Мәдениет

Күй күмбірлеген күн

Күйшілер байқауы

Хромтау ауданында күйші Ермекбай Қалжанұлын еске алуға арналған «Күй күмбірі» атты жас күйшілер байқауы өтті. Байқауға облыстың әр ауданынан іріктелген 12-16 жас аралығындағы 20 өнерпаз қатысты.

Күй кешіне Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, ҚР еңбек сіңірген артисі, күйші Тұрар Әліпбай, дәстүрлі әнші Дастан Қабыловтар қонақ ретінде қатысты.

Қазылар алқасының құрамында Мәдениет қайраткері, күйші, қазанғаптанушы Жайлау Асылханов, мәдениет саласының үздігі, күйші Талап Хамзиндер болды.

Байқау екі кезең бойынша өткізілді. Төкпе күй кезеңінде Қазанғап Тілепбергенұлының бір күйін тарту керек болса, шертпе күй кезеңінде таңдау қатысушының еркіне берілді.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды. Көрерменнің ыстық ықыласына бөленген,  ақтөбелік жас күйші Батыр Мұханбетсағыров бас жүлдені қанжығасына байлады. Қатарынан оза шапқан шалқарлық Әлиянұр Жарылқасынова 1-орын иегері атанды. Хромтаулық Айым Гельманова мен мұғалжарлық Шыңғыс Талатұлы 2-орынды, қобдалық Нұрқадір Нұржанұлы мен хромтаулық Темірлан Ақдәулет 3-орынды иеленді.

«Ең жас күйші»  номинациясы ырғыздық Дінмұхамед Жақсылықовқа, «көрермен көзайымы» номинациясы  алғалық жас өнерпаз Алина Жұбаниязоваға берілді. Ғалым Ізімбетов атындағы сый шалқарлық Ахмед Жолжанға бұйырса, «Жеңіске жігер» номинациясын әйтекебилік өнерпаз Нұрасыл Нұрғазин иеленді.

— Мен Ахмет Байтұрсынов атындағы №24 лингвистикалық мектеп-гимназиясының 9-сыныбында оқимын. Қазіргі таңда күйшілік өнерімді шыңдап, күрделі шығармаларды үйреніп жүрмін. Байқауда Қазанғаптың «Торы жорға аттың бөгелек қағуы», Тәттімбеттің «Сырнайлы Қосбасар» күйлерін орындадым. Қазылар алқасының жоғары бағасын алып, жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын. Келер жылы Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжіне оқуға түссем деген арманым бар.

Анамның айтуынша, 3 жасымнан өнерге жақын болыппын. 8 жасымнан бастап домбыраны қолға алдым. Ата-анам да өнерден кенде емес. Ән айтып, түрлі мәдени іс-шаралардың ұйытқысы болып жүр. Анам ұйымдастырушылық қызмет атқарса, әкем жеке кәсіппен айналысады.  

Маған күй өнерін үйреткен ұстазым Төребек Жаншиннің еңбегі зор. Шығармашылық қабілетімді шыңдаған ұстазыма алғысым шексіз. Қазанғап өнер мектебінде тәлімгерімнен белгілі күйшілердің шығармаларын үйреніп жүрмін. Алдағы уақытта ұстазымның сенімін ақтап, байқауларда жеңімпаз атанғым келеді, — дейді бас бәйге иегері Батыр Мұханбетсағыров.

Осы ауқымды іс-шараның ұйымдастырушысы, белгілі кәсіпкер, меценат Арынғазы Беркімбаевты да сөзге тарқан едік:

— Ермекбай Қалжанұлы әртүрлі музыкалық аспаптарда ойнап, танымал композиторлардың туындыларын нақышына келтіре орындаған дәулескер күйші болды. Әсіресе күй атасы Құрманғазының  «Адай», «Ақсақ киік», «Балбырауын», «Сарыарқа», «Байжұма» атты күйлерін керемет тартатын. Дәулеткерей, Дина, Түркештің күйлерін, сонымен қатар өз замандастары Әбдімомын Желдібаевтың, Сәкен Тұрысбековтің туындыларын шебер жеткізе білетін еді. Оның орындауындағы халық күйлері тыңдаушысының құлақ құрышын қандыратын.

Биыл күйшілер байқауын 3-мәрте өткізіп отырмыз. Республикалық деңгейде өткізу жоспарда бар. Бүгінгі шараға ақпараттық қолдау көрсеткен «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ризашылылығымды білдіремін,  деді ол.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button