Басты жаңалықтарЖастар

«Мен елімді мақтан тұтамын»

Ұлттық мереке туралы жастар не дейді?

25қазан — Республика күні Ұлттық мереке мәртебесін алды. 13 жыл аталмай кеткен Республика күні енді еліміздің басты мерекесі ретінде тойланады. Бұл күннің маңызы қандай?Осы жөнінде қаламызда түрлі салада еңбек етіп жүрген жастарымыздың пікірін білдік.

Еламан БАЙҒОЗИН, «Шапағат» медалінің иегері:

— Республика күні болашақ ұрпақтың санасынан жойылып кетуге сәл қалғанда, ұлттық мереке ретінде қайта жаңғырды. Бұл жаңалық барша қазақстандықтарды қуантты. Себебі алғаш рет Қазақстан өзін дәл осы күні өз тілі, салт-дәстүрі, тарихы, әрі өзінің жеке даму болашағы бар республика ретінде жариялаған еді. Барша әлем елімізді жеке республика ретінде таныды. Алдағы уақытта өскелең ұрпаққа осы мерекенің мән-мағынасын түсіндіріп, өз құндылықтарымыздытұрақты дәріптеуіміз керек. Бұл жастардың патриоттықсезімін арттыруға да сеп болары анық.

Осы уақытқа дейін Тәуелсіздік күнін16 желтоқсанда тойлап келдік. Бұл дата енді тәуелсіздік алу жолында құрбан болған батырларымызды еске алу күні ретінде өтетінін қолдаймын.Себебі Тәуелсіздік күні үнемі Жаңа жыл мерекесінің көлеңкесінде қалып қоятын. Мерекені тойлаудан бұрын, алдымен шыршалар безендіріледі. Ал Республика күнін қай қырынан алсақ та ең оңтайлы шешім болғаны сөзсіз.

Ақылбек ҚОНЫСОВ, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті«Құқықтану» кафедрасының оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі:

— Республика күні2001 жылдан 2009 жылға дейін мемлекеттік мереке мәртебесінеие болған. Алайда кейінірек алынып тасталды. Ал бүгінде тарихи әділеттілік орнады деуге болады. Себебі дәл осы күні – 1990 жылдың 25қазанында «Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданған болатын. Декларацияның құндылығы сол — қазіргі заманғы либералды-демократиялық идеяларға сәйкес келетін мемлекет пен құқықтық жүйенің жұмыс істеуінің түбегейлі жаңа парадигмасын тіркеді. Бұл құжат коммунистік идеологияның ықпалынан шығудың алғашқы заңды қадамы болды. Республиканың саяси-құқықтық тарихында алғаш рет билікті заң шығарушы, атқарушы және сот болып бөлу принципі бекітілді. Саяси және экономикалық бәсекелестікті белгілейтінережелер енгізілді. Декларация барлық қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың,

соның ішінде саяси және діни, мемлекеттік және қоғамдық өмірге қатысудың тең

мүмкіндіктеріне кепілдік берді.

Декларацияны әзірлеушілер мен Жоғарғы Кеңес депутаттарының 30 жылдан астам уақыт бұрын саяси тәуекелдерге барып, осы Конституциялық актіде халқымыздың мемлекеттік егемендігі туралы сан ғасырлық арманын жүзеге асыру үшін батылдық танытқан орасан зор тарихи еңбегін мойындау керек.

Заңға сәйкес ұлттық мерекелер Қазақстан мемлекетінің дамуына айтарлықтай әсер еткен, ерекше тарихи маңызы бар оқиғаларға қатысты болады. Бұл күндері мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар өтеді. Ал мемлекеттік мерекелер — қоғамдық және саяси маңызы бар оқиғаларға арналған. Бұл күнді азаматтар дәстүрлі түрде атап өтеді.

Зульфия НАБИУЛИНА, «Ақтөбе облысы Ассамблея жастары» ЖҚ төрағасы:

— Республика күнінің ұлттық мереке ретінде ұлтымыздың жігерін жанып, рухын көтерген оң шешім болды.Республика күнінің тарихын жастарымыз жете біле бермейді. Сол себепті, алдымен, өсіп келе жатқан балаларға, жастарға егемендіктің мән-мағынасын ұғындыру керек. Тәуелсіздікті алуымызға 1990 жылы күшіне енген декларация себеп болғанын халық санасына сіңіргеніміз жөн. Әрі айтулы мерекені тойлау баршамыздың патриоттық сезімімізді оятады.

Декларацияның жекелеген ережелерінде философиялық-құқықтық семантикалық жүктеме бар. Мысалы, Қазақ КСР мемлекеттілігінің маңызды міндеті ретінде «қазақ ұлтының және Қазақстанда тұратын басқа ұлттардың ұлттық қадір-қасиетін нығайту» көрсетілген. «Қадір-қасиет» ұғымы терең гуманистік мағынаға ие және декларация авторларының оны егемендікке байланысты қарастырғаны қуантады.

Нұрәлем БАЙДУЛЛА, Футзалдан Қазақстан Ұлттық құрамасының мүшесі:

— Осы жылдан бастап Республика күні қайта жаңғырып, ұлтымызды ұлықтайтын мерекеге айналатыны көңіл қуантады. Тәуелсіздігіміздің кірпішін қалап берген бұл күннің оралуы — тарихи әділдік.

Спорттық жарыстарға барып, шекара асқан сайын өз рәміздеріммен мақтанамын. Мысалы, соңғы ойында Қазақстан ұлттық құрамасы Черногориямен кездесу матчын өткізді. Ұлтжандылық сезімікеудеңді кернеп тұрғанда өзге елде Әнұранымыз да басқаша естіледі. Қай елге барсақ та қазақстандық жанкүйерлер қазақтың Туын биікке көтеріп, қолдау көрсетеді. Біздің жеңісіміз оларға мақтаныш сезімін сыйлайды.

Жүрегі елім, жерім деп соққан қазақтың ұлтжанды азаматтарының арқасында біз қазіргідей тату-тәтті ынтымағы жарасқан елде өмір сүріп жатырмыз.
Әр адам қолынан келгенінше елінің жақсы атын шығарса, Туын әлемдік ареналарда желбіретсе, міне, нағыз бақыт, сол.

Азат ОРАЗАЛИН, Облыстық жастар ресурстық орталығы жастар бастамаларын қолдау және ұйымдастыру бөлімінің басшысы:

1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен қабылданған «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация — Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасын қалаған маңызды құжат. Кейін егемендігімізді өз рәміздерімізбен, жеке шекарамызбен, азаматтығымызбен бекіттік.

Әлі есімде, 4-сыныпта оқып жүргенімде, мектепте Республика күніне орай іс-шара өтті. Жаттаған тақпақтарымызды айттық, Қазақстан туралы әндер шырқадық. Отан, ел тақырыбында мақал-мәтел айтып, жұмбақтар да шештік, ұлттық ойындарды да ойнадық. Балаға не нәрсені де ойын арқылы дәріптесе есінде қалады екен.

 Нұрдәулет ҚАБАСОВ, ақын:

— Республика күнінің мемлекеттік деңгейде зор құрметпен аталып өтуі халқымыз үшін қуанышты жайт. Жалпы ұлтты біріктіретін идеология ретінде мұндай мерекелердің болуы заңдылық. Ес білгелі Тәуелсіздік мейрамын 16 желтоқсандатойлап келемін. Енді жастарға Республика күнін насихаттап, түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек. Азаттық алуға жасалған алғашқы қадамның жеңісі ретінде осы тарихи датаның маңыздылығын аша білуіміз керек.

Аян ҚАЙЫРБЕК, жас өнертапқыш, Ақтөбедегі NIS оқушысы:

— Халықаралық жарыстарға қатысып жүргенде, менің жанымда үнемі көк Ту мен «KAZ» деген жазу тұрады. Осы көріністі көріп, менде мақтаныш сезімімен қатар, еліме деген сағыныш та болады. Себебі шетелге шықсам елімді, отбасымды, достарымды сағынамын. Мен қазақстандық екенімді мақтан тұтамын. Республика күні туралы ізденіп оқып жүрмін. Бұл мерекенің ұлттық мереке ретінде тойланатынына қуаныштымын.

 

Назерке ҚАРМАНОВА, «Қазақстан аруы-2021»:

— Мемлекеттің ең үлкен жетістігі тәуелсіз ел болу шығар. Ал Тәуелсіздік күнін тойлау — үлкен бақыт. Отандастарымыздың 16 желтоқсанды еске алу күні ретінде атап өткізсек деген тілегі орынды. Президентіміздің бастамасымен, Республика күні қайта жаңғырып, ұлттық мереке мәртебесіне ие болды. Бұл күн бөркімізді аспанға атып тойлайтын мерекеге айналары сөзсіз.

Назерке ЖОЛДИЕВА Ә.Молдағұлованың Ақтөбе облыстық мемориалды музейінің ғылыми қызметкері:

— Ұлы Даланы қорғау жолында шейіт болған батырларымыздың ерлігі қай уақытта да асқақ құрметке ие. 1990 жылы Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланып, еліміздің ертеңі үшін нық қадамдар жасалды. Тәуелсіз мемлекетіміздің бүгінгі шыққан биігі — соның дәлелі.Біз — жастар соғыс, аштық дегеннің не екенін білмесекте, тарихқа үңіліп ызғарын сезінгенде бақытты бала болып өскенімізге шүкірлік айтамыз.

Менің елім — менің мақтанышым. Ел болашағы үшін өз үлесімізді қосқымыз келсе, өзіміз қызмет жасап жатқан салада кішкентай ғана қадамнан бастау жеткілікті.

Әзірлеген Насиба ЗАРЛЫҚОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button