Жастар

Жастардың үлесі

Әр еңбек ұжымы өз ғимаратының айналасын жасыл желекке бөлеп, таза ұстаса, қала келбеті де әсем болмақ.
Ақтөбедегі Lifestyle фитнес клубтары желісіне қарасты спорт клубының бірі «Алтын Орда» тұрғын үй алабында орналасқан.
Айналасында әсем теректер жайқалып өсіп, жаз шыға гүлдер егіледі. 24 қыркүйек күнгі жалпықалалық сенбіліктен бұл ұжым да тыс қалмады.

Ұжымда негізінен жастар көп. Олардың бір бөлігі сенбілікке арнайы құрал-жабдықпен ғана емес, өз ұйымшылдықтарын көрсету үшін, бірдей киініп келіпті.

Жастар бір-біріне еркелей жүріп, ғимарат айналасындағы жолдарды тазалап, өз аулаларын тағы бір сыпырып өтіп, күзгі жапырақтардан арылтып, тап-тұйнақтай етіп қойды.

– Ақтөбе – біздің алтын бесігіміз. Өз үй, өз еңбек орнымыздың тазалығын қаншалықты күйттесек, қаланың тазалығына да соншалықты мән беруіміз керек. Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың тазалықтың екі айлығын өткізу жөніндегі бастамасын қолдап, біз де сенбіліктерге міндетті түрде қатысамыз. Бұл біздің өз қаламыздың, еліміздің көркеюіне қосқан үлесіміз болмақ, – деді аталмыш ұжымның басшысы, қалалық мәслихаттың депутаты Сәния Мұратова.
Бұл күнгі санитарлық тазалық шараларына қаланың түкпір-түкпіріндегі мекеме, кәсіпорындардың барлығы дерлік шықты. Білім, денсаулық, мәдениет саласының қызметкерлері де жалпықалалық сенбіліктен қалыс қалмады.

Н. Дабылов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button