Жаңалықтар

Оңтүстік айналма жолы 15 қазанда ашылады

 Ақтөбеде Оңтүстік айналма автокөлік жолы жоспарланған мерзімінен бұрын ашылады. Көлік жүргізушілері 15 қазаннан бастап тақтайдай тегіс жолда жүре алатын болады.

Тиісті шешім бүгін облыс әкімдігінде өңір басшысы Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен қызметтік жиында қабылданды.

Шешім қабылданар кезде орындалған жұмыстардың көлемі мен жол құрылысының қарқынын жеделдету мүмкіндігі ескерілді.

Көлік қозғалысы үшін төрт жолақтың екеуі ашылатын болады. 15 қазанға қарай осы екі жолаққа асфальтбетон жабындысының төменгі қабатын төсеу жұмыстары аяқталады.

Облыс әкімі: «Біз бұл жолды барынша тездетіп, мерзімінен бұрын орындауымыз керек. Қала тұрғындары осыны күн сайын сұрап отыр», —  деп атап өтті.

Сонымен қатар, өңір басшысы Оңтүстік айналма жолымен қатар, қаланың басқа да жолдарына белгі қою жұмыстарын тездетуді тапсырды.

Бұдан бұрын хабарлағандай, мердігер мекеме автокөлік жолының екі жолағындағы асфальттың төменгі қабатын төсеу жұмыстарын тек қазан айының соңында аяқтауды жоспарлаған.Реконструкциялау жұмыстары 2023 жылы толықтай аяқталады.

Жиын барысында Бестамақ ауылы арқылы өтетін Ақтөбе-Қандыағаш автокөлік жолының құрылысы да қаралды. Ауыл тұрғындары жолдың қапталына биіктігі 4 метрлік дыбыс өткізбейтін қоршау орнатылғанына қарсы. Облыс әкімі олардың биіктігін аласартып, ашық түсті материалдардан жасау мүмкіндіктерін зерделеуді тапсырды.

Жалпы, өңір басшысы жиынға қатысқан жергілікті атқаруші органдар мен жол құрылысымен айналысатын компаниялардың басшыларына «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының басшысы Марат Махамбетовтің ұйымдастырушылық қабілетін үлгі етіп, Ақтөбе-Қандыағаш жолының құрылыс жұмыстарына оң баға берді.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button