Жаңалықтар

Жұмыла жинасты

Таза қала

12 қыркүйекте жарияланған екі айлық тазалық науқанының аясында өткен сенбіде жалпыоблыстық сенбілік өтіп, өңірдің көптеген елді мекендерінде еңбек ұжымдары, қоғамдық ұйымдар, тұрғындар, жастар мен мектеп оқушылары санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді. 

Сенбілікке жалпы саны 22 мыңнан астам шықты. Көшелер, алаңдар, саябақтар, ауыл маңы, көп қабатты және жеке үйлердің айналасы жиналған қоқыстан, күзгі желмен саудыраған жапырақтан, қураған шөптен тазарып қалды.

Ақтөбедегі «Мейірім бағы — 2022» қоғамдық бірлестігінің мүшелері бұл күні өздеріне бекітілген учаске — 11-шағын аудандағы көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым-заңгер Нағашыбай Шәйкенов ескерткіші маңына белгіленген уақыттан ерте келіпті. Бұл бірлестіктің мүшелері —көп балалы, ерекше күтімді керек ететін баласы бар және кейбірі өзінің де мүгедектігі бар аналар. Ұйым жақында ғана заңды тіркеуден өткен. Ерекше бала бағып отырған аналардың тауқыметі жоқ емес, соған қарамастан олар қоғам өмірінен де тыс қалмауға тырысатындарын айтты.

— Біздің бірлестік мүшелерінің саны 60-қа таяу.Ерекше бала бағып отырған аналар өз басындағы қиындықпен шектеліп, үйде отырып қалмай, қоғам өміріне араласса, көріп-біліп, ойға түйіп, ұтатын тұсы көп болады деп ойлаймын. Біздің керегімізді ешкімдайын етіп, әкеліп бермейді. Бәріне өз еңбегімізбен ғана қол жеткізе аламыз. Сондықтан қоғамнан шеттеп қалмау керек. Бүгінгі бүкіл қала жұрты қатысатын сенбіліктен тыс қалмауға тырысқанымыз да содан. Алдағыуақытта да қоғамдық жұмыстан тыс қалмауға тырысамыз, — деді бірлестік төрайымы Гүлзейнат Әуезова.

Қолдарына тырма, сыпырғы, шүберек ұстай келген аналар ескерткіш маңындағы тас төселіп, жағалай отырғыштар қойылған шағын алаңды әп-сәтте тазалап шықты.

Мәншүк Мәметова көшесінің осы ескерткішке қарсы беті — сулы-жасыл гүлзардың  бойы да ертеңгі мезгілден-ақ қолдарына қолғап киіп алып, айналаны тазалауға білек сыбана кіріскен жандарға толы болды. Олардың бір тобы — ҚР Еңбек, халықты әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің қызметкерлері еді. Арамшөптен таза болғанымен, ұсақ қоқыс,қураған бұтақ сынықтары мен сарғайып түскен жапыраққа толыгүлзар бойын тырмалап жүрген жандардың арасынан аталмыш департамент басшысының орынбасары Нонна Валиулованы да кезіктірдік.

— Біздің ұжым әр маусымғы жалпыхалықтық сенбіліктерден ешқашан қалып көрген емес. Әрине, тазалық жұмыстарын жиі ұйымдастыру керек. Дегенмен тазалықты сақтаудың басты ережесі — шашпау. Көшеге, қоғамдық орындарға қоқыс тастамау керектігін ұмытып кететін, тіпті мүлде ескермейтін жандардыңқылығы қынжылтады,— дейді Нонна Медхатқызы

Бұл күнгі жалпықалалық сенбілікке облыстық кәсіпкерлер палатасы мен Ақтөбенің бизнес-қауымдастығы да үлес қосты.Оның ішінде өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшелері және бір топ кәсіпкерлер Табыс базары ауданындағы Едіге батыр ескерткіші орналасқан гүлзарды жарқырата тазалап шықты. Кәсіпкерлер қоқысты сыпырып, жинап алумен шектелмей,гүлзардағы ағаштарды, бордюрлерді әктеп, бұталарды кесіп, отырғыштарды да жөнге келтірді.

— Айнала қоқыстан арылып, тап-таза болған сәттегі қуаныштың жөні бір бөлек. Сол қуанышты үнемі сезіну үшін, өзімізді, әсіресе жас ұрпақты айналаны бүлдірмеуге, кез келген жерге қоқыс тастамауға  үйретуіміз керек. Осындайшараларға жастарды тартқан дұрыс, — деді өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дана Бекбауова.

Айтса айтқандай, кәсіпкерлер арасында сенбілікке балаларын, немерелерін ерте келгендер де бар. Келесі сенбілікте олар осы учаскедегі қурап қалған шыршалардың орнына жаңадан тал егетін болып келісті.

Ал Батыс-2 шағын ауданындағы «Алтын Орда» тұрғын үй алабында орналасқанLifestyle фитнес клубында жұмыс істейтін жастардың сенбілікке алдын ала сақадай-сай дайындалып келгені аңғарылады. Өз ұйымшылдықтарын көрсету үшін, олар тіпті бірдей киініп алыпты. Жастар бір-біріне еркелей жүріп, ғимарат айналасындағы жолдарды тазалап, өз аулаларын тағы бір сыпырып,әп-сәтте тап-тұйнақтай қылды.

Бұл ұжымды қалалық мәслихаттың депутаты Сәния Мұратова басқарады. Ол да өз қызметкерлерімен бірге сенбілік жұмыстарына қатысты.

— Ақтөбе — біздің алтын бесігіміз. Өз үй, өз еңбек орнымыздың тазалығын қаншалықты күйттесек, қаланың тазалығына да соншалықты мән беруіміз керек. Сондықтан облыс әкімі Ералы Тоғжановтың тазалықтың екі айлығын өткізужөніндегі бастамасын біз қолдаймыз, — деді ол.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бұл күнгі сенбілікке қаладағы көптеген мекеме, кәсіпорындар, соның ішінде білім ордалары, мемлекеттік органдар, мәдениет және денсаулық сақтау мекемелері жаппай қатысты.

Жалпы, қыркүйек айында ұйымдастырылған екі сенбілік қорытындысы бойынша облыста 1073 көше, 198 саябақ пен шағын бақтар, жалпы ұзындығы 261 шақырым жол тазартылған. Бізге түскен деректер бойынша, барлығы 1926 тонна қоқыс шығарылыпты.

Сондай-ақабаттандыру ережелерін бұзғаны үшін, заңды және жеке тұлғаларға 4 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынған.

Өкінішке қарай, кей тұстарда, әсіресе, жолдар бойында, қала маңындағы ауылдық жерлерде тіпті бала бойынан биік болып серейген шөптер әлі тұр. Қалада ересектер арасында да, балалар арасында да жаз шыға аллергия дерті өршиді. Облыс бойынша он мыңнан астам адам аллергия дертімен есепке алынған. Сөйтсе де қаланы, ауыл ішін маусымдық аллергия тудырғыш шөптерден тазалауға асықпайтынымыз түсініксіз. Мысалы, аллерголог дәрігерлер қалада циклахена аталатын, бұрын біздің жерімізде өспеген шөптің көбейіп кеткенін айтып, дабыл қағып жүр. Қаланың 41-разъезд ауданында, Жарық ауылына кірер тұстағы ағаш белдеудің арасына, жол бойына осы шөп қаптап шығыпты.

Арамшөптер шаңмен қоса, қауіпті аурулардың қоздырғыштарын таситын кене, басқа да зиянды жәндіктерді жинайды. Сондықтан арамшөптерден тазартқанда қауіпсіздік шараларын ескерген және балалар мен оқушыларды бұл іске араластырмаған дұрыс.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button