Мәдениет

«Яссауитанудың» жеңімпаздары

Үстіміздегі жылдың 15-19 сәуірі аралығында Түркістан қаласында «Яссауитану» республикалық байқауы өтті. Елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл байқауда Қарғалы ауданындағы Бадамша №2 орта мектебінің 9-сынып оқушысы Айшолпан Жүсіпова жүлделі үшінші орынды иеленді.

Мақсаты Қожа Ахмет Яссауидің рухани мұрасы мен ілімін, Әзіреті Сұлтан кесенесіне жерленген қазақ хандары  мен батырларын, сондай-ақ қасиетті Түркістан қаласының тарихы және Әмір Темір дәуірінен қалған ортағасырлық құнды жәдігерлер мен мұражай ісін насихаттау болып табылатын байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 100 оқушы және 40 мұғалім қатысыпты. «Яссауитану» облыстық байқауының жеңімпаздарына жетекшілік етіп барған М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың мұғалімі Күнімайгүл Смадияр былай деді:

«Яссауитану» біздің облыста тереңдетіліп оқытылмайды. Оқушыларға тек кітаби деректермен ғана оқып білуге мүмкіндік бар. Облыстық білім басқармасының көмегімен біз Түркістан қаласына байқау болатын күннен екі  күн ерте барып, кесенемен, ондағы тарихи деректермен жіті таныстық. Өйткені байқау барысында біз білмейтін «Кесене ішіндегі туда, есікте не жазылған?» деген секілді қарапайым сұрақтар да болды. Оқушыларымыздың жүлделі орын алуына да біздің осы дайындығымыздың пайдасы зор болды.

«Яссауитану» республикалық байқауында148 балл жинаған Қарғалы ауданындағы Бадамша №2 орта мектебінің 9-сынып оқушысы Айшолпан Жүсіпова үшінші орынға қол жеткізсе, Шалқар қаласындағы Ә.Жангелдин атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Назерке Аймаханова мен Мұғалжар ауданындағы Қайыңды орта мектебінің 8-сынып оқушысы Жасұлан Ұмытқанов дипломдар мен ынталандыру сыйлығына ие болды.

Байқауда «Үздік жетекші» номинациясын 4 мұғалім жеңіп алыпты. Соның бірі – Күнімайгүл Смадияр.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button