келген 10-15 жас аралығындағы өнерпаздар қатысып, «Фортепиано», «Скрипка, виолончель, классикалық гитара», «Вокал» (академиялық ән айту), «Үрлемелі және ұрмалы аспаптар» номинациясы бойынша бақ сынасты.

— Байқау 2004 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Жас таланттардың өнерін шыңдауға бағытталған бұл байқау арқылы үздік ұстаздарды анықтауға мүмкіндігіміз бар. Іс-шара барысында оқушылардың ұстаздарының да еңбегі бағаланатын болады. Өнерлі жастарды іріктейтін фестивальдердің жиі өткізілгені жақсы, — деді Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның солисі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Марат Әйтімов.

Шара барысында Марат Әйтімов, Ұлттық өнер университетінің фортепиано кафедрасының оқытушысы Ұлан Құлмаметов, Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыка мектеп-интернатының үрмелі және ұрмалы аспаптар бөлімінің меңгерушісі Тасмұхан Исенов және қазылар алқасының басқа да мүшелері шеберлік сағаттарын өткізді.

Сонымен қатар байқауға халықаралық, республикалық байқаулардың бас жүлдегері, Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыка мектеп-интернатының оқушысы Мейірхан Тілектесов арнайы шақырылып,  фортепиано аспабында классикалық музыкаларды орындады.

Байқау қорытындысына сәйкес «Скрипка, виолончель, классикалық гитара», «Фортепиано», «Вокал» номинациясы бойынша жеңімпаздар анықталды. Фестивальдің бас жүлдесі Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің оқушысы Аяна Байзулла мен Нұрқыз Еркінқызына  бұйырды. Барлық қатысушылар ақшалай сыйлықпен және дипломмен марапатталды.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button