Спорт

Күткен жеңістің авторы — Малик Мане

Соңғы үш ойын бойы жеңіс көрмей, тіпті бір рет жеңіліске куә болып, үргедектеніп қалған ақтөбелік жанкүйерлер өткен сенбі күнгі матчқа үлкен үміт артып еді. Сол үміт ақталды да.

«Ақтөбе» өз алаңында алматылық «Қайратты» ойсырата ұтты — 3:0. Үш голдың да авторы — Малик Мане. Ол бар шаруаны бірінші таймның 21, 31, 39-минуттарында-ақ тындырып тастады. Бұл Сенегалдан келген шабуылшы қол жеткізген алғашқы хет-трик қана емес, «Ақтөбенің» де ең алғашқы ірі есеппен тиянақтаған ұтысы.

Енді басқа матчтарға назар аударалық.

Турнир кестесінің басында тұрған астаналық «Локомотив» өз алаңында Павлодардан келген «Ертісті» жеңгенде шашасына шаң тимеген күйі қала берер еді. Олай болмады. Есеп — 0:0.

Оның есесіне Талдықорғанда «Жетісу» жойқын мінез көрсетті. Қазіргі чемпионды, қостанайлық «Тобылды» тіпті де бұлғақтатқан жоқ, 4:1 есебімен ұтты.

Алғашқы үштіктің сапында келе жатқан «Шахтер» де бұл турда өз алаңында ойнаған болатын. Олар да алаңның қожайыны кім екенін еске салып, өскемендік «Востоктың» қақпасына жауапсыз екі доп соқты — 2:0.

«Ордабасы» бұл турға дейін тең ойнап көрген жоқ еді. Не ұтатын, не ұтылатын. Шымкенттік жанкүйерлер сүйікті командасының алғашқы тең ойынын өз қаласында қарсы алды. «Ордабасы» мен «Атырау» тату тарасты — 1:1.

Ал «Тараз» әлі де еш командамен тең түсіп көрген жоқ. Жеті рет жеңілген олар бұл турда өз алаңында қызылордалық «Қайсарды» қабылдап, үшінші рет жеңіске жетті — 1:0.

Енді премьер-лиганың 10-турдан кейінгі жағдайына келейік.

Көш басына 21 ұпай жинаған, қарсыластар қақпасына ең көп доп соққан (18) «Жетісу» қайтадан оралды.

Дәл осындай 21 ұпайы бар, өткен екі турда бірінші орында тұрған «Локомотив» доп айырмашылығына байланысты екінші орынға сырғыды.

3-8 орындағы командалар сол бұрынғы тұғырларынан қозғалған жоқ:

«Шахтер» (20 ұпай), «Ақтөбе» (20), «Ертіс» (17), «Ордабасы» (16), «Тобыл» (11), «Атырау» (11).

«Тараз» екі саты жоғарылады: 9 ұпай, тоғызыншы орын.

8 ұпайы бар «Қайрат» оныншы орынға түсті.

Он бірінші орынға 7 ұпайын көбейте алмаған «Восток» орналасты.

Қарсыластар қақпасына ең аз доп (5) соққан, өз қақпасына ең көп доп (21) жіберген «Қайсар» 5 ұпаймен соңғы, он екінші орында тұр.

Өз алаңымызға қайта оралсақ, «Ақтөбенің» қазіргі жағдайы мынау: 6 ұтыс, 2 тең ойын, 2 жеңіліс, доп айырмашылығы: +15 -7.

  • 15 мамыр күні бірінші айналымның соңғы ойындары өткізіледі.

«Ақтөбеміз» Қызылордада «Қайсардан» жеңіл қоймайтынына, тіпті жеңіске ие болатынына сенгіміз келеді.

Жалпы бұл турда көш басындағылардың барлығы да сырт алаңда ойнайды:

«Восток» — «Жетісу»;

«Тобыл» — «Локомотив»;

«Қайрат» — «Шахтер»;

«Ертіс» — «Ордабасы»;

«Атырау» — «Тараз».

  • Мергендер көшін екі ақтөбелік бастап келеді:

Марат Хайруллин — 6;

Малик Мане — 5.

Бұдан соң 4 доптан соққан 7 футболшы тұр. Олардың арасында осы турда Премьер-лигадағы 75-ші голын соққан «Жетісу» командасының шабуылшысы Улугбек Бақаев бар.

УЕФА

Өткен аптада Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының финалдарында  ойнайтын командалар айқындалды. Бұл тізімде былтырғы чемпиондар да, сол ақтық додада сол чемпиондармен табан тіресе айқасқандар да жоқ.

Рас, бұрынғы чемпиондар бар.

Қай клуб төртінші рет чемпион болмақ?

 

Чемпиондар лигасының финалына испаниялық «Барселона» мен ағылшындық «Манчестер Юнайтедтің» жеткені, әрине, аса таңқаларлық оқиға емес, тіпті заңдылық тәрізді.

Екеуі де Еуропаның футбол алаңдарын дүр сілкіндіріп жүрген сайыпқырандар, екеуі де үш дүркін чемпиондар. Бұл мәртебені «Барселона» 1992, 2006, 2009 жылдары жеңіп алса, 1968, 1999, 2008 жылдары «МЮ»-дің мерейі үстем болды.

Тіпті бұл екеуі бір рет финалда да кездесті. Сол 2009 жылы бас жүлдені «Барселона» жұлып әкетті. Сөйтіп «МЮ» финалдық ойындарда алғаш рет (әзірге бір рет қана) қапы қалды. Ал «Барселона» бұған дейін үш финалдық ойында (1961 жылы поругалиялық «Бенфикадан», 1986 жылы «Стяуадан», 1994 жылы италиялық «Миланнан») жеңіліп қалған болатын.

Әрине, мұның бәрі өткен күндердің шежіресіне айналды. Жанкүйерлер енді қос команданың қайсысы алдымен төртінші рет чемпион болатынын асыға күтіп жүр, болжамдар да жеткілікті.

28 мамыр күні Англияның әйгілі «Уэмбли» стадионында өтетін ақтық жекпе-жектің бір ерекшелігі — осы.

 

«Браганың» бабы мен бағы

 

Еуропа лигасының биылғы барысына, басқаларды кім білсін, португалиялық жанкүйерлердің өкпесі жоқ шығар.

1/8 финалда да, 1/4 финалда да бұл елдің үш командасы қарсыластарын қирата жеңді. Жартылай финалға сол үш командамен бірге Испанияның «Вильярреалы» шығып еді, ол да осы елдің бір өкілі «Бенфикамен» бірге ат басын тартуға мәжбүр болды.

Ал финалда ойнайтындар — «Порту» мен «Брага».

Жанкүйерлерге «Портуды» тәптіштей таныстырудың қажеті болмас. Қысқаша айта кетсек, «Порту» — Чемпиондар лигасының екі дүркін (1987, 2004) чемпионы, 2003 жылы Еуропа лигасында да озып шыққаны және бар.

Ал «Брага» жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықтының мысалы тәрізді. Тіпті Португалияның чемпионы болып көрмеген, бір рет қана ел Кубогына ие болған. Сөйткен «Брагаңыз» кешегі жартылай финалда Португалияның 31 мәрте чемпионы болған «Бенфиканы» ұтып кетті. Оның алдындағы ойындарда, 1/4 финалда Киевтің «Динамосын», 1/8 финалда ағылшындық атышулы «Ливерпульды» жолдан ығыстырып тастайды деп кім ойлапты?!

Бірақ болжамшы жанкүйерлердің басым бөлігі финалдық кездесуде жеңісті алдын ала «Портуға» беріп отырған сияқты. Себебі 2003 жылы Еуропа лигасы чемпионы болған «Порту» келесі, 2004 жылы Чемпиондар лигасының үздігі атанған еді ғой. Тағы да солай болғанын қалайтындар да баршылық. Дегенмен «Брага» да оңай шағылатын жаңғақ емес екенін дәлелдеп қойды.

Ал кімнің бабы келісіп, кімнің бағы жанатынын 18 мамырда Дублин қаласының (Ирландия) «Авива» стадионында өтетін кездесу анықтап береді.

 

Сенгеніміз Серб болды

 

Қазақстан футболын өркендетуге тағы бір шетелдік келді.

Осы айдың басындағы мерекелердің арасында серб маманы, 45 жастағы Слободан Крчмаревич Қазақстанның футболдан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы болып тағайындалыпты.

Бұл маман УЕФА-ның PRO лицензиясына ие екен. Бұл лицензия бойынша ол Еуропалық футбол қауымдастығына мүше елдердің құрамаларымен де, ұлттық чемпионаттардың жоғары дивизионындағы кәсіби клубтармен де жұмыс істей алады екен. Ал нақты не істепті дегенге келсек, бұған дейін ол белградтық ОФК және «Партизан» клубтарын, стокгольмдік АИК, кипрлік «Аполлон», сондай-ақ грекиялық ПАОК және «Панионис» клубтарын жаттықтырыпты. Оның тәрбиеленушілерінің қатарында Зоран Тошич (ЦСКА, Мәскеу), Миралем Сүлеймани («Аякс», Амстердам) және Гойко Качар («Гамбург») бар көрінеді.

Ал біздің жас қырандар жуықта жастар арасындағы 2013 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде ойнамақ. Іске сәт, Слободан!

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button