Жаңалықтар

Қала тазалығы — ортақ іс

Брифинг

Ақтөбе қаласында 17 қыркүйектен бастап санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру бойынша екі айлық жарияланды. Облыстың бас санитарлық дәрігері тұрғындарды тазалық шараларына белсенді қатысуға шақырды.

Екі айлықтың жариялануына байланысты кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанованың қатысуымен брифинг өтті.

Қаланың, жалпы айналамыздың тазалығы ең алдымен түрлі індеттердің алдын алу, халықтың денсаулығын сақтау үшін керек. Осы мақсатта біз барша тұрғындарды, еңбек ұжымдарын тазалық жүргізу шараларына белсене қатысуға шақырамыз, — деді Райхан Қойшанова.

Санитарлық талаптарды сақтау үшін, ғимараттарға кіреберіске қоқыс жинауға арналған урналар орналастыру, оның айналасын күнделікті тазалау, маусымдық аллергияларды қоздыратын шөптер тозаңын болдырмау үшін, аула ішін, көшені арамшөптерден уақытылы тазартып отыру жөнінде, т.б. ұсыныстар айтылды.

«Қазақстан Республикасында тексерулер мен профилактикалық бақылау мен қадағалауды жүргізуге мораторий енгізу туралы» ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерде жоспарлы тәртіппен тексеру жүргізілмейді.

Алайда қоғамдық орындарды ластағаны, соның ішінде белгіленбеген орындарда қалдықтар мен қоқыс тастағаны үшін ҚР заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген. Мұндай жағдайлар анықталар болса, фото және бейнематериалдар арқылы (102 нөміріне) шағым түсіру керек.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары санитарлық талаптарды сақтау, қаланы қоқыстан тазарту мәселелері бойынша кең түрде насихат жұмыстарын жүргізіп отыр. БАҚ-тарда шыққан мақалалар мен телехабарлардан бөлек, әлеуметтік желілерге ондаған жазба салынып, 670 ақпараттық хат таратылған.

А.САРЫБАЙ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button