Жаңалықтар

Жер игерілмесе мемлекетке қайтарылады

Жолдау ел пікірі

Бейсенбі күні облыстық әкімдік ғимаратында бір топ ауыл шаруашылығы мамандары Мемлекет басшысының Жолдауын талқылады.

Дөңгелек үстел басына жиналғандар Жолдауда айтылған жер мәселесіне қатысты ой-пікірін ортаға салды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Өтешов:

— Жолдауда кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілі айқындалуы тиіс екені ерекше айтылды. Жыл соңына дейін бұл мәселені реттеу керек. Бұл бизнес иелерінің ғана емес, экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсетіні анық.

Биыл облыс бойынша ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбай отырған 244 адамның тізімі жасақталып, тексеру жұмыстарын жүргізу үшін облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды. Яғни 567 мың гектар жер өз мақсатына қарай игерілмей отыр.

Жалпы, жер ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғау, жердің құнарлығын арттыру — бүгінгі таңда басты мәселелердің бірі. Облыстың 30062,9 мың гектар жер қорының 26545,6 мың гектары ауыл шаруашылығы алқаптарына тиесілі. Оның ішінде 24869,9 мың гектары — жайылымдық жерлер, — деді. 

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауына облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Баянбек Қырықбаев та үн қосты.

— Жыл басталғалы ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты 220 тексеріс жұмыстарын жүргіздік. Соның ішінде 130 субъектіге қатысты заң бұзушылықтар анықталды. Яғни олар жерді өз мақсатында пайдаланбай отыр. Егер бір жыл ішінде кемшілік жойылмаса, бос жатқан аумақтар мемлекет меншігіне қайтарылады. Түсіндіру жұмыстары әрі қарай жалғаса береді, — деді Б.Қырықбаев.

Басқосу барысында басқа да қатысушылар сөз алып, жерді тиімді пайдаланбай, сол арқылы өзгелерге кесірін тигізіп отырғандармен жұмысты одан әрі жандандыра түсу керектігі айтылды. Өйткені жер — мемлекет меншігі, ол халыққа «қызмет етуі» қажет.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button