Жаңалықтар

Тоқсан шақырымда топ жарды

Аламан бәйге

Шалқар ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай аудан әкімінің қолдауымен жергілікті атбегілер мен шаруа қожалықтарының атсалысуымен арақашықтығы 90 шақырымға созылған аймақтық аламан бәйге өтті.
Шабандоздар Бегімбет ауылынан ертеңгілік жергілікті сағат 7.10-да аудан орталығы маңында мәресі межеленген ипподромды бетке алып, шаба жөнелді.
Бұл іргелі аламан бәйгеге барлығы 20 сәйгүлік қатысып, мәрені 12-сі кесіп өтті. Оның алғашқысы болып, 3 сағат 43 минутта Мұғалжар ауданы, Саға ауылынан қосылған Қантөре Шаридиновтің 7 жасар жүйрігі келіп, бас жүлдеге тігілген 2 миллион теңгенің Сертификатын алды. II орынға Шетырғыз ауылдық округінен қосылған «Айқасқа» атты тұлпар тұяқ іліктірді, оның жүлде қоры — 1 миллион 500 мың теңге. Үшінші болып Айшуақ ауылдық округінің тұрғыны Мұхамбеділда Бердешовтың сәйгүлігі келіп, 1 миллион теңгені қанжығасына байлады. IV орынға тігілген 500 мың теңгені Атырау облысы, Қызылқоға ауданынан «Мерс» атты тұлпар қосқан Қайырбек Баймұратов олжа тұтты.
Ипподром басында бұл күні 12 шақырымдық құнан, 8 шақырымдық тай бәйгелер де ұйымдастырылды. Құнан, тай жарыстарының бірінші орындарына Алға ауданынан келген «Асылтөс», «Сырдария» атты тұлпарлар лайықты болып, иелері жүлдеге тігілген жабағыларды жетектеп кетті.
—Аламан бәйгеге делебесі қозбайтын қазақ бар ма?! Десе де өлкеміздің торқалы жасы аясында өткізілген бүгінгі шараның мәні бөлектеу. Төсінде тұлпарлардың тұяғы дүбірлеген шежірелі жеріміздің жазығында дүйім жұртты елеңдеткен бәсі биік небір бәйгелер ұйымдастырылғаны тарихтан белгілі. Бүгінгі дүркіреген дода сол ізді аңсаған, өткенімізді қайта түлету арқылы ұлттық спортты ұлықтауға ден қойған әрбір жергілікті жанашыр азаматтардың үлесімен ұйымдастырылды. Қазақ пен жылқы егіз ұғым. Бұл — қазақы аттардың күш-қуаты мен мүмкіндігін бағамдаған бірегей жарыс болды. Оқ бойы озып келген барша шабандоздарды жеңістерімен шалқарлықтар атынан шын жүректен құттықтаймын, — деді аудан әкімі Жанболат Жидеханов.
Жүлдегерлерді марапаттау барысында 90 шақырымға созылған аламан бәйгенің мәре сызығына жеткен барлық шабандоздарға сый-сияпаттар табысталды.
Ұзақ қашықтықта бірінші болып келген тұлпар — қазақтың жабы жылқысының тұқымынан. Мұғалжар ауданындағы «Сарқырама» шаруа қожалығы иелігіндегі жылқылардың төлі.
—Үміт артып алып келген жүйрігімнің ыстық-суыққа төзімді екенін жақсы білемін. Әкем шаруашылық басында болғандықтан малды жақсы ажыратады. Бүгінгідей ірі бәйгені ұйымдастырып, нағыз қазақы аттардың мәртебесін бір көтеріп тастаған шалқарлық азаматтарға алғысымыз шексіз, — дейді тоқсан шақырымдық бәйгенің бас жүлдегері Балтөре Қантөреұлы.
Жалпы бұл аламан — ат спортына дүмпу берді. Жиналған қауым: «Бәйгені берсең, осылай бер!», деп шабандоздар шаңғытқан ипподромнан рухани әсермен тарқады…

Мұхтар МЫРЗАЛИН,
Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button