Жаңалықтар

Тұмаудан сақтан!

Брифинг

Өңірлік коммуникациялар қызметінде тұмауға қарсы егу науқанының басталуы туралы баспасөз конференциясы өтті.

Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров облыс тұрғындарының 20%-ын тұмауға қарсы вакцинамен қамтамасыз етілетіндігін мәлімдеді.

Тұмаудың эпидемиологиялық маусымы әдетте жыл сайын желтоқсан айынан белең алып, сәуірге дейін жалғасады. Бұл вирустық инфекция адамның ағзасына түскен жағдайда иммунитет жүйесіне орасан күш түсіреді. Сондықтан тұрғындарды, оның ішінде осал топқа жататын адамдарды тұмауға қарсы екпеге шақырамын. Қазір қаламызға вакцинаның80 мың дозасы жеткізілді. Қалғанын қазан айында күтіп отырмыз, — деді Бекболат Ізбасаров.

Осы жылы жергілікті бюджеттен бөлінген 105 984 720 теңгеге Ресейдің                «Гриппол +» вакцинасының 108 000 дозасы сатып алынды. Тұмауға қарсы вакциналау науқаны әдеттегідей 1 қазаннан басталып, 15 қарашаға дейін жалғасады. Иммундау облыстың барлық қалалық, аудандық емханаларында жүргізіледі. Облыста 64 жылжымалы бригада жасақталған.Тұмаудың алдын алғысы келген əр адам екпе жасата алады. Егу жекеменшік вакциналау орталықтарында, тұрғылықты жері бо­йынша егу кабинеттерінде жүргізілетінін айта кеткен жөн. Вакцинация жасайтын медициналық мекемелердің мекенжайлары тұрғылықты жері бойынша аумақтық қоғамдық денсаулық сақтау департаменттерінің жəне денсаулық сақтау басқармаларының сайттарында бар.

Жергілікті бюджеттен ақысыз вакциналауға жататын адамдар: медицина қызметкерлері, медицина ұйымдарында диспансерлік есепте тұрған балалар, әлсіз және алты айдан асқан көп ауыратын балалар, балалар үйлері, қарттар үйі тұрғындары, мүгедектер, жүкті әйелдер, жүрек-қантамыр жүйесінің созылмалы аурулары бар адамдар және эпидемиологиялық көрсетілімдері бойынша (60 жастан асқан адамдар, мектеп, интернат және жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары және т.б.).

—  Жыл сайын тұмауға қарсы вакциналар штамы жаңарып отыратыны белгілі. 2022-2023 жылдағы эпидемиялық мау­сымда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сәйкес,тұмаудың үш штамы айналымда бар екен. Бұлар — A (H1N1)Victoria/2019, A (H3N3) Darwin-2021, B/ Victoria/ 2021 желісіндегі Austria және B/Yamagata желісіндегі Phuket түрлері, —дейдіАқтөбе облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысыМұхтар Сербаев.

2021-2022 жж. эпидемиологиялық маусымда тұмаудың 17 жағдайы тіркелген, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында — 7 жағдай, жүкті әйелдер арасында — 4 жағдай.

Сондай-ақ спикерлер жұқпалы аурудың, оның ішінде тұмау ауруының алдын алудың ең тиімді және ғылыми дәлелденген әдісі вакцинация екенін еске сала отырып, тұрғындарды екпе салуға шақырды.

Насиба ЗАРЛЫҚОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button