Ауыл

Берекелі бесқұдық

Табыс көзін ауласынан тауып отырған бұл ауылдың тұрғындарының көбі «Ауыл аманаты» жобасына қатыспақшы

2023 жылдан бастап ауыл тұрғындарының табысы еселенбек. Өйткені осыны мақсат еткен «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға дайындық басталып кетті. Әр аудан, әр ауылдың әкімі жетекшілік еткен мобильді топ мүшелері ауылдарды аралап, үй жағалап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүр. Негізгі мақсат —ауылдардың экономикалық әлеуетін анықтап, тұрғындардың мамандануына сәйкес қайтарымсыз қаражат немесежеңілдетілген несие беру. Скринингтің алдын ала нәтижелеріне сәйкес, Қобда ауданының 858 тұрғыны жобаға қатысуға ниет білдіріп отыр. Әлеуеті жоғары елді мекендер де көп.Аталған жобамен қамтылатын елді мекендер қатарында Бегалы ауылдық округіне қарасты Бесқұдық деген ауыл бар. Бұрын «Калиновка» деп аталды.

Облыс орталығынан 140 шақырым, аудан орталығынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Бесқұдықта барлық жағдай бар. Біз де әлеуеті зор ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.

Ең бастысы, ауылда таза ауызсу бар, тіпті әр үй орталықтандырылған жүйеге қосылған. Бесқұдықтықтар күл алып, от жағу бейнетінен осыдан үш жыл бұрын құтылып, бүгінде көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Екі жыл бұрын ауылдың орта тұсынан қаладағыдан кем емес спорт алаңы салынған.Ұялы байланыс жүйесі де бар.Мыңға жуық тұрғыны бар ауылда орта мектеп, медициналық пункт, ауыл клубы жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ 19 шаруа қожалығы мен 6 кәсіпкерлік нысаны бар. Калиновка орта мектебінде ауылдың 140 баласы оқып жүр.

Біздің округте бір ғана ауыл бар. Қожалық иелері мен кәсіпкерлер ауыл шаруашылығын дамытуға, ауылды көркейтуге өз үлестерін қосып жүр. Округте негізінен ірі қара, қой-ешкі, сосын құс өсіріледі. Қожалық иелері енді алдындағы малынасылдандырып,еділбай қойлары мен ақбас сиырларды көбейтуді мақсат етіп отыр, — дейді Бегалы ауылдық округінің әкімі Жанна Төкешова.

Магистралды тасжолдан ауылға дейінгі кіреберіс асфальтталған. Биыл жазда Қазақстан деп аталатын орталық көшенің ұзындығы бір жарым шақырымдық жолы жөнделді, сол жерге жарық қондырылып, жаяу жүргіншілер жолына плита төселді. Өткен аптаБесқұдық ауылына келіп кеткен өңір басшысы Ералы Тоғжанов жұмысты сапалы әрі уақытында тапсырып қана қоймай, жобаға өзінің де қаржысын салған «Сұңқар Ақтөбе 2005» мердігер мекемесінің жұмысына жоғары баға бергенін ауыл біледі. Айтпақшы, Бесқұдық ауылының тұрғындары облыс әкімімен тілдесу мүмкіндігіне ие болып, жас футболшылар воркаут алаңы қажеттігін айтты. Одан соң құзырлы орган өкілдеріне балалардың арманын орындау тапсырылды.

Округ әкімі алдағы уақытта ауыл көшелерінің жолдарын кезең-кезеңімен жөндеп, қалған тағы төрт көшені жарықтандырып алуды жоспарлап отыр.

«Тәуекел — сізден, демеу — бізден»

 Округ әкімі Жанна Төкешованың айтуынша, Бесқұдық ауылындағыбарлығы 962 адамның 521-і— экономикалық жағынан әлеуеті жоғары тұрғындар. Олардың 257-сі жұмысқа орналасқан, ал 264-і өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр.

— «Ауыл аманаты» жобасы — ауыл тұрғындары үшін зор мүмкіндік. Кездесу барысында ауылдастарыма мемлекеттік бағдарламалар туралы айта келе, тәуекел — сізден, демеу — бізден дегенбіз. Содан кейін жеке қосалқы шаруашылығын кәсіпке айналдырғысы келетіндер қатары көбейді. Бүгінде ауылдан наубайхана, ателье, жылыжай, шұжық цехы, құс етін өндіру цехын ашқысы келетіндер бизнес-жобаларын әзірлеп жатыр. Скрининг нәтижесіне сүйенсек, ауылдағы 262 ауланың 224-інің иесі бау-бақша егеді. Сондай-ақ 213 аулада мал бар. Ауылдың 106 тұрғыны мал шаруашылығын дамыту, жылыжай салу, ашық алаңқайда көкөністер мен бақша дақылдарын өсіру, шағын кәсіп ашу мақсатында жеңілдетілген несие алу үшін «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ниет білдіріп отыр. Жобаның ауылды дамытып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтерудегі маңыздылығын түсінеміз. Сол үшін де жоба қатысушыларына барынша қолдау көрсетеміз, — дейді округ басшысы.

Ал былтырБесқұдықтың 5 тұрғыны«Бизнес-Бастау» бағдарламасыарқылы кәсіпкерлік негіздерін оқып, олардың біреуі ғана бизнес-жобасын қорғап, мемлекеттік грантқа ие болған. Биыл осы бағдарлама бойынша кәсіп ашудың әліппесін оқыған үш адамның екеуі грант иегері атанған.

Сағындықтың талабы

 Сапар барысындакәсіп ашуға ниеттеніп отырған әлеуеті жоғары тұрғындармен кездестік.

Әуелі осы ауылдағы көпбалалы отбасына соқтық. Отағасы Сағындық Қалабаев он жыл бойы мұнай компаниясында кран жүргізушісі болып еңбек етіпті. Қандай шаруа болса да ебін таба білетін Сағындықтың қолынан келмейтіні жоқ, өзі — құрылысшы, техникаларды да жөндеп алады, қажет болса, дәнекерлей береді. Ауласынан темір кереуеттен жасалған әткеншек көрдік, мұның өзі оның қолының ісмерлігін көрсетеді емес пе?! Жалпы ауласындағы әрбір затта оның қолтаңбасы бар.

— Мұндай өнердің бәрін марқұм әкем Өтестен бала кезде көріп, үйреніп өстім. Енді білетінімді балаларыма үйретіп жүрмін. Аулада тұрған моншаны да өзім салдым. Отбасымызға арналған. Кәсіпкерлік бөлімінің мамандары моншаны табыс көзіне айналдыруға болатынын айтты. Десек те, біз әлі моншаны ондай мақсатта пайдаланбаппыз, — дейді Сағындық.  Келіншегі Самал Ермекова мектепте мұғалім болып еңбек етеді.  Мал ұстайды, аулада бау-бақшасы бар. Бақшасында шие, өрік, алма, апортқа дейін өсіп тұр. Қияр-қызанақ, қызылша бәрі бар. Табиғи өнімді балалары қысы-жазы тегін ішіп-жейді.

— Ауыл тұрғындарына арналған 2,5 пайызбен берілетін несие көмегімен бизнес-жобамды бастағым келеді. Шағын тракторым бар. Соған бір агрегат сатып алсам, сөйтіп, ауылдастарыма қызмет көрсетсем деймін. Жасап жүрген кез келген істі кәсіп қылуға болады, қол қысқа болып тұр,  — дейді Сағындық Қалабаев.

Шылаушын өсіретін шаруа

 Бесқұдық ауылының экономикалық әлеуеті жоғары тұрғындарының бірі Мұхтар Артықбай қорасында калифорниялық қызыл құрт, яғни шылаушын өсіріп жатыр.

Ковид індеті ушығып тұрғанда Мұхтар Артықбай ауырып қалады, сөйтіп, ковидке қарсы ем іздейді, ізденеді.

— Әупірімдеп жүріп, аурудан айықтым. Дертке дауа болар шипа іздеп интернет шарлап отырып, шылаушынмен, яғни калифорниялық құрттармен таныстым. Осы құрттардың арқасында жазылып шыққан адам туралы ролик көрдім. Зерттей келе, дернәсілдердің тек ағзаға ғана емес, топыраққа да орасан пайдасы бар екенін білдім. Сөйтіп, калифорниялық құрттарды іздедім. Ол өзіміздің Ақтөбеде де бар екен. Төрт қорап құртты 60 мың теңгеге сатып әкеліп, 4 шаршы метр жерге төгілген көңге салдым. Бұл құрттар органикалық қалдықтармен, яғни ағаштан түскен жапырақ, малдың қиымен қоректенеді. Ал мұндай қалдықтар сатылмайды, тегін әрі қолжетімді. Кез келген үйдің ауласынан табылады. Калифорниялық қызыл құрттар осыларды жеп, бізге биологиялық тыңайтқыш жасап береді. Мәселен, сатып алған құрттарым бұл көңді екі жарым ай ішінде жеп тауысып, 510 литр құнарлы органикалық тыңайтқышқа айналдырды. Биологиялық тыңайтқышты топыраққа сеуіп, араластыратын болсақ, егістіктің өсуі 2-3 есеге күшейеді, —дейді ол.

Жұмысын биыл бастаған Мұхтар Артықбай Өзбекстаннан әуелі Оңтүстік Қазақстанға,  ол жақтан ата жұрты мекендеген Ақтөбе облысына көшіп келген. Төрт баланың әкесі ізденіс пен еңбексүйгіштіктің арқасында жаңа бір табыс көзін тауып, өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Ауылдастары қораларынан шығарып тастаған көңді баласы екеуі ерінбей тасып алады екен.

— Қазір тек құрттарды көбейтіп жатырмыз. Бір түйір құрт 6 айда бір мың болады. Бір дернәсілден екіден жиырма төртке дейін құрт шығады. Дайын тыңайтқыштың түрі қара шайдың түйіріндей болады. Бұл бау-бақшаның әліппесі,— деп бізге әуелі шылаушынды, сосын қара шай секілді тыңайтқышты көрсетті. Одан әрі ол:«Алғашқы өсірген калифорния құрттарын 600 мың теңгеге саттым. Пайдасын көргесін  тағы да байқап көруге бел будым. Енді тағы да көң дайындап 40 шаршы метрге шылаушынды жібермекпін. Шылаушынды көбейтіп, көңді тыңайтқышқа айналдырып, халыққа қызмет жасасам деймін. Оның үстіне әкімдіктен де қолдау мен мүмкіндік бар», — дейді.

Еңбекпен нанын тауып отырған шаруа адамы шылаушын шығарған тыңайтқышты өз бақшасына да қолданып отыр. Бақшаның әр жеріндеала қарбыздар дөңгеленіп жатыр. Атасы еккен қарбызды 7 айлық немересі де жей береді екен. «Аулада өсірген өнімнің ешқайсысынан баланың іші ауырып көрген жоқ. Артық қоспасыз табиғи өнім, бұл, расында,керемет дүние», — дейді Мұхтар Артықбай. Бұрын диқан да, тракторшы да болған, бірнеше зауытта да еңбек еткен ол өзін енді бағбандық, агрономия саласында сынап көрмек.

Облыс орталығы мен Қобдаға баруға ыңғайлы, мал бағуға жері шұрайлы, құс өсіруге суы қолайлы, бау-бақша егуге топырағы құнарлыБесқұдық ауылында жыл өткен сайын өз кәсібін ашам деушілер көбейіп келеді.

Округ әкімінің айтуынша, бұрын көшіп кеткендер берекелі Бесқұдыққа қайта келіп жатыр. Былтыр 2, биыл 4 отбасы көшіп келген.«Әлі де көшіп келеміз деушілер бар», — дейді Жанна Төкешова. Осыған қарап-ақ ауылдың ажары кіріп, бесқұдықтықтардың тұрмысы жақсарғанын бағамдай беруге болатын шығар.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button