Жаңалықтар

Ералы Тоғжанов полиция департаментінің бөлімшелерімен танысты

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов полиция департаменті бөлімшелерінің жұмысымен, материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты.

Есет батыр атындағы тұрғын үй алабында 50 мыңнан астам адам тұрады, алайда шағын ауданда бірде-бір учаскелік полиция пункті жоқ. Қоғамдық тәртіпті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жақын арада көпқабатты үйдің бірінші қабатында учаскелік полиция пункті ашылады.
Полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов жаңа шағын аудандарда полиция пунктерін оңтайлы орналастыру азаматтардың арыз-шағымына жылдам ден қоюға мүмкіндік беретінін және «Қолжетімді полиция» қағидатын іске асыруды қамтамасыз ететінін айтты. Бұл – ішкі істер органдары жұмысының сервистік моделін қалыптастырудағы негізгі бағыт.
Учаскелік полиция пунктінде өңір басшысы алдағы екі аптада аяқталуы тиіс жөндеу жұмыстарының барысын тексерді.
№1 қалалық полиция бөлімінде жедел басқару орталығының құрылысы басталды. Облыс әкіміне құқықбұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, халыққа уақытылы көмек көрсету мақсатында жүзеге асырылып жатқан жоба таныстырылды.
Полиция департаментінде Ералы Тоғжанов жұмыс істеп тұрған жедел басқару орталығының жұмысымен танысты.

Өңір басшысына Ақтөбеде қоғамдық тәртіпті қадағалау, қорғау 3 мың бейнебақылау камерасының, оның ішінде білім беру нысандарында орнатылған камералардың көмегімен қамтамасыз етілетіні баяндалды. Олардың көмегімен жыл басынан бері 15 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 98 қылмыс ашылған.
Полиция департаментін аралау барысында жергілікті атқарушы органдардың көмегін қажет ететін бірқатар проблемалар айтылды.
Облыс әкімі полиция бөлімдерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жан-жақты қолдау көрсетуге уәде берді. Өйткені, облыс тұрғындарының құқықтық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету басым бағыттардың бірі болып қала бермек.

Н. Дабылов.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button