Жаңалықтар

Бизнестегі өзекті мәселелер ашық диалогта айтылды

Дөңгелек үстел

Жүйелі көтерілген шағымдар енді сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің өңірлік Картасына енгізіледі. Бұл туралыеліміздегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов пен өңір кәсіпкерлері қатысқан дөңгелек үстелде айтылды.

Кездесудің мақсаты — жемқорлықтың алдын алуға арналған өзара іс-қимылдың жаңа формасын құру, сондай-ақ кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін ашық диалогта талқылау.

«Атамекен»ҰКП Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Дана Бекбауованың жетекшілігімен өткен дөңгелек үстелге«СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «Ту-Ха», «Қазақойл Ақтөбе», «Великая стена»компаниялары секілді ірі кәсіпорын басшылары, сондай-ақ өңірдің жүзден астам шағын және орта бизнес өкілдері жиналды.

— Агенттік бизнесті қорғау және оның парасаттылығына жәрдемдесу, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласудан қорғау тетіктерін енгізу және кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне жедел ден қою бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Агенттік жанынан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің қатысуымен арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның негізгі міндеті — жедел ақпарат алу және бизнестің басқа мемлекеттік органдардың әрекеттеріне шағымдары бойынша мәселелерді алқалы түрде қарау, — деді Саян Ахметжанов.

Ақтөбе облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Дәурен Ерғарин соңғы жылдардағы кәсіпкерлерге қатысы бар істерге сүйеніп:

— Кәсіпкерлер негізінен орындалған жұмыс актілеріне қол қойдырып, оң шешім алу, сондай-ақ мемлекеттік сатып алулар жөніндегі байқаулар мен тексерістер нәтижесінің оң қорытындысын алу кезінде парақорлық тәуекелдеріне тап болады, — деді.

Дөңгелек үстел басында бірқатар кәсіпкер бизнестеріндегі кедергілер мен толғандырып жүрген мәселелерін көтерді. Жиын модераторы Дана Бекбауова кәсіпкерлер айтқан барлық ұсыныстар тіркеліп, тиісті іс-шаралар қабылданатынына сендірді.

Ал «Лидер» ЖШС-нің директоры Саясат Қалиев, «Ақтөбе білім» ЖШС-нің қаржы директоры Жанат Ибраева өздеріне нақты көмек көрсеткені үшін өңірдегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшылығынаалғысын білдірді.

Жиын соңында «Атамекен»ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен бизнеске қатысты мәселелерді талқылау үшін тұрақты жұмыс істейтін алаңдар құру туралы шешім қабылданды. Өңір кәсіпкерлері жаңалықтарды оң қабылдап, айтылған бастамаларға қолдау білдірді.

Кездесуден соң Превенция қызметінің басшысы Ақтөбедегі құрылысы 2017 жылы басталып, ұзаққа созылған Оңтүстік айналма жолының қазіргі жағдайын көрді. Мұнда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен таныстырған облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр салынып жатқан төрт жолақтың екеуі 15 қазанда пайдалануға берілетінін айтты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button