Ауыл

Таулы мекеннің тынысы

Құрамында 3 қала, 12 ауылдық округінде 37 ауылы бар Мұғалжар ауданы тұрғын мен мал саны жөнінен облыста көш бастайды.  Өңірдегі іргелі ауданның халық саны 67 мыңға жетсе, аудан орталығы Қандыағаш қаласында 36 мың адам тұрады. Мұғалжар ауданында ұйымдастырылған көшпелі баспасөз турында облыс журналистері болып,ауыл тұрғындарымен кездесіп, қыс алдындағы қам-қарекеттерімен  танысып қайттық.

Алдымен Ақкемер ауылындағы биыл басталған 40 орындық емхана құрылысын көрдік. Бұған дейін ескі ғимаратта болған дәрігерлік амбулатория 2 мыңға жуық тұрғыны бар ауылға тарлық етіп келген. Жаңа емхана ғимаратын салу — ауыл адамдарының сұранысы екен.

Ауыл әкімі Дамир Қожаниязовтың айтуынша, «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасымен салынып жатқан ғимараттың құрылысы келесі жылдың басында аяқталмақ.  Сонымен қатар биыл Мәдениет үйі декүрделі жөндеуден өтіп жатыр. Ақкемерде «Ақбидай» астық өңдейтін шаруашылығы бар. Онда ауылдың біраз адамы жұмыс істейді. Сондай-ақ ауыл жанынан өтіп жатқан күре жолдың құрылысына да бірнеше адам жұмысқа кірген.

Тоғыз жолдың торабында тұрған Қандыағаш қаласында құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Әлеуметтік нысандарды айтпағанда жеке тұрғындар үй салып, қала айналасында бірнеше тұрғын үй алаптары пайда болған. «Самал», «Болашақ», «Жаңақоныс» шағын аудандары қала демографиясының өсуіне үлес қосып қана қоймай, экономикалық-әлеуметтік дамуына, кәсіпкерлік саласындағы көрсеткіштердің айтарлықтай көбеюіне әсер етіп отыр.

Биыл шағын шаһарда жаңалық көп. Облыстың аудандарында кездесе бермейтін кәсіп, қызмет көрсету түрлері қала қонақтарын көбейте түсіпті. Халық игілігі үшін қызметін бастаған нысандарға бас сұқтық.

Маралдың қанына қол жетті

Дала жануарының қанымен емдейтін орталық елімізде санаулы ғана екені белгілі.Ал панто сауықтыру орталығыАқтөбе облысында Мәртөк ауданында ғана бар. Биыл сол орталықтың филиалы Қандыағаш қаласында ашылған.

Наурыз айынан бастап қызмет көрсете бастаған «Зәру» панто сауықтыру орталығына келіп, дертіне шипа табушылар көбейген. Адамдар түрлі массаж алып, қайнатылған дәрілік шөптердің буына түседі.

Бізде барлық процедура маралдың қанымен жүреді. Емдік дәрілер Мәртөктегі орталықтан жеткізіледі. Тамақтың бәрі тек маралдың етінен дайындалады. Ем алушылар уақытына қарай кезектесіп келеді. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы келетін мүмкіндігі шектеулі балаларды да қабылдаймыз. Маралдың қанымен емдеу Қытай, Корея елдерінде бұрыннан бар. Біздің елімізде емдеудің бұл түрі дамып, ауданға келіп жатқаны — үлкен жаңалық. Қазір емделушілеріміз көбейді. Себебі нәтиже жақсы. Көптеген адамдар сауғып кетіп жатыр. Алдағы уақытта ғимаратымызды үлкейтеміз деген ойдамыз, — дейді Қандыағаш қаласындағы «Зәру» пантосауықтыру орталығының дәрігері Базаргүл Жакиева.

«Медлайфтың» мінсіз қызметі

Бүйрегі ауыратын мұғалжарлықтар ем үшін облыс орталығына барып сабылмайды. Кезек күтпейді. Былтыр Қандыағаш қаласында «Медлайф» гемодиализ орталығы ашылды.

Жаңа, заманауи аппараттармен жабдықталған орталық сапалы қызмет етеді. Оны ғимараттың таза, жаңа талапқа сай жасақталған үлгісінен көрдік. Мұнда 17 дәрігер маман жұмыс істейді. Қазіргі таңда 40 науқасқа ем жүргізіп отыр.

Қазір емханамызда кореялық 5 аппарат бар. Алдағы уақытта тағы 2 аппаратқа тапсырыс беріп қойдық. Соңғы емделуші емін алғанша уақытқа қарамай, ауысыммен жұмыс істей береміз.

Бүйрек жетіспеушілігі адамның жынысына, жасына қарамайды. Ең жас емделушіміз 21 жаста, — дейді өзін сол орталықтың дәрігерімін деп таныстырған Әзизбек Түменбаев.

Оның айтуынша, ем алу үшін көрші аудандардан да науқастар келеді.

Боксқа бес жастан барады

Бұдан былай мұғалжарлық боксшы жастар көбейіп жатса, таңғалмаймыз. Олай дейтініміз,Қандыағаш қаласының балалары 5 жастан бастап былғары қолғап кие бастапты.

Кәсіпқой боксшы Нұртас Әжбенов шағын бокс залын ашқан. Мемлекеттік бағдарламаға қатысқан боксшы  қайтарымсыз 1200000 теңге алып, оған өз қаражатын қосып, шағын зал жасақтаған. Біз барғанда балалар жаттығу үстінде екен.

Қазір 3 жаттықтырушы 150-дей баланы баулып жатырмыз.  Бокс залы жастардың спорт сахнасына шығуына жақсы мүмкіндік болмақ. Ең бастысы балалардың қызығушылығы жоғары. Телефондағы  ойындардан босап, бос уақыттарын спорт залында өткізіп, шынығып, тиімді өткізіп жатыр. Аптасына 3 рет жаттығады, — дейді Таңжарбай Нұр.

Нұртас Әбженовтің кәсіпқой бокстан Әлем, Азия чемпионы, әуесқой бокста 321 кездесу өткізіп, 287 рет жеңіске жеткен спорт шебері екенін біреу білсе, біреу білмес. Болашақ боксшылардың бас бапкерін таныстыра кеткенді жөн санадық.

Уақытты үнемдейтін әкім

Мұғалжар ауданының экономикалық-әлеуметтік дамуы туралы журналистерге сұхбат берген аудан әкімі Асқар Шериязданов 2025 жылға дейін ауданды ауызсу және көгілдір отынмен 100 пайыз қамтуға мүмкіндік бар екенін айтты.

Өткен жылы 3 ауылға газ кірсе, биыл тағы 3 елді мекенге газ құбыры бара жатыр. Ал алдағы 3 жылдың еншісінде 10 ауылға көгілдір отын жеткізу жоспарда тұр.

Су тазартатын кешенді блок модульді қондырғысы арқылы алдағы жылы қалған 7 ауыл таза суға қол жеткізіп, аудан халқы бұл мәселені ұмытпақ.

Ауызсу құбыры бармаған ауылдар сусыз отырған жоқ. Бірақ Президент тапсырмасына сәйкес, әрбір елді мекен арнайы сүзгіден өткен, жаңа стандартқа сай ауызсумен қамтамасыз етілуі тиіс. Газ мәселесіне де тиянақты қарауымыз керек. Мысалы бір ауылға газ тартуға жобалық-сметалық құжатын жасаймыз. Ал сол жолда шағын ауылдар болады. Міне, сол ауылдарды да газбен қамтып кету үшін жобаға қосымша ұсыныс енгізіп, құбыр тастап кету керек. Сонда уақыт жоғалтпаймыз. Осындай жолмен бірнеше ауылға газ жеткіздік. Қазір ауылдарды жиі аралаймыз. Тұрғындармен кездесіп, талап-тілектеріне құлақ түреміз. Ауыл тұрғындарының бірінші сұрайтыны — ауызсу, газ, жол. Бұл талаптары өте орынды. Сондықтан жыл сайын бірнеше ауылдың басты мәселесін шешуді жоспарлаймыз, — дейді аудан басшысы.

Қай нысанның да жобалық-сметалық құжатын дайындау 1 жылға созылады. Оның тағы мемлекеттік сараптамадан өтуі, конкурс өткізу секілді жұмыстар уақыттың жауы екені анық. Аудан әкімінің жаңағыдай тиімді әрекеттері көңілді бірлеп, үмітті жақындатады екен.

Ауылы көп ауданның бірінші мақсаты — жолды дұрыстау. Қазір ауылдардағы көшеішілік жолдарға көңіл бөлініп жатыр. Бұл жұмыс 2020 жылы қарқынды жүріп, 21 көше асфальттанған. 2021 жылы пандемияның әсерінен 9 көшені ғана жөндеп үлгеріпті. Ал биыл 10 көше мен екі ауылдың кіреберіс көшесіне асфальт төселді. Келесі жылға ауыларалық жолдарды жөндеу жобалары дайындалуда.

Сөйтіп, халық сұраған ең басты 3 мәселенің жайы туралы айтып берген аудан әкімі дәрігерлердің жетіспеушілігін жасыра алмады.

Халықтың денсаулығын ең бірінші орынға қоятынын айтқан аудан басшысының сөзіне қарағанда ауруханалардың жағдайын жақсарту күн тәртібінен түспек  емес.Қандыағашта орналасқан ауданаралық аурухана аумағы жаңармақ. Келесі жылы Қайыңды, Саға, Бұлақты ауылдарына жаңа амбулатория, медпункттер салынады. Биыл 3 жедел жәрдем көлігі келсе, жыл аяғына дейін тағы 3 жедел жәрдем көлігімен толықпақ.

Көшпелі баспасөз  отырысында ауданның қысқа дайындығы, жер, жайылым, мал азығы, тағы басқа да мәселелер қамтылды.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button