Жаңалықтар

Депутаттар мәселе қозғады: жаңа клиника неге жабық?

Облыстық мәслихат депутаттары жаңа медициналық клиника құрылысының сапасымен, жабдықталуымен танысып, оның проблемаларын талқылады.
Облыстық мәслихаттың бюджет, өңірлік және салалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Сұлупан Шынтасова бастаған депутаттар тобымен бірге облыстық балалар стационарының негізгі ғимаратына қосымша корпус болып табылатын «Aqqanat» жаңа клиникасына облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері келді.
— Мәселе мынада — осы жылдың наурыз айында пайдалануға берілген медициналық мекеме әлі жұмысқа кіріспеген, — деп түсіндірді тұрақты комиссияның төрағасы. — Аталған нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы бойынша салынған және біз құрылыс салушымен, басшылығымен кездесіп, осы клиника мен балалар ауруханасының жұмысы тоқтап қалуының себептерін бірге анықтауға тиіспіз.
Клиниканың кабинеттері мен үй-жайларында болған депутаттық топ жүргізілген құрылыс жұмыстарының сапасымен, ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстарымен танысты, дәрігерлер кабинеттерінде орнатылған медициналық жабдықтарды қарады.
Содан соң клиниканың мәжіліс залында жаңа медициналық мекеменің жұмысына қандай проблемалар кедергі келтіретіні туралы тақырыптық әңгіме болды.
— Біз барлық тараптарды тыңдап, негізгі себептермен таныстық. Енді жағдайды қалай шешуге болатынын ойластыру керек. Оның бір жолы — облыс басшылығына туындап отырған проблема және оны шешу жолдары бойынша ақпарат дайындау, — деді Сұлупан Шынтасова.
Негізінде «Aqqanat» жаңа клиникасы тәулік бойы жұмыс істейтін 100 төсектік стационар болып табылады. Мұнда гематология, онкогематология, эндокринология, ревматология, оториноларингология, пульмонология, аллергология, неврология бөлімдері орналасқан. Клиникада сондай-ақ 6 төсектік реанимация, ауысымда 50 келушіге арналған консультативтік-диагностикалық бөлімше, клиникалық-диагностикалық зертхана және операциялық блок бар.

Облыстық мәслихаттың баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button