Тарих

Ел қорғаған ер еді

Есет батыр Көтібарұлы туралы сөз

Ел басына күн туып,халқымыздың тағдыры талқыға түскен заманда атқа мініп, жауға тайсалмай қарсы шыққан батырларымыз аз болмаған. Солардың бірі — ХІХ ғасырдағы патшалық Ресейдің отарлық саясатына қарсы күрескен, ұлт-азаттық қозғалыстың көрнекті басшысы, әйгілі батыр әрі би Есет Көтібарұлы.

Тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдарында, яғни 1993 жылы Шалқар ауданында Есет батыр рухын ұлықтау мақсатында үлкен шара ұйымдастырылды. Халықтың күшімен қаһарман батырлар —Есет жәнеДәрібайКөтібарұлдарына арнап үлкен кесене тұрғызылды. Шалқар қаласының орталық көшесіне Есет Көтібарұлы есімі берілді.2014 жылы Есет-Дәрібай кешені жанынанзиярат етіп келушілер үшін талапқа сай қонақүйі салынды. Басында шырақшысы бар.

Есет батыр Көтібарұлы туралы осы күнге дейін жазылған зерттеу еңбектері аз емес. «Алаш тарихи зерттеу орталығы» шығарған көптомдық еңбектің бір тарауы «Есет Көтібарұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс» деп аталады.

Осы тараудың 284-285-беттерінде: «Батырдың өмір сүрген уақыты ХІХ ғасырмен байланысты болғандықтан, ол туралы басты деректер Ресейдің және еліміздің мұрағат қорларында сақталған. Батыр жөніндегі жекеленген деректер «Казахско-русские отношения ХVІІІ-ХІХ веках» атты жинақтажарияланып ғылыми айналымға енгізілген. Есет Көтібарұлы көтерілісі туралы мұрағат құжаттары негізінде жазылған еңбектер А.Якунин, В.Шахматов, З.Байдосұлы тәрізді зерттеушілердің ғылыми жұмыстары. АлЕсет бабамызға қатысты деректер сонау ХІХ ғасырдан бастап бүгінге дейін жарық көрген еңбектерде молынан кездеседі.Олардың қатарынаП.И.Небольсин, А.Артемьев, Л.Мейер, И.Бларамберг, А.Добросмыслов, И.Чернов, В.Григорьев, В.Аничков, А.Рязанов, Н.Лавров, М.Вяткин, т.б.авторлардың еңбектерін жатқызамыз.Бұлардан бөлек Есет батыр туралы және оның көтерілісі жайында анықтамалық мақалалар «Қазақ совет энциклопедиясының» ІV томында және «Қазақстан ұлттық энциклопедиясының» ІІІ томында берілген. Сонымен бірге  Есет Көтібарұлының көтерілісіне қатысты мәліметтерді бұрынғы «Қазақ ССР тарихының» ІІІтомынан, қазіргі «Қазақстан тарихы» академиялық басылымның ІІІ томынан кездестіруге болады» деп жазылған.

Есет батыр бабамыз туралы тарихшылар Төлеубай Төлепбергени, Самат Құрманалин зерттеу еңбектерін жазса, қаламгерлер Ғалым Ахмедов, Тауман Төреханов көркем шығармаларын арнады, басқа да көптеген мақалалар жазылды.

Жоғарыдағы аталған еңбекте: «…Патшалық Ресей бүкіл Орта Азияны сіңіріп алуды көздесе, ал Хиуа, Қоқан, Бұхар тәрізді хандықтар қазақтардан пайда көрудің жолын көздеді. Бір сөзбен айтқанда, бұлардың барлығы қазақ елін өздерінің отары еткісі келді. Көршілердің мұндай пиғылдарымен келіскісі келмейтін Сырым, Арынғазы, Исатай, Махамбет, Жоламан, Кенесары, Жанқожа, т.б. қазақтың айбынды ұлдары қолдарына қару алып, келер ұрпақ қамы үшін атқа қонды. Аталған тұлғалардың барлығының қазақ елінің іргетасын қалаудағы орны ерекше. Бұлардың қатарына біз сөз еткелі отырған Есет Көтібарұлы да жатады. Есет Көтібарұлы бастаған ұлт-азаттық күресті төрт кезеңге жатқызамыз. Қолдағы бар материалдардың негізінде Есет батыр күресінің алғашқы кезеңі 1838-1846 жылдар аралығы деп қорытынды жасаймыз. Олай дейтін себебіміз, Есет 1838 жылы өзіне жасақ жинап, Жоламан Тіленшіұлымен біріге отырып, саналы түрде патшалық Ресейге қарсылық білдіреді. Сонымен бірге көрсетілген жылдар аралығында Есет Көтібарұлы қазақ даласы арқылы Ресейге өтетін Бұхар, Хиуа керуендерін тонаған. Бұл да патшалық Ресейге қарсылықтың бір белгісі…» — дейді.

Есет Көтібарұлы есімі «Айман-Шолпан» эпосы арқылы иісі тегіс қазаққа мәлім. Есет —Шекті Көтібар батырдың шаңырағында 1803 жылы, соны тарихи дерек бойынша,1809 жылы дүниеге келген. Ол он бес жасында-ақ Жайық казактарына қарсы күресте көзге түсіп, «Батыр бала» атанған. Тарихшы Самат Құрманалин өзінің «Кіші жүз және Есет Көтібарұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс. 1847-1858 жж.» атты монографиясындаЕсет Көтібарұлының отаршыл Ресей үкіметімен қарулы қақтығыстарының ХІХ ғасырдың 20-жылдарынан басталуын алға тартады. Яғни ол ұсынған архив құжаттары арасындағы Орынбор генерал-губернаторының Ресей Әскери министріне берген мәліметінде: «Есет Көтібаровтың үкіметке бағынғысы келмей қарсылық көрсеткеніне, міне, 30 жылдан асып кетті» деген дерек бар екен.

Өзге де зерттеушілер: «Есет он бес жасқа келгенде батырлығымен аты жайылады…Өз халқының жоғын жоқтап, елдің ардақтысына айналады. Нақты мәліметтерге қарағанда 1834 жылы артына ерген әскерінің саны 1200 адам болатын»деп оның Ресей империясына қарсы азаттық күресін ерте бастағандығын және осы жолда Исатай Тайманұлы, Жоламан Тіленшіұлы секілді халық қозғалысы көсемдерін өз күшімен қолдағандығын меңзейді (Б. Әбілқасымов, Б. Көмек, С. Өтениязов. «Ел еркесі — Есет ер». Алматы, 1993 ж.).

ХІХ ғасырдың 30-жылдарының аяғында Есет Көтібарұлы Кіші жүздегі Жоламан Тіленшиев бастаған ұлт-азаттық қозғалысты қолдап, 1838 жылы Жоламан батырмен бірге Елек бекінісіне шабуыл жасайды. Осы оқиға туралы Алаш зерттеу орталығы ХІІІ-том, 2-кітабының 289-беттегі мұрағат деректерінде: «В конце 1838 года он (Есет батырды айтып отыр) принял участие в движении, руководимым Жуламаном, которое вспыхнуло в связи изьятием у казахов земель между новой и старой пограничными линиями. Комендант крепости Илецкая защита полковник Поплавский доносил в Оренбурскую пограничную комиссию 3-го августа 1838 года, что …киргизские батыры Джуламан и Джанали, соединившись с подобным ему Токтаном Турумовым и Есет Котибаровым и с ордынцами своими, собрали до 3-х тысяч человек и, сделав становище в урощише Каратугай, высылает оттоль преданных ему ордынцев партиями к мирным ордынцам для приглашения оных в состав того скопища» – деп жазылған. Генерал-майор И.В.Черновтың 1906 жылы жарық көрген «Записки генерал-майора Ивана Васильевича Чернова» деген еңбегінде: «В 1839 году несколько сотен казаков …были посланы в степь под начальством полковника Геке наказать известного Исета Кутибарова … Он хитер, умен, в степи великолепный тактик…» деп Есет Көтібаровтың жетік әскери басшы екендігін айқындайды.

Орыстың белгілі ғалымы әрі жазушысы Е.П.Ковалевский 1839-1840 жылдары Хиуаға сапарында Есет Көтібарұлымен кездескен. Ол өзінің жазбаларында «Есет дене бітімі Геркулеске келеді, оның шойыннан кұйылғандай кесек пішіні, табиғатына сай сұлулығы, жанкешті батырлығына толы әдіс-айласы Европа адамын қайран қалдырса, өз отандастарын тәнті етіп, табындырып қоярлықтай еді» деп көрсеткен.

Тарихшы Төлеубай Төлепбергени «Қарабас батырдың ұрпақтары» атты еңбегінде «Есет жас кезінен-ақ Кіші жүздің орта бөлігіндегі қоғамдық-саяси өмірге белсене қатысты. Әсіресе Әлім тайпалық бірлестігінен тарайтын Шекті еліндегі Қабақ, Тілеу руларының аға биі болған әкесі Көтібардың 1833 жылы Орынбор әкімшілігінің жергілікті руларды айдап салатын қырғиқабақ саясатының құрбаны болғанынан кейін Есет ел тағдыры үшін күреске белсене кіріседі. Ол 13 мыңға тарта шаңырақтағы 90 мыңға тарта жанның қолдауын тапты»дейді.

Есет батыр Көтібарұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс 1847-1858 жылдар аралығында 11 жылға созылған.Ресей империясының мылтықпен, зеңбірекпен мұздай қаруланған, тұрақты дайындалған әскеріне қарсы көтерілісшілер өздерінің қолындағы аздаған мылтық, қылыш, найза, сойыл, шоқпар сынды қаруларымен қарсы тұрды.Бұл — Арал теңізінің батыс жағалауын, Үлкен және Кіші Борсық құмдарын, Үстірт, Доңызтау, Асмантай-Матай өңірін, Жем, Сағыз, Елек, Қобда, Ойыл, Қиыл өзендерінің бойын мекендеген қазақтардың көтерілісі болатын. Көтерілістер патшалық Ресейдің отаршылдық саясатының нәтижесінде қазақ жеріне әскери бекіністер салынып, құнарлы жерлерге орыс-казак атты жасақтары орналастыра бастауынан туындады.

«Русский художественный листок» 1858 жылғы 1 қарашадағы 51-санындағы мақалада: «Исет Кутибаров известный возмутитель Киргизской степи в Малой Орде. Имя Исета в Малой Орде было также грозно, как и соотечественника его Кене-Сары, убитого в сороковых годах или как имя героя Кавказского Шамиля» деп жазылған. Одан әрі: «55 жастар шамасында, ұзын бойлы, сирек қара сақалды, қодірен мұртты. Оның бет-жүзіненқайырымдылық пен сергектік, тұнық әрі сабырлы көздерінентерең ой, ақылдылық, салмақпен айтқан әңгімелерінен оның қазақ болмысын терең білетіндігі және кең парасаттылығы байқалады. Бұл оның әділдігі мен туралығы мол адамгершілік иесі екендігін көрсетеді» деп Есет батырдың адами бейнесін анық та ашық бейнелеген.

Есет батыр Көтібарұлы1847-1848 жылдары Жанқожа батырмен бірге Қоқан, Хиуа хандықтарына қарсы шықты.1847 жылғы 18 шілдеде Жем аумағында Есет батыр өз адамдарымен Орынбор және Орал әскерлерінің казагынан және патша әскерінің қатарында қызмет еткен сұлтандар басқарған 120 жасақтан құралған жазалау отрядына шабуыл жасады. Есет батыр бастаған көтерілісшілер шекараға жақын орналасқан Ресей бекеттеріне де қауіп төндіріп отырды.1853-1854 жылдары Есет батырдың басшылығымен қарулы көтеріліске шыққан Кіші жүз қазақтарының шекаралық әкімшілікпен қақтығыстары болды. Бұл кезде патша үкіметі Орта бөліктен 4000 түйе жинауға билеуші сұлтан Арыстан Жантөринге қатаң тапсырма берді. Алайда Есет батыр бұдан бас тартты. Көтерілісшілер Ырғыз бекінісіне шабуыл жасады. Есет Көтібарұлының күшін талқандап, оны ұстау үшін Фитенгоф бастаған үлкен әскери күш шықты. 1853 жылы осы көтерілісті басуға сұлтан Арыстан Жантөрин, екі казак отряды мен 200 жігітті бастаған сұлтан Таукин, Орал бекінісінен майор Михайлов пен 600 жігітті бастаған сұлтан Е.Қасымов аттанды.Патша әкімшілігінің бұл жоспарынан хабардар болған Есет батыр Көтібарұлы Шекті ауылдарын Үстіртке жіберіп, өзі 800 жігітпен жазалаушы отрядтарды күтіп қалды. Жақсы қаруланған жазалаушы отрядтың көтерілісшілерге қарсы бұл жорықтары нәтижесіз болды. Орынбор генерал-губернаторының нұсқауымен көтерілісті басу келесі көктемге қалдырылды. Есет батыр 1853-1854 жылдың қысын Үлкен Борсықта өткізді. 1854 жылы көтерілісшілердің саны 1500-ге жетті. Олар Ресей үкіметінің алдына қазақ қауымынан түйе жинауды тоқтату, түтін салығын жою, қазақ даласына казак әскери жазалаушы отрядтарын жіберуге жол бермеу, жайылымдық жерге еркіндік беріп, Жем, Мұғалжар, Елек, Қобда, Жайық өзендерінің бойына көшіп-қонуға мүмкіндік жасау туралы талаптарын қойды.

1854 жылы көктемде көтерілісті басуға барон Врангель бастаған жазалаушы отряд жіберілді. Бұл отрядпен қарсыласу қиын екенін түсінген Есет батыр олармен келіссөз жүргізіп,өзінің патша үкіметіне адалдығын, айыбын өтеу үшін генерал-губернаторға баратынын мәлімдеді.Бірақ кейіннен өз уәдесінен бас тартып, қол жинап, ұрысқа дайындала бастады. Көтерілісшілер орыс-казак әскерлеріне далада тұтқиылдан шабуыл жасау, олардың аттарын айдап кету, әскери шептерге шабуыл жасау әрекеттерін жалғастырды.1854-1856 жылдар көтерілісшілердің саны көбейіп, жауға қарсы ұрысқа үш құрамға бөлінген — Ырғыз бағытында Бекет Серкебайұлы басқарған құрам, Орск беткейінен күтілетіндерге Есет басқарған құрам, Орал жағынан келетіндерге Ерназар Кенжалиннің үшінші құрамы қарсы тұрмақ болды.

1854 жылдың 21 тамызында іштерінде Есеттің туған інілері Сатай мен Матай бар 60 адамдық топ Орал бекінісіне шабуыл жасайды. 1855 жылы жазда Көкпекті тоғайы деген жерде Ерназар Кенжалин жетекшілік еткен көтерілісшілердің бір тобы Орал бекінісіне келе жатқан 11 адамдық Ткачев бастаған казактарға шабуыл жасап, 6 адамын өлтіріп, қалғандарын қолға түсірді. Ткачевтың өзі әзер құтылды. 1855 жылы Орынбор генерал-губернаторыКіші жүздің бір топ билеуші сұлтандарына көтерілісті басып, Есет батырды қолға түсіруге қатаң тапсырма береді. Маусымның аяғында тапсырманы орындау үшін 900 адамдық отрядпен, өзіне бекітілген екі зеңбірегі бар казак жүздігі және дистанция бастықтарымен бірге сұлтан Арыстан Жантөрин жорыққа аттанып, Ор бекінісінен 140 шақырым жер шамасындағы Елек өзенінің жоғарғы сағасындағы Суықсу шатқалына келіп бекінеді. Сұлтан ордасы мен көтерілісшілер арасында бірнеше күн бойы келіссөз жүргізіліп, екі жақ нақты шешімге келе алмайды. Осыдан кейін Есет батыр бастаған көтерілісшілер сұлтан ордасына тұтқиылдан шабуыл жасап, А.Жантурин бастаған оншақты би-старшындарын өлтіріп, казак отрядын талқандайды. Көтерілісті басу мақсатында Ырғыз,Орск, Арал, Орал бағыттарынан Михайловтың, Кузьминскидің, Фитенгофтың, Геккенің басқаруымен 2000-ға  тарта әскери күш шығарылды. Көтерілісшілер шағын құрамдарға бөлініп, жазалаушылармен партизандық әдіспен соғысып, Үстіртке шегінді, Хиуа шегіне жетті.

1856 жылдың күзінде Есет батыр жасақтары Жанқожа батыр Нұрмұхамбетовтың адамдарымен бірігіп орыстың әскери отрядтарына шабуыл жасады.Орынбор әкімшілігі жазалаушы орядтарға толықтай еркіндік берді. Жазалау әскери құрамдары Шекті елінің бейбіт ауылдарына шапқыншылық жасап, қырғын салды. Орыс-казак отрядтары кезкелген қазақ ауылдарын шауып, мал-мүлкін тонады, қарсыласқандарын атып тастап отырды.

1858 жыл қыркүйекте Орал казак-орыстарының әскери тобын басқарған Бородин көтерілісшілерді талқандады. Қозғалыс жеңіліспен аяқталды. Есет батыр халықты қырғынға ұшыратпау үшін күресті тоқтатанын мәлімдеді.

Есет батыр қозғалысы қазақ халқының Ресей отаршылдығына қарсы бірнеше жылға созылған соңғы ірі көтеріліс болды. Көтеріліс қазіргі Ақтөбе облысының аумағын түгел қамтыды. Бұған Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарының бірсыпыра халқы қатысты.Есет батыр қозғалысы Ресей империясының Орта Азияны басып алу саясатына кедергі болып, он жылға кейінге шегерілді.

Қазақ халқының қаһарман батыры, биі, әулиесі атанған Есет Көтібарұлын ел жадында қалдырып, ұлықтау мақсатында облыс әкімдігі жанындағы тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі комиссиясы Ақтөбе қаласында оған лайықты ескерткіш орнату туралы көпшіліктің ұсынысын мақұлдады. Облыс орталығындағы Д.Қонаев пен К.Нокин көшелерінің қилысында Есет Көтібарұлы ескерткішін орналастыру үшін жер учаскесі бөлінді. Осы жұмыстарды атқару үшін 2019 жылы «Есет батыр Көтібарұлы атындағы» қоғамдық қоры құрылды.

Көпшілік асыға күткен күн де жақындап қалды. Алдағы желтоқсан айында батыр ескерткішінің ашылу салтанаты болады деп күтудеміз.

Аманғали МҰХАМБЕТУЛИН,

«Есет батыр Көтібарұлы атындағы» қоғамдық қорының төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button