Басты жаңалықтар

Соғыс құрбандарын кім іздейді?

«Ақтөбе» газетінің 2009 жылғы 8 мамырдағы санында «Әкені іздеу» деген тақырыппен шағын мақала жарияланды. Онда Шалқар ауданының Қауылжыр селолық округінде тұратын зейнеткер Дархан Жалғасовтың Ұлы Отан соғысы майданында қаза тапқан әкесінің зиратын ұзақ жылдар бойына іздестіріп тапқаны, қасына баласы Сағиды ертіп, Ресейдің Волгоград облысы Кузьмичи поселкесіндегі қаруластар қорымына барып, әке рухына тағзым еткені баяндалады.

Мен Дархан ағаны көптен білетінмін. Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын бітірген соң өзі туып-өскен Шалқар ауданының селолық елді мекендерінде учаскелік ауруханаға басшылық етті, жоғары санатты терапевт, «Қазақ КСР денсаулық сақтау ісінің үздігі».

Әкесі Махамбетов Жалғас туралы дерек 1994 жылы баспадан шыққан «Естелік кітабының IV томында «1903 жылы туған, 1942 жылы хабар-ошарсыз кетті» деп берілген екен. Ол әскер қатарына шақырылғанда жары екі ұлмен ауылда қалыпты. Ұлмекен (Ұлыш) ана қарашаңырақ түтінін өшірмей балаларын аман-сау жеткізеді. Өкініштісі, кіші ұл Сахан 1963 жылы 25 жасында дүние салды.

Дархан болса анасын өз қолынан арулап, атамекен топырағына табыстады. Қазір ақар-шақар ауыл иесі, немере сүйіп отыр.

Әрине, әкенің елде қалған ағайын-туыстары оған жетімдік зардабын көп шектірген жоқ. Сөйтсе де әке орны қашан да үңірейіп тұрады емес пе?! Оның үстіне ана аманаты бар – біздің кейіпкеріміз дәрігердің мазасыз қызметінен қолы босаған сәтте газет-журналдарды, Ұлы Отан соғысы жайында әдебиеттерді оқып, жауынгер Жалғас Махамбетов туралы деректер ұшырасып қала ма деген үмітінен жаңылмайды. Одақтық «Труд» газетінің 1988 жылғы 4 ақпандағы санында жарияланған Волгоград (бұрынғы Сталинград) қаласындағы Мамаев қорғаны ескерткіш-ансамблінің директоры, генерал Т.Р. Пекарскийдің сұхбаты бір ұшқынды жалт еткізеді. Автордың айтуынша, 1418 күнге созылған қанды соғыста немістер тарапынан 1,5 миллион адам құрбан болған, КСРО жағынан оққа ұшқандар саны толық анықталмапты. «Әскерилер даңқы» пантеонына 7200 адамның фамилиясы тіркеліпті. Мамаев қорғанына жерленген 36 мың отандас азаматтар фамилиясы анықталған.

Сұхбатты оқыған соң Дархан генерал Т.Р. Пекарскийге екі рет хат жазып, одан 1988 жылдың 3 маусымында және сол жылғы 25 тамызда қол қойылған жауаптар алады. Бұл ретте бейтаныс әскери қайраткердің сергектігі, мәселеге оң көзқараспен қарауы әкені іздеген азаматқа дем бергенін айтқан жөн. Хат алмасу онан әрі жалғасады. Тек Волгоград облысының әскери комиссары, генерал А. Куликтің 2008 жылғы 14 сәуірдегі № 4/1017 хаты қыршын кеткен боздақ Ж. Махамбетовтің жерленген орны жайында толық деректерді білуге қол жеткізеді. Әскерилер азаматтық көрсетіп, марқұмның мәйіті орналастырылған мекенге – Кузьмичи поселкесіндегі қорымға қандай көліктермен жетуге болатыны жайлы нақты кеңес беріпті.

Жасы жетпіс үштегі, денсаулығы әр тұстан сыр беріп жүрген адамға мұндай алыс сапарға шығу оңай емес. Алайда жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп, әке қабірін тапқанда қалай үйде жатады? Шалқар аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнен қаржылай көмек сұраған өтінішіне жарытымды жауап ала алмайды. Тек сол ауданның әкімдігі берген 50 мың теңгені қалтаға салып, қасына баласы Сағиды ертіп жолға шығады. 31 қазан мен 5 қараша аралығындағы сапар қарт көкірегінде көптен қатып қалған шеменді жібіткені рас. Әке жерленген қорымда үш мыңнан астам отандастар жатыр, жергілікті орта мектептің оқушылары тұрақты қамқорлығына алған. Дархан аға Волоградта Мамаев қорғанында, осы өңірдегі зұлмат соғыс куәсіндей басқа да тарихи орындарда болғанын, әке зиратына атамекеннен топырақ апарып салғанын, гүл шоқтарын қойғанын тебірене айтады. Жалпы Ресей елінде соғыс қияметтерін ұрпақ жадына оралтуда үлгі аларлық сабақтар көп екеніне сүйсінеді.

Көзі қарақты, өмір жолында бай тәжірибе жинақтаған азамат осылай ой қозғап, келелі әңгіменің ұштығын шығарды. «Жалғыз менің әкем емес, анау соғыстың сұрапыл майдандарының алаңына айналған Смоленск, Тверь (Калинин), Псков тағы басқа орманды-батпақты өңірлерде, Ресейде ғана емес, одан да сыртқары мемлекеттерде қаншама қазақстандық жауынгерлер қалды? Олардың көпшілігі енді ғана шаңырақ көтерген шағында қолына қару алып кете барды, үйленбей артына қарайлай-қарайлай аттанғандар ше? Сол бейкүнә боздақтар не үшін, кім үшін шейіт болды? Олардың соңында белі бекімей, бұғанасы қатаймай шеше етегіне жармасып қала берген біздің алдымыз жетпістің бел ортасына келдік, бізден кейінгілер жетпісті иектеп қалды. Оңашада ойға қаламын: қайран әкелеріміздің немесе соңындағы ұрпағы – біздің жазығымыз неде? Әлімізше қатардан қалмауға тырысып, осы күнге жеттік. Әкелеріміз алып берген аса қастерлі Жеңістің арқасы екенін түсінеміз. Неге біздің егемен еліміздің Парламенті Ұлы Отан соғысының майдандарында қаза болған, хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық жауынгерлер мәртебесін айқындайтын Заң қабылдамайды?» дейді зейнеткер Дархан Жалғасов көзіне жас алып тұрып.

Ақырында ол өзін мазалаған осы ойдың жетегімен 2008 жылдың 14 қарашасында еліміздің сол тұстағы Қорғаныс министрі Даниал Ахметовке хат жазады. Мұның алдында 2006 жылы дәл осы мағынада Республика Парламентінің Мәжілісіне хат жолдаған болатын. Қорғаныс Министрлігінен келген екі хатта да мынадай жауап бар:

«Ұлы Отан соғысына қатысушылардың, мүгедектер мен оған теңестірілгендердің әлеуметтік қорғанысы мен жеңілдіктері туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 сәуірдегі Заңына сәйкес соғысқа қатысушының, мүгедегінің және жеңілдіктері мен кепілдіктері бойынша оларға теңестірілген адамдардың мәртебесі айқындалды. Аталған Заң Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткендерге қолданылмайды».

1995 жылы заң қабылданғаннан бері он алты жыл өтті емес пе? Қазақстан экономикалық-мәдени жағынан әлдеқайда нығайып, әлуетті елдер санатына қосылғанын айтып та, жазып та жүрміз. Оның үстіне Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерінің, оларға теңестірілген адамдардың қатары өмір заңымен сиреп келе жатқаны анық. Біздіңше, Д. Жалғасов көтерген мәселе назар аударуға әбден тұрарлық. Яғни Ұлы Отан соғысының майдандарында қаза тапқандар мен хабар-ошарсыз кеткендер мәртебесін айқындайтын Заң қабылдау кезеңі туды.

Әрине, халық, кешегі сұрапылда боздақ кеткен қыршындардың ұрпақтары әкені, атаны іздестіру жолында өздігінен тырбанып, тірлік жасап жатыр. Мысалы, Алға ауданында Сарықобда селосының тұрғыны Мұханбетқали Байдуллин әкесінің ағасы Исағалидың Ржев майданында қалған мүрдесін анықтап, ағайындарымен бірге сол өңірге барды, мүрдені атамекенге әкеліп қайта жерледі. Қобда ауданында Вознесеновка ауылынан майданға аттанған Павел Федотович Бондаренкоға мәңгілік қоныс Смоленск облысындағы Вязьма ауданынан бұйырыпты. Қобдалық азаматтар бастамасымен Вязьмадан әкелінген бір уыс топырақ атамекендегі қорымға табысталды.

Таяу уақытта телеарнадағы жүгіртпе жолдан Астана қалалық ардагерлер кеңесі тарапынан 1936-1945 жылдар аралығында туып, ортамызда есен-аман жүрген ардагерлерге «Жауынгер баласы» мәртебесін беру жөнінде ұсыныс айтылғаны байқалды.

Дархан аға үшін тағы бір үміт оты оянғандай. Иә, ол өмірден үмітін үзбей аналардың жалғасы ғой.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

журналист.

«Өмір ме екен аяқ басып жүрмеген…»

Жастайынан әкеден жетім қалған Рахмет ерте есейген. Ырғыз орта мектебін үздік бітірген ол Шилібөгет бастауыш мектебінде мұғалім болып жұмыс істейді. 1942 жылдың маусым  айында он тоғыз жасында өзі сұранып майданға аттанған.

Ұрысқа кірісер алдында елдегі анасына жазған  хаттарына қарағанда әскери дайындықты Ақтөбеде, одан кейін ай жарымдай уақыт Орынбор қаласында жалғастырады.

1943 жылдың көктемінде  немістердің алынбас қамалы болған Сталинград шайқасына қатысқан. Жаудың апшысын қуырған алапат ұрыстардың бірінде жарылған снаряд жарқыншағы Рахметтің екі қол, екі аяғын жұлып кетеді. Ауыр жараланған ол оңтүстік майдан госпитальдарының бірінде емделіп, сонда 1946  жылдың қыркүйек айына дейін болған. Госпитальда жатып елдегі анасына «Қайран ана» деген өлеңін жазып жібереді. Анасы Балатай бұдан да басқа майданнан жазған хаттары мен суреттерін жақсы үмітпен 1980 жылға дейін бақилық болғанша сақтап келген.

1946 жылдың жазында Рахмет Әбіловті бір иман жүзді, орта жастағы  татар азаматы Ақтөбе қаласына алып келген. Мекен-жайларын айтып, елдегі анасына хабар берген.  Бірақ олардан жуық арада хабар болмапты. Соғыстан аман қалғанына қуанған анасы Балатай ұлын «әне келеді, міне келедімен» күтіп жүрген. Сағыныш мауқын баса алмаған  анасы кешігіңкіреп Ақтөбеге ұлының мекен-жайын іздеп барса, үй иесі екі қол, екі аяғы жоқ қазақ жауынгерін орта жастағы  татар азаматының алып келгенін растаған.

Ішкі істер органдары арқылы іздеу салған, өлі-тірісін ешкім білмейді, табылмаған. Татар азаматы еліне кеткен. Бір шаңырақтың тіреуі болған, соғыста офицер шенін алған, қанды қырғыннан еліне мүгедек болып оралып, осылайша із-түзсіз жоғалады.

Бір атадан тараған Рахмет Әбіловтің аға-інілері Мүсәлім Қарагулин, Тәжімағанбет Қақыбаев, Инамин Шамғонов, Уәли Ұзақовтар 1942  жылы соғысқа алынғаннан хабар-ошарсыз кеткен.

Рахмет Әбілов анасына жолдаған «Қайран ана»  деген өлеңінде өмірге құштарлығы мен сағыныш сезімін былай деп білдірген екен:

Асыл анам, менің айтар сөзім көп,

Қалам алып, хат жазуға ебім жоқ.

Екі қол мен екі аяқтан айрылдым,

Өзіңмен де көрісуге сенім жоқ.

Төсегімді ауыстырып жаңадан,

Жолдастарым көмектесед қамалап.

Осы хатты татар досқа жаздырдым,

Қазақшаны білед екен шамалап.

Өмір ме екен, аяқ басып жүрмеген,

Өмір ме екен, тең құрбымен күлмеген,

Өмір ме екен, ешбір қызық көрмеген.

Жер бетінде енді соғыс болмасын,

Қарғыс атсын, соғысқұмар оңбасын.

Мен болайын соңғы соғыс құрбаны,

Менімен кетсін соғыс таңбасы.

Қайран ана, көріспесек қош енді,

Қас жауыма жібергем жоқ есемді.

Тағдырыңды тірілерге тапсырдым.

Перзентіңе ақ сүтіңді кеш енді.

1943 жыл.

Соғыстың аты — соғыс. Талай боздақтардың шаңырағын ортасына түсірді. Солардың бірі он тоғыз жасында өмірден  қыршын кеткен Рахмет сияқты боздақтардың рухына тағзым ету —  бүгінгі  ұрпақ үшін парыз.

Әбдісағи Мүтәлиев,

еңбек ардагері.

От кешкен аталар

Мамандығым тарихшы болған соң өткенді түгендеп, тәлімді тұстарын жинақтап шәкірттеріме жеткізіп жүретінім бар. Сондай ретпен кешегі соғыс тауқыметі туралы талай деректерге жолығуыма тура келді.

Өзгесін айтпағанда, менің атам Ғұбайдулла Қалмағамбетовтің өткен өмір жолы жас буынға өнеге болады ғой деп ойлаймын. Ол 1942 жылы Жұрын аудандық әскери комиссариаты арқылы майданға шақырылады.

Майдан жолдарына көз жүгірткенде көп жайға көңіл тоқтатқандайсың. Оңтүстік-батыс майданында бөлімше командирі, 3-Украина, 1-Белорусс майдандарында атқыштар взводының командирі болған ол талай рет жауынгерлерін бастап, жауып тұрған оққа қарсы ұмтылды ғой бағамдаймын. 236-гвардиялық атқыштар полкінің құрамындағы минометшілердің командирі болғаны да құжатта жазылған.

Атамның «Қызыл жұлдыз», Александр Невский, Богдан Хмельницкий ордендері, бірнеше жауынгерлік медальдары — кейінгі ұрпақтары үшін мақтаныш белгісіндей.

Атам соғыстан кейінгі жылдары Мұғалжар станциясының тас карьерінде жұмысшы болып еңбек етеді. Кейінірек құрылыс учаскесінде жұмыс істеп жүрген қарапайым жан Мұғалжар селолық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып сайланады.

Оның өмірден өткеніне биыл отыз алтыншы жыл. Әр жылғы Жеңіс күні қарсаңында атамызды еске алып, елеңдеп отырамыз. Ел қорғаған жауынгердің ұрпағы екенімізді мақтан тұтамыз.

Атамызбен тұста тағы бір майдангер — Серікбай Күзембаев Мәскеу түбіндегі ұрыстарға, Брянск, Варшава қалаларын азат етуге қатысады. Брест қамалы түбінде көзінен жарақат алады.

Жауынгер ата ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталған. Көптеген медальдары және бар. Ол соғыс аяқталған соң да сапта қалып, қираған қалаларды қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан.

1947 жылы ғана елге оралған Серікбай ата қазіргі «Тас» бекетінде еңбекке араласады. Ол ұзақ жылдар «Көктас» акционерлік қоғамы ұжымында жұмыс істеді.

2003 жылы оған облыс орталығынан пәтер берілді. Бүгінде Мұғалжар селосындағы ата ұрпақтары Жеңіс жауынгерін алдағы мерекесімен құттықтауға әзірленуде.

… Олар елге Жеңіс әкелуді ойлап еді. Ол армандарын орындады. Біз сол үшін бақыттымыз.

Мәлік ҚАЛМАҒАМБЕТОВ,

Мұғалжар ауданы.

Жеңіспен бірге келмеді…

1941 жылғы сұрапыл соғыс басталғанда менің әкем Қуаныш пен інісі Зейнолла елін-жерін қорғауға аттанған болатын. Шиеттей бала-шағасы Дүйсенғали атам мен Ырысты әжемнің қолында қалдық. Ол кезде қиыншылық көрмеген, көзінің жасы көл болмаған отбасы болмады.

Атам мұғалім болатын. Бізді, аш құрсақ балаларды, әңгіме-жыр айтып ұйықтатушы еді. Өзі көңілі бұзылған шақтарда:

Ахау, Гитлер залым,

Келмес әлің,

Сау болса —

Елге қайтар балаларым,-

деп көзіне жас толып кететін.

Шынында да, Гитлердің әлі келмеді. Біз жеңдік. Бірақ атамның екі баласы да елге оралмады. Арттарынан «қара қағаз» келді.

Қазіргі уақытта ата да, әже де, шеше де мәңгілік сапарға аттанды. Біз де біраз жасқа келдік.

9 мамыр келгенде Жеңіс үшін қуанамыз, әкеміз бен бауырымызды еске алып қайғырамыз. Сондайда «Енді соғыс болмасын!» деген тілекті жиі айтамыз.

Несібелі СӘРСЕНБАЕВА.

Бақытымыздың бастауы

Біздің буын соғыс лебін сезінген жоқ. Әкелеріміз де сол бір дауыл толқынын әңгімелер арқылы біледі. Ал үлкен аталарымыз қолдарына қару ұстап, қанқұйлы жауға қарсы майданға аттанды. Әжелеріміз батысқа қарап, жауынгер жарларын үмітпен күткенін біз кітаптардан оқып, кинолардан көрдік.

Жыл сайынғы 9 мамырда біздер шыбын жанын шүберекке түйіп, «ұрпағым тыныштықта өмір сүрсе екен» деп ерлік үлгісін көрсеткен аталардың аз ғана тобымен кездесулер өткіземіз. Олардың қатары уақыт өтуімен бірге сиреп келе жатқаны өкінішті.

Майдангер аталардың әңгімелерін тыңдай отырып, олардың да бір кезде жалындаған жастық дәуренді бастарынан өткергендерін, бірақ сол бір қимас шақтары елге майданнан жолдаған үш бұрышты хаттар арқылы жеткен сағыныш сезіміне көмкеріліп қалғанын сезінеміз.

Оларды бір ғана «Жеңіс!» деген сөздің құдіреті аспанға әуелетіп көтергенін сіз түсінесіз бе, кейінгі жас буын?

Ұлы Жеңіс — біздің бүгінгі бақытты шақтарымыздың бастауы. Оны бүгін де, ертең де ұмытпаймыз!

Ақбаян САҒЫМБЕКОВА,

Ақтөбе қаласындағы №31 орта мектептің оқушысы.

Тоқсанның тойы

Әбдішәріп ақсақалдың өмір жолында сан түрлі бел-белестер, қиямет-қайым жолдар аз кездеспейді. Бірақ оның бүгінгі тоқсанға келген жасындағы ширақ қимылына, санасының сергектігіне қарап отырып басқаша да ойлап қаласың.

Бәлкім, тіршілік тосқауылдары адамды ширықтыратын болар. Жеңіс пен жеңіліс алмасуымен тоғызыншы асуына қол созған ғұмыр сабақтарын бір сәт сараптап көрелікші…

1921 жылдың жаз айында Ырғыздың Аманкөл болысында дүниеге келген ол балалықтың алаңсыз тәтті шағын көп құмарланып тата алмайды. Әкесі Назарбек ертерек дүние салады да, анасы соңына балапандарын ерткен қоңыр қаздай төрт жеткіншегін жетелеп, Мамыт құмы дейтін жердегі мал отарынан пана табады.

— Бала болсам да кәмпескелеудің дүрбелеңі есте қалыпты, Бәймен деген байды Қарқаралыға жер аударды, — дейді Әбекең,— Менің шешем де әлді шаруаға жатқызылып, салық салынды.

Ырғыздағы интернат-балалар үйінде тәрбиеленген ол «жетім қозы тас бауыр, маңырар да отығар» дегендей, намысқа тырысып жүріп, алға ұмтылады. Мектепті үздік бітірген оны Басқұдық жеті жылдық мектебіне мұғалім етіп жібереді.

…1942 жылдың қыркүйек айының он алтыншы жұлдызын күні бүгінгідей жадында сақтап қалыпты. Жабасақтан майданға аттанған сексен жас жігітті тобын бұзбай Орынбор облысындағы Тоцкий әскери лагеріне жеткізілді. Бұл жерде үш ай мерзімдік дайындықтан өткізіп, майданға жөнелте береді екен. Жауынгерлердің көбісінің сауаты аз, сондықтан ауыл мұғалімі болған Әбдішәріптің білімі бұл жерде көп пайдасын тигізеді. Оны жауынгерлерді даярлау ісіне қажеттіліктен кейінгі мерзімге бірнеше рет қалдырады. Содан 1943 жылдың наурыз айында Ақтөбеге қайта оралып, осындағы Бердичев атындағы училищеде даярлықтан өтеді.

Жаттығуда шыңдалған жауынгер 17-ші әуе-десанты әскер құрамына алынып, Мәскеу түбінде тағы да күшейтілген әзірлікке кіріседі. Осындай дайындықтардан соң Әбдішәріп Назарбекұлы Малиновский басшылық жасайтын 4-Украин майданында соғысқа кіріседі.

— Майданда талай қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткердік қой, — деп әңгімелейді ардагер, — соның ішінде 1945 жылдың наурыз айындағы Будапештен отыз бес шақырым тұстағы шайқас есімнен кетпейді. Біз осы жерде немістердің қатты қарсылығына тап болдық. Венгрияның Раба деп аталатын өзенін екі жағынан құм басып жатыр, түн ішінде бергі тұсынан тасаланып барып бекініп, таң бозында өзеннен өтіп, шабуылға шықтық. Арғы беттен оқ қарша борап жатыр. Жиырма бес жолдасымыз су бетінен шықпай қалды. Жағаға аман-есен жеткеніміз шабуылдап, немістерді кейін шегіндірдік. Өмір мен өлім тайталасын осы жолы анық бастан өткердім. Генерал-майор Василий Попов кейін жазған бір естелігінде осы шайқас туралы баяндап, ішінде қазақ жауынгері деп мені де атапты.

Майдангер Австрия жеріндегі шайқастардың да қиян-кескі жағдайда өткенін айтады. Ол осында бір деревня үшін болған қанды соғыста жарақат алады.

Әбдішәріп Назарбекұлы үшін соғыс 1945 жылдың 16 мамырында аяқталады.

Елге аман-есен оралғаны — басты олжасы. Соғыстан соң бейбіт шақтың ұландарына сабақ берді Кеудесіндегі «Отан соғысы» ордені, екі «Ерлігі үшін» медалі басқа да марапаттары сол бір ауыр күндердің ескерткіші іспеттес.

Серігі Күнікей апа екеуі жеті баланы өмірге әкелді. Қазір Жалғасбек, Меруерт есімді екі шөбересінің қолынан су ішіп отырғанына тәубе етеді ақсақал.

Биылғы тоғызыншы мамыр — оның өмірінің тоқсаныншы белесімен сабақтас. Әбдішәріп Назарбекұлы бұл күнді тамырын жайған бәйтеректей ұрпақтарының ортасында қарсы алмақшы.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button