Мереке

Мереке құрметіне тал екті

25 қазан — Республика күніне орай облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ауласына ағаштар, соның ішінде жеміс ағаштары да отырғызылды.

Тал егуге облыстық дін істері басқармасының қызметкерлері, Ақтөбе қаласындағы мешіттердің қызметкерлері, жамағат өкілдері, православ және басқа да діндер мен конфессиялар өкілдері қатысты. Олардың арасында облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев, облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлы жәнеАқтөбедегі әулие Николь кафедральдық соборының дьяконы Сергий Мешков та болды.

Бұл күні егілген тал өскіндерін Ақтөбе орман шаруашылығы мен «Симоненко» шаруа қожалығы ұсынған. Барлығы140 ағаш егілді. Оның ішінде шырша, қарағай секілді қылқанжапырақты ағаштар қарақат, бөріқарақат секілді жидекті бұталар,  жеміс ағаштары да бар. Мысалы, мешіт ауласына 30 алма ағашы егілді.

Облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлы мендьякон Сергий Мешков БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, ақтөбеліктерді алдағы Республика күні мерекесімен құттықтады.

Күнтізбеге қайта оралып, тәуелсіздігіміздің қастерлі, ізгі мерекесі ретінде атап өтілгелі тұрған Республика күні қарсаңында өңірдегі мешіттер көптеген іс-шараларды ұйымдастыруға кірісіп кетті. Оның ішінде спорттық жарыстар, білім сайыстары және басқа да шаралар бар. Мақсатымыз — жас ұрпаққа осы мерекенің мән-мағынасын ұғындыру, оның ынтымақ-бірлік үшін қажет екенін сезіндіру. Бүгін Ақтөбедегі басқа діндер мен конфессиялар өкілдерімен бірге қаланы көгалдандыруға үлес ретінде осы істі қолға алдық. Барша ақтөбеліктерді Республика күні мерекесімен құттықтаймын! Әрдайым аспанымыз ашық, Тәуелсіздігіміз баянды болсын! Халқымыз еш уақытта жаманшылық көрмесін! Әр отбасына бақ-береке тілеймін, — деді Серікжан қажы Еншібайұлы.

Тал егіліп болғаннан кейін жиналған жастарға дін саласында ұзақ жылдар еңбек еткен Ықылас Оразымбетовте өзінің батасын берді.

Сондай-ақ кеше Құрашасай ауылындағы №77 орта мектептің ауласына да шырша ағаштары егілді. 10 түп шырша ағашы осы мектепте балалары оқитын Жаңбырбай Жиенқұлов есімді азаматтың демеушілігімен алынған.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button