Жаңалықтар

Қаламгерлерге құрмет

Басқосу

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Жазушылар одағының облыстық филиалы мүшелерімен кездесті. Жиын барысында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аясында өңірдегі тіл саясатын дамытуға өз үлесін қосып жүрген 16 қаламгерге Алғыс хат пен 200 мың теңге көлемінде облыс әкімінің арнайы стипендиясы табысталды.

Ақтөбе өңірінен елімізге танымал көрнекті ақын-жазушылар көп шыққанын айтқан өңір басшысы:

— Ұлтымыздың өткеніндегі жарқын істерін болашаққа өшпес мұра ретінде қалдырған аға буынның ізін жалғастырушы бүгінгі қаламгерлер қазақ елі үшін қашанда қадірлі. Сіздерді қалың жұртшылық қоғам құбылыстарының сарапшысы, халықтың мұң-мұқтажын жеткізетін зиялы қауым ретінде таниды. Мемлекет басшысы күні кешегі Жолдауында «тамырсыз идеяларға тойтарыс беретін зиялылардың белсенділігі өте маңызды» деп арнайы тоқталып өтті. Сондықтан алдағы уақытта бұл мәселелерді бірлесе шешеміз деген үміттемін. Бұл басқосу Ақтөбеге, жалпы елімізге жаңа бір рухани серпіліс, жаңа леп береді деген сенімдемін, — деді.

Кездесу барысында Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы, ақын Ертай Ашықбаев, ақын Мейірхан Ақдәулетұлы, жазушы-сатирик Төрежан Мәндібайлар сөз сөйлеп, өңірдің әдеби-мәдени даму бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып, қоғамдағы мәселелерді ортаға салды. Облыстың рухани-мәдени бағытта жасалып жатқан жұмыстары әрі қарай жалғаса береді.  Қазан айында Ақтөбеде Есет батырдың 355 жылдығы және «Әдебиет. Рух. Қоғам» республикалық форумы өтеді.

— Соңғы үш жылда  «Әдебиет. Рух. Қоғам» форумы Жазушылар одағымен бірлесіп өткізіліп келеді. Бұл — ақын-жазушыларға көрсетіліп отырған керемет қолдау. Форумның тек Ақтөбеде өтуі сіздерге жасалып отырған жағдай деп қабылдау керек және ақтөбелік ақын-жазушыларды, атап айтқанда, Төлеген Айбергенов, Сағи Жиенбаев, Тобық Жармағамбетов, Тахауи Ахтанов, Бәкір Тәжібаев, Қуандық Шаңғытбаев, Үмбетбай Уайдин, Ізтай Мәмбетов, Қажығали Мұхамбетқалиұлы, Өтежан Нұрғалиевтердің есімін ұлықтау болып отыр. Табылды Досымов атындағы байқау, жыршылар байқауының өткізілуі, «Ер Едіге» жыр мектебінің ашылуы мәдениет пен өнерге деген қамқорлық деп түсінуіміз керек, — деді өңір басшысы.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button