Мәдениет

Әділғалидың әдемі әлемі

Өнерсүйер қауымға Әділғали Баяндин есімі жақсы таныс. Белгілі қылқалам шеберіқазір Астана қаласында тұрса да, туған жері Ақтөбені ұмытпайды. Осында дәйім ақжолтай хабармен, жақсы себеппен оралады.

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегеріӘділғали Баяндин бұл жолы да Ақтөбеге құр қол келген жоқ:

Қазіргі таңда Қазақстан Суретшілер одағы Астана қалалық филиалында жұмыс істеймін. Яғни бала кезімнен сүйікті ісім бүгінде негізгі қызметіме айналды. Өзімнің шеберханам бар. Сол жаққа көшкелі түрлі халықаралық, республикалық байқауларда бағым мен бабымды сынап, жеңімпаз атандым. Елорда шығармашылық тұрғыда шыңдалуыма оң әсер етті. Жер-жерде ұйымдастырылған ұжымдық жолдамаларға қатыстым. Мысалы, Ұлыбританияға дейін бардық.

Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған адамдар көп қой. Пікір алысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік мол. Сонысымен ерекше.

Дей тұрғанмен Ақтөбемен байланысты үзгем жоқ. Туған жерім әрдайым жүрегімнің түкпірінде ғой. Байқау, симпозиумдардың өтетіні туралы хабар түссе, бірден осындағы өнердегі іні-қарындастарыма хабарлауға асығамын. Жерлестеріме жанашырлығым алабөтен. Солар биіктен көрінсе деп тұрамын.  Қолдан келгенше қамқорлығымды аямауға тырысамын. Осындағы көрермендерімді ұмытпай, әр 4-5 жыл сайын жеке көрмемді ұсынуға тырысамын. Бұл жолы да ақтөбеліктерге үшінші көрмемді таныстыру үшін жолым түсті, — дейді Әділғали Баяндин.

Танымал жерлесіміз бұған дейін 2009, 2016 жылдары Ақтөбедегі өнер музейінде көрмесін өткізіпті. Бұл жолғысы мазмұны, жұмыстардың саны, тіпті жанры бойынша ерекшеленетінін айта кету керек.

Өткен аптаның соңында ашылған Әділғали Баяндиннің«Туған жерім — Ақтөбем» атты дербес көрмесіне кескіндеме, графика, аралас техникада жасалған барлығы 50-ге жуық өнер туындысы қойылған. Тақырыптары алуан түрлі: табиғат, көшпенділер, порттер. Әр картинаданавтордың өзіндік көңіл күйін байқауға болады.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Әділғали Сәрсенұлы Баяндин 1966 жылы 14 желтоқсанда Ақтөбе облысына қарасты Хромтау ауданының Қызылжар ауылында дүниеге келген. 1989 жылы Ақтөбе мәдени ағарту училищесін көркем безендіруші мамандығы бойынша, ал 1994 жылы Қазақ мемлекеттік көркемсурет академиясын монументалды-сәндік кескіндеме мамандығы бойынша бітірді. Ол —Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Лондон шығармашылық гильдиясының мүшесі, ҚР өнер академиясының академигі. Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері. Еңбектері еліміздің мұражайларында, Германия, Франция, Корея, Түркия, АҚШ, Испания, Италия елдерінің жеке коллекцияларында және Балтық жағалауы елдерінің елшіліктерінде сақтаулы.

Елімізден бөлек, алыс-жақын мемлекеттерде өткен топтық көрмелерге қатысқан.

— Осы көрмемде өмірімнің әр кезеңін қамтуға тырыстым. Мысалы, балалық шағым өткен үйім бейнеленген картина бар. Сонымен қатар Ақтөбенің әсем көріністері де кездеседі. Байғанин аудандағы борлы жоталар, Хромтау ауданының әсем табиғаты, қаланың өзіндегі ерекше ғимараттар… Үшінші топтамам портреттерге арналған. Мұнда Ақтөбеден шыққан танымал тұлғалардың кескін-келбеті салынды. Сағи Жиенбаев бастаған қаламгерлерден бастап 4-5 ақын-жазушының сұлбасын қағаз бетіне түсірдім. Бұл жолы көрермендер бүркітшілерге арналған біраз дүниемді де тамашалай алады.

Ең бастысы, мұнда үш түрлі техникамен — майлы бояу, акрил бояу және сулы бояумен салынған картиналарымды әкелдім. Көрмеге қойылған 1987 жылдан бастап жарық көрген еңбектерім көпшіліктің көңілінен шығады деп үміттемін, — дейді бейнелеу өнерінің өкілі.

Қазіргі таңда Оңтүстік Кореяның астанасы — Сеул қаласында өтетін топтық көрмеге дайындалып жатқан өнер иесі әлі де біраз тұлғаның портретін салуды армандайды. «Айталық, белгілі қоғам қайраткері, жазушы Шерхан Мұртазаның портретін салып бастағаныма бірнеше жыл болды. Бірақ оның болмысын, мінезін жеткізу оңай емес. Сондықтан туындымды аяқтай алмай жүрмін… Сол сияқты бейнесін салғым келетін адамдар әлі көп», — деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.

Белгілі суретші Әділғали Баяндиннің облыстық өнер музейіндегі көрмесі 23 қазанға дейін жалғасады.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button