Әлеумет

Чернобыль оқиғасы ойда тұр

Осыдан 25 жыл  бұрын, 1986 жылдың 26 сәуірінде Чернобыль қаласында атомды энергияны пайдалану тарихында  мыңдаған адамның өмірін қиған  ең ірі апат орын алды.

Өздерін құрбан ете отырып  Чернобыль апатынның зардабын жоюға 800 мың  адам, соның ішінде 32 мың қазақстандықтар қатысты.

Жылдан-жылға  Чернобыль апатынның зардабын жоюға қатысқандардың саны азайып келеді.

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасында апатты жоюға қатысқандардың саны 4519 адам. Олардың көбісі емделуі күрделі сәуле ауруларына шалдыққан.

Кезінде Чернобыль апатынның зардабын жоюға 2 мың ақтөбелік қатысса, олардан  қазіргі уақытта тек қана 278 адам бар.

Еліміз олардың ерлігін ешқашан ұмытпайды және оларға қамқорлық көрсетеді.

2006 жылдың 1-шілдесінен бастап Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқандарға арналған арнайы мемлекетік жәрдемақыны төрт есеге көбейтті.

Ақтөбе облыстық мәслихатының 2006 жылғы 12-желтоқсандағы шешіміне сәйкес апатты жоюға қатысқан тұлғалар коммуналдық төлемнен босатылды. Мұндай жеңілдіктер басқа бірде-бір облыста қарастырылмаған.

Сонымен қатар апатты жоюға қатысқан тұлғаларға ай сайын  қалалық бюджеттен  1 айлық есептік көрсеткіш  көлемінде   немесе 1 512 теңге мөлшерінде әлеуметтік жәрдемақы төленеді,  ел ішінде ем алу үшін ақысыз жолдама беріледі.

Ақтөбе қаласының Тұрғындар қалашығында  («Алақай» қуыршақ театрына қарсы алаң) жазда Чернобыль апатына арналған ескерткіш-белгі орнатылатын алаңда іргетас қалау шарасы өтті. Аталған шараға облыс әкімінің орынбасары С.Нұрқатова, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының жетекшілері, «Чернобыль құрбандары» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, апат зардабын жоюға қатысқандардың тума-туыстары, жесірлері, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, ардагерлер және жастар қатысты.

Содан соң «Алақай» театрында  Чернобыль апатынның зардабының 25 жылдығына арналған еске алу шарасы өтті. Ақтөбе облысы  әкімінің Алғыс хаттарымен  апатты жоюға қатысқан  8 азамат марапатталды, жесірлерге  қаржылық көмек көрсетілді.

Чернобыль апатының 25 жылдығы қарсаңында мәдениет, білім беру және спорт мекемелерінде тақырыптық кездесулер, дәрістер, ашық сабақтар, көрмелер, спорттық сайыстар ұйымдастырылды.

«Ардагер» емханасы чернобыльдық жауынгерлер  үшін «Ашық есік күндерін» өткізді.

Н.ДАБЫЛОВ.

Чернобыль жаңғырығы

Апат айтып келген жоқ…

Чернобыль реакторындағы алапат апаттың орын алғанына ширек ғасыр өтті. Алайда оның зардаптары әлі күнге дейін толастаған жоқ.

Чернобыль атом электр станциясындағы 1986 жылғы 26 сәуірдегі апатты жоюға 600 мыңға жуық адам қатысты. Оның ішінде химиялық қорғау полкі құрамындағы 32 мың қазақстандық болды.

Чернобыль апаты күллі адамзаттың қасіретіне айналды. Онда қазір радиация деңгейі төмендегенмен, қорғаныс шаралары әлі сол қалпында қалып отыр.

«Чернобыль апаты қазақстандықтардың жүрегінде әлі күнге дейін сақталуда», — деп атап өтті Елбасы Н.Назарбаев.

Бұл — келтірген залалы мен салдары жөнінен ХХ ғасырдағы ең ірі техногендік радиациялық апат. Осынау азалы күнге байланысты Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің мемлекет басшылары Достастық елдерінің халқына, Біріккен Ұлттар Ұйымы елдеріне, бүкіл әлем жұртшылығына үндеу тастап, Чернобыль апатының салдары туралы олардың естеріне салды.

Негізінде апат салдарынан миллиондаған адам зардап шекті, олар алапат оқиға салдарын қинала сезінді және мүмкіндігінше қорғана алмады. «Көптеген отбасылар баспаналарын жоғалтып күнкөріс көздерінен айрылды, тұрақты мекен-жайларын, тіршіліктерін ауыстыруға мәжбүр болды», делінген ТМД елдері мемлекет басшыларының Үндеуінде Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан жүз мыңдаған азаматтардың ерлігі мен жігері болмаса, апаттың ауқымы одан да үлкен болуы ықтимал еді. Олар өмірлерін, денсаулықтарын пида етіп, өз борыштарын орындады — адамдарды радиацияның зиянды әсерінен қорғады, радиацияның одан әрі қарай таралуына тосқауыл болды. Апаттың ізін суытпай жасалған және одан кейінгі жылдары жүзеге асырылған төтенше шығынды шараларға қарамастан, Чернобыль атом электр стансасы әлі күнге дейін Еуропаның кіндігіндегі әлеуетті қауіп ошағы болып қалуда. Алдағы уақытта да жаңашыл технологиялар негізінде осынау қатерді барынша азайту ісі — баршаға ортақ шаруа болып қала береді. Осыған байланысты «Пана» («Укрытие») нысанының қауіпсіздігін арттыру проблемасына бүкіл әлемдік қоғамдастықтың ғылыми-техникалық және қаржылық әлеуетін жұмылдыру керектігі айтылуда. Қазіргі кезеңде осынау апаттың салдарын жоюдағы маңызды проблема —  зардап шеккен аумақтарды кешенді радиациялық және әлеуметтік-экономикалық сауықтыру болып табылады. Зардап шеккен аймақтар экологиялық инфрақұрылымның құлдырауымен, еңбек ресурстарының сыртқа кетуімен, демографиялық жағдайлармен байланысты аса күрделі проблемаларды бастарынан кешіруде. Чернобыль атом электр стансасындағы апаттан кейінгі қоршаған ортаның ахуалы халықтың өмір сүруін де шектеп отыр. Әсіресе, зардап шеккен аумақтарда тұрып жатқандардың, апат салдарын жоюға қатысқандардың денсаулықтары ерекше алаңдатуда. Зардап шеккен аймақтарды тұрақты дамыту және нақты экономикалық өркендету сияқты басты мақсаттар жаңа жобаларды, ғылыми негізделген шешімдерді, ауқымды материалдық шығындарды қажет етеді. Халықаралық қоғамдастық тарапынан қаржылай, техникалық және ғылыми қолдау қажет.

Міне, осы мәселелердің бәрі ел басқарған лауазымды тұлғалар тарапынан айтылуы бізді де бейжай қалдырмайды.

Чернобыльдағы жағдайдан ақтөбеліктер де тыс қалған жоқ. Екі мың шамасындағы жерлестеріміз апат ошағы отын сөндіруге қатысты. Қазіргі уақытта бізде Украинадан оралған 278 адам есепте тұрады. Оның 214-і әр түрлі сырқаттар бойынша мүгедектер болып саналады. Стационарлық емделуге тиісті тоқсан адамның сексен жетісі жыл ішінде арнайы ем қабылдады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының пәрменімен 25 сәуір «Ардагер» емханасында «Есік ашық күні» боып жарияланды. Оған Чернобыль апатын сөндіруге қатысқандар мен өмірден өткен жерлестеріміздің туыстары шақырылды.

Әрине, біз мұндай бір күнгі шарамен шектеліп қалмайтынымыз белгілі. Ең бастысы, осындай апатты оқиға орын алғанын, оны басуға бүгінде аға ұрпақ өкілдеріне айнала бастаған азаматтардың бас тігіп барғанын кейінгі буын да естерінде сақтаса дейміз.

Т. ИМАНҚҰЛОВА,

«Ардагер» емханасының бас дәрігері.

К.ҚИБАТАЕВ,

медицина ғылымдарының кандидаты,

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің доценті.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button