Жаңалықтар

«ҚАЗАҚОЙЛ АҚТӨБЕ»: ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді

Облыстағы жетекші мұнай-газ өндіруші кәсіпорны – «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС ұжымы осы мекемеде жұмыс істеген аға буын өкілдерін Халықаралық қарттар күнімен құттықтады.

 

– Бұл — біздің компанияның жақсы дәстүрлерінің бірі.Біздің кәсіпорынның іргетасын қалап, ұжымдағы ұрпақтар сабақтастығымен жалғасып келе жатқан өзіндік әдемі дәстүрлерімізді қалыптастырған аға буын өкілдеріне алғысымызды білдіреміз. 23 жыл бұрын аты болғанымен, атағы таралып үлгермеген жаңа жауапкершілігі шектеулі серіктестік аға буынның тынымсыз еңбегінің арқасында бүгінде мұнай өндіру, әлеуметтік және корпоративтік жауапкершілік саласында көшбасшы кәсіпорындардыңбіріне айналды, — деді «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС аппарат басшысы Асқат ӨТЕГЕНОВ.

Оның айтуынша, мұндай табысқа жетуге мұнай өндірудің жоғары қарқыны ғана емес, қызметкерлердің кәсібилігі мен жоғары біліктілігі, озық технологияларды еркін меңгеруі де ықпал етті.

Алғашқы PR-менеджер

Кәсіпорынның алғашқы аяққа тұруы, қалыптасуы, дамуының маңызды кезеңдері мен айтулы оқиғалары туралы мағлұматтарды бүгінде компанияның веб-сайтынан еш кедергісіз көруге болады. Кәсіпорынның бүкіл тарихы әдемі суреттерімен көмкеріліп көрсетілген.

Ал сонау 2001 жылы жұмыс енді басталғанда компанияның имиджін қалыптастыру жұмыстары қалай жүргізілетінін ешкім білген жоқ-ты. Десек те, ЖШС басшылығы кәсіпорынның имиджін қалыптастыру мәселесіне өндіріс ісінен еш кем түспейтін маңызды сала ретінде басымдық берді. — Ол бір қызықты кез еді, біз де өз компаниямыз сияқты жас, өршіл едік. Бұл кәсіпорын тарихының алғашқы парақтары жазылар үлкен жолдың басы еді, біз осы тарихымыза кейін көз жүгірткенде оның парақтарында тек жарқын сәттердің, қоғамға пайдасын тигізер әлеуметтік жауапкершілікке толы тұстардың көп болуын көріп, қуанатындай, риза болатындай тарих жасаймыз дегенге бекініп жұмысымызды бастадық. Және солай болды да: бүгінде «Қазақойл Ақтөбе» өзінің жер қойнауынпайдалану аумағында дәл сол кездегідей игілікті істерін жалғастырып келеді, — дейді 2001 жылы кадр жөніндегі инспектор ретінде жұмысқа қабылданған ЖШС-ның алғашқы пиар-менеджері Светлана ТЫНЫМБАЙ. 

Оның айтуынша, дәл сол жылдары халықтың әлеуметтік осал топтары — жетім балаларға, соғыс және еңбек ардагерлеріне, қарттар мен мүгедектерге, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға демеушілік көрсету, балаларын оқыту секілді қолдау көрсету жұмыстары қолға алынды.

— Біз материалдық және қаржылық жағынан көмектескен Алға балалар үйінің тәрбиеленушілерімен арада үлкен достық қарым-қатынас қалыптасты. Мәселен, балалар үйінде өскен қыз бала тұрмысқа шығып, балалы болғанда екеуі де отбасылық дәстүрлерді білмегендіктен, баланы қырқынан шығару дәстүрін қалай өткізу туралы бізден сұрады. Біздің қызметкерлер білгенімізді айтып, қуана көмектестік. Бұл ең алдымен, бізге, яғни «Қазақойл Ақтөбе» компаниясының қызметкерлеріне артылған үлкен сенім деп білеміз.

Менің әріптестерім өткізген балалар үйі тәрбиеленушілерінің салған суреттері мен қолөнер бұйымдары сатылған аукциондардан түскен қаржы жетім балалардың игілігі үшін жұмсалды. Әрқайсысымыз қолымыздан келгенше көмектесуге, қолдау көрсетуге тырыстық.

Біз уақытымыздың көп бөлігін жұмыста өткізетініміз белгілі. Осы жылдардағы еңбектің тәтті дәмін бірге татқан, жеңістерге бірге қуанып, кейбір сәтсіздіктерде бірге мұңайған әріптестерді ұмыту мүмкін емес.  «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС — біздің екінші үйіміз, ал үйімізге әрқашан қуанышпен келеміз, себебі уақыт сынынан өткен ескі достар менпікірлестерді көрудің қуанышын сезінудің өзі үлкен бақыт емес пе? — дейді ол.

Жаңа жобалар инженері

Марсель Магисұлы САБЫРЖАНОВ 2005 жылы сол кездегі И.Губкин атындағы Мәскеу мұнай институтында курстан өткеннен кейін жаңа кәсіпорынға күрделі құрылыс басқармасының жаңа жобалар жөніндегі инженері қызметіне келген кездерін мақтанышпен еске алады:

— Ол кезде Әлібекмола мен Қожасай кен орындары енді ғана игеріле бастаған болатын. Сондықтан істелуі тиіс жұмыс ауқымы үлкен болды: ұңғымаларды және мұнайды судан босату керек болды, газ  факелдерде жағылатын. Қара алтын мен көгілдір отынды өндіру процесі біртіндеп жолға қойылып, мұнай-газ өңдеу кешенін салу қолға алынды. Өндірістік инфрақұрылымның іргетасы мен базасының біздің басқарманың ұйтқы болуымен қаланғанын мақтан тұтамын. Мен жобалаушылермен бірге техникалық негіздемені жасадым.

Бұл компанияда 11 жыл бойы қызмет еттім, еңбегім еленді. Серіктестіктің қазіргі қызметкерлері, олардың арасында менің шәкірттерім де бар — үнемі аға буын өкілдерімен, еңбек ардагерлерімен, бізбен хабарласып отырады, ақыл-кеңесімізді тыңдайды. Тек Қарттар күні ғана емес, барлық мерекелерде хабарласып, құттықтап, құрмет көрсетіп жатады. Ұрпақ сабақтастығы деген, міне осы. Біздің компаниямыз еліміздің игілігі жолында жемісті еңбек ете берсін деп тілеймін, — дейді ол.

«Құрмет» орденінің иегері

Жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі «Құрмет» орденінің бірінші және әзірге жалғыз иегері —  22-учаскенің 6-разрядты технологиялық қондырғылардың операторы Құрманғали Смағұлұлы ИСТІЛЕУОВ.

Ол ел экономикасын дамытуға сіңірген еңбегі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін 2014 жылы осындай жоғары құрметке ие болған еді.

– Менің 45 жылдық еңбек өтілім бар, соның ішінде 13 жылдан астам уақыт бойы осы серіктестікте еңбек еттім, – дейді еңбек ардагері — Алғашқы жылдар әлі есімде. 22-ші учаскеде іс жүзінде ештеңе болған жоқ, тек бір бос бөшке мен жыландар болғаны әлі күнге дейін көз алдымда. Жыландарға етіміз үйреніп кеткені соншалық, қорықпайтын болдық. Алғашқы екі жылда «Жаңажол» газ өңдеу зауытына мұнайды жанармай таситын 25 көлікпен тасымалдадық.

Екі жылдан кейін инфрақұрылым құрылысы қарқынды жүргізіле басталды. Осы тұста біз, жұмысшылар, жұмыс берушімен ұжымдық шарттың негізгі тармақтарын әзірлеуге кірістік. Мен кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары болдым.

Бүгінгі таңда ЖШС қызметкерлеріне жайлы жұмыс жасауына бар жағдай жасалған — ыңғайлы заманауи жатақханаларда бөлмелер төрт адамға арналған, онда теледидар, тоңазытқыш, жуынатын бөлмесі, спорт залы бар, үш мезгіл тегін тамақ, кір жуу бөлмелері де қарастырылған. Яғни алаңсыз жұмыс істеуге, демалуға, шығармашылық, физикалық тұрғыда өзін дамытуға барлық жағдай жасалған. «Қазақойл Ақтөбе» компаниясының ұжымдық шарты мен әлеуметтік пакеті облысымызда ғана емес, республикада да ең үздіктердің бірі екендігі  — соның айғағы.  Тағы бір дәлелі — біздің компания Қазақстан Республикасындағы iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi арасында өткiзiлетiн «Парыз» бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгі жөніндегіреспубликалық байқауында екі рет үздік атанды, «Парыз-2021» байқауында «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша І орын, «Парыз-2009» байқауында «Үздік ұжымдық шарт» номинациясы бойынша ІІ орын алды.

Бір қызығы, «Қазақойл Ақтөбеге» жұмысқа келгенге дейін Құрманғали Смағұлұлы орманшы, мал шаруашылығының маманы болған. Қиын-қыстау заманда отбасы ештеңеден тарықтырмау үшін жоғары жалақы алу тек мұнай-газ саласында табудың мүмкіндігін ескерген ол осында келгенін айтады.

– Оқуды бітіргеннен кейін көмірсутек шикізатының технологы маманы ретінде жұмысымды бастадым. Мұнай даярлау орталығында шикі мұнайды өңдеп, тұздан тазартып, қоспаларын қосып, мемлекеттік стандартқа сәйкестіргеннен кейін «ҚазТрансОйл» жүйесіне жіберііп отырдық. Бұл сол кезде жарылыс болуы мүмкін өрт қаупі өте жоғары  аймақ болатын. Қауіпсіздік ережелерін барынша қатаң сақтадық. Жалпы, біздің мекемеде қауіпсіздік ережелерін сақтауға әрқашан өте жауапты қарайды, —  дейді жақында 73 жасқа толған еңбек ардагері Құрманғали ағай.

Құрманғали Смағұлұлы «Құрмет» орденінен бөлек, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 13 жылдығы құрметіне «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

– Мен жас мамандарға еңбекте жеміс, жаңа табыстар тілей отырып, бізге, аға ұрпаққа, көңіл бөліп отырғандары үшін алғыс айтқым келеді. Бізді Мұнайшылар күніне, Қарттар күніне, компанияның іргесі қаланған күніне арналған іс-шараларға ұмытпай шақырып, құрмет көрсетіп, сый-сияпатын ұсынып жатады. Мұның барлығыкөңілге қуаныш ұялатады, — дейді ол.

Тарихыңды — тамырыңды біл!

Инженер-эколог Серікбай Әбуұлы БИСЕН серіктестіктің еңбекті және қоршаған ортаны қорғау бөлімінде 10 жылдан астам жұмыс істеп, 2020 жылы зейнеткерлікке шықты.

— Біз Мұғалжар өңіріндегі Әлібекмола және Қожасай кен орындарындағы экологиялық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді қадағаладық. Қызметкерлерге Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерін, құқықбұзушылықтар мен төтенше жағдайларды болдырмау үшін талаптарды қатаң сақтау қажеттігін айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік, — деп еске алады ол,  —  Бүгінгі мереке қарсаңынды біздің — аға буын өкілдерінің басын қосып, құрмет көрсетіп жатыр. Мұның өзі компаниядағы ұрпақтар сабақтастығының үзілмегенін, үзілмейтінін көрсетеді. Бұған таңғалуға да болмас, себебі қазақ әрқашан өз ұрпағын — ұлын ел қорғаны, қызын қазақтың барлық дәстүрін сақтаушы ретінде тәрбиелеген. Бұл тәрбие біздің компаниядағы жастардың бойында бар. Қазақ «жеті атасын білмеген жетесіз» дейді, бұл да үлкен тәрбие, мен өзімнің 15 атама дейін білемін. Біз құлағанға демеу бола алатын халықпыз.

Осының барлығы да біздің компанияның жақсы дәстүрлері арқылы көрініс тауып келеді. Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қазіргі қызметкерлері біз салған сара жолды, дәстүр сабақтастығы мен ұрпақ сабақтастығын лайықты жалғастырып келе жатыр. Біз, аға буын, оларға барлық жағынан көмекші, үлгі болуға тырысамыз. Денсаулық және сәттілік тілеймін! Келесі кездескенше!

 Ләззат ЕГІБАЕВА

Қуандық ТӨЛЕМІСОВТІҢ түсірген суреті. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button