Құқық

Тәуелсіз сот — тура билік жолы

Сот жүйесі

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесіне қатысты: «Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет. Осыған байланысты қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек. Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ жемқорлықтан таза болуы қажет. Ең алдымен, барлық судьялардың мәртебесін теңестірген жөн. Олар өзінен жоғары тұрған әріптестеріне тәуелді болмауы керек», — деген болатын.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Сот төрағасы мен Сот алқасының төрағасы лауазымына үміткерді судьялар өздері сайлайтын тәсіл енгізуді ұсынып, Жоғарғы Сот судьяларына да сайлау арқылы таңдау қажеттігін айтқан еді. «Судьялардың дербестігін арттыру үшін Жоғары сот кеңесінің мәртебесін  нығайтқан дұрыс. Судья болуға үміткерлерді дайындау, біліктілігін көтеру жұмысы Кеңестің құзыретіне беріледі. Сондай-ақ олардың шекті жасын ұзарту, өкілеттігін тоқтату мәселесімен де осы мекеме айналысады. Бұл мемлекеттік орган нақты кадрлық функциялары бар, толыққанды институтқа айналуы керек. Кадрларды іріктеуден бастап, барлық деңгейдегі соттарды тағайындауға ұсыным беруге дейінгі бүкіл міндет соларға жүктеледі», — деген еді Президент.

Жалпы біз бұл Жолдауда жаңалық көп екенін айқын аңғарып отырмыз. Енді оның бәрі жүзеге асуы үшін біздер жұмыс істеуіміз керек. Жолдауды жүзеге асыратын өзіміз ғана. Сөзден іске көшетін кез келген сияқты.

Сот жүйесіне қайтып оралсақ, Қазақстан демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет ретінде жария етілді. Мұндай мемлекеттерде адам құқықтары мен бостандықтары талқыға түскен шақта тағдырының шешілер жері де, жаза атаулының кесілер жері де — сот. Соттың әрбір шешімінің артында адам тағдыры тұр, ғапыл дүниеде адам мен оның өмірінен қымбат құндылық жоқ. Біздің Ата Заңымызда да дәл осылай жазылған. Сондықтан сот төрелігін жүргізетін судьялардың, бабалар тілімен айтсақ, бүгінгі билердің мәртебесі арнайы заңмен айқындалды.

Еліміздің тәуелсіздік алғаннан бергі сот жүйесінің кешегі жаңғыруы мен бүгінгі дамуы көз алдымызда және ертеңгі күнге деген мақсаты айқын, сенімі кәміл.

Мемлекетті мемлекет ететін заң десек, сол заңның мүлтіксіз орындалуын қадағалап, әділдік принциптерін жүзеге асыратын орган — сот жүйесі. Баршамызға белгілі, сот мемлекетпен бірге пайда болды. Өткенге көз жүгіртсек, 1991 жылы мемлекет тәуелсіздігін жариялағаннан кейін басталған саяси, әлеуметтік және экономикалық қайта құру процесі негізінде елімізде ұлттық-құқықтық жүйе қалыптасып, сот реформасы жүргізілді.

Егеменді елдің сот саласында түбегейлі өзгерістер орын алып, мемлекеттік биліктің дербес тармағы — соттың іргетасы қаланды. Сол уақыттан басталған реформа кезең-кезеңімен заң-ережелер, бағдарламалар, халықаралық тәжірибе және сарапшылардың талқылауымен жетілдіріліп келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев судьялардың VIII съезіне қатысып, еліміздегі сот жүйесінің дамуы мен судьялар мәртебесіне қатысты ойларымен бөлісті. Президент атап өткендей, сот әділ және тазалық принциптеріне берік болуы үшін қоғам мен мемлекет бірлесе күш жұмсауы қажет. Президент съезде жасаған баяндамасында судьялардың кәсіби деңгейі мен сот ісінің сапасына тоқтала келіп, бірқатар басымдықтарды алға қойған болатын. Сонымен қатар Мемлекет басшысы судьялықтан үміткерлерге талаптарды күшейту, кандидаттарды іріктеудің жаңа жолын қарастыру, сот үрдісіндегі қағазбастылықты шектеп, барынша оңтайландыру және халыққа ыңғайлы ету, түрлі дау-дамайларды шешуде бітімгершілік тетіктерін қосуды тапсырды.

Президенттің Кеңесте берген тапсырмасынан кейін сот реформасын заңнама тұрғысынан қамтамасыз ету үшін ҚР Парламенті Мәжілісінің арнайы отырысы өтті. Жиында сот жүйесі мен судьяларының мәртебесіне қатысты бірқатар заң жобалары мақұлданды. Атап айтқанда, сот жүйесі мен судьяларының мәртебесіне қатысты конституциялық заңға түзету енгізілді. Онда Жоғарғы Соттағы әкімшілік істер жөніндегі сот алқасын құру және қазіргі мамандандырылған сот алқасын тарату көзделген. Сот жүйесін жаңғырту туралы заң жобасында инвесторлар қатысатын дауларды қарау сатылығы қайта қарастырылды. Сонымен қоса «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекске бірқатар өзгерістер енгізіліп, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Заңына сәйкес келтіру талабы толық шешімін тапты.

Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов еліміздегі сот жүйесі қызметкерлеріне мейлінше ашық, анық үндеу жариялап, барша қазақстандықтың, бизнес өкілдері мен инвесторлардың және бүкіләлемдік қауымдастықтың сотқа деген сенімін жоғарылату міндетін алға қойды. Осындай мақсаты айқын міндеттердің нәтижесінде қазір сот саласы уақыт талабына сай жаңа деңгейге көтерілді деп сеніммен айта аламыз.

Қара қылды қақ жарған кешегі билердің бүгінгі ізбасарлары дауды оңтайлы шешуге атсалысып, араздасқан ағайынды татуластыруға, ел бірлігін нығайтуға өзіндік үлестерін қосып келеді. Сот судьялары мыңдаған адамның тағдыры мен дауын шешіп, олардың құқығы мен бостандығын қорғау жолындағы жанкешті еңбектің нәтижесінде халықтың сотқа деген сенімі нығайды.

Сот залына кірген әрбір судья тек заңға бағынуы керек. Данышпан Абай: «Ұят деген — адамның өз бойындағы адамшылығы», — деген екен. Ендеше, сот үшін бұлжымайтын ереже ар-ұяттан, адамшылықтан аттамау судьялардың басты ұстанымдарының бірі болуы қажет деп санаймын.

Зұлфия ҚАБДУЛЛИНА,

Ақтөбе қаласы тергеу

сотының кеңсе меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button