Жаңалықтар

Қап тауынан келген көліктер көбейіп кетті

Брифинг

Соңғы уақытта Грузия, Әзірбайжан елдерінің азаматтары уақытша қолдануға біздің елге жиі автокөлік әкелетін болып жүр. Осындай «үшінші елдерден» уақытша әкелген көліктер үнемі кедендік бақылауда болады. Мұндай көлікті біздің елдің азаматы сатып алған жағдайда кедендік тазартудан өтуі міндетті.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Грузия, Әзірбайжан және Абхазиядан автокөлік құралдарын ЕАЭО және Қазақстан кедендік аумағына уақытша әкелу мәселелері туралы» брифингте айтылды.

Ақтөбе облысының Мемлекеттік кірістер департаментінің кедендік әкімшілендіру басқармасының басшысы Дәуренбек Жұмағазиннің айтуынша, біздің елде «үшінші елдерден» әкелінген көліктерді иесі, яғни шетел азаматы тек бір жыл ғана мініп жүре алады.

— Егер иесінен біздің елдің азаматы сатып алса, онда қолдарында сенімхаты, сату-сатып алу келісімшарты, техпаспорты болуы керек. Сол бойынша қаламыздағы №41 разъезде орналасқан кедендік рәсімдеу орталығына барып, кедендік тазартудан өтіп, құжаттарын рәсімдеп алғаны жөн. Қазір қала көшелерінен шетелдік нөмірмен жүрген көліктерді көріп жүрміз. Мемлекеттік кірістер департаменті облыстық полиция департаментімен бірге рейдтік іс-шаралар жүргізіп тұрады. Сол кезде көлік жүргізушінің қолында кедендік рәсімдеуден өткен құжаттары болмаса, онда көлік уақытша сақтау қоймасына апарылып, кедендік әкімшілендіру ісі толтырылады. Биыл осындай 7 рейд жүргізіліп, бір шетел көлігі уақытша сақтау қоймасына апарылып, тиісінше шаралар қабылданды, — дейді Дәуренбек Жұмағазин. Айта кету керек, «үшінші елдерге» Еуразиялық экономикалық одақтың құрамына кірмейтін мемлекеттер жатады.

Автокөліктерді кедендік тазартуға берген кезде ең әуелі экологиялық стандартқа сәйкес келуі керек. Шетел көліктерінің міндетті түрде ең басты құжаты — сәйкестік сертификаты болуға тиіс. Сонымен бірге кедендік тазарту көліктің жылына, қозғалтқыш көлеміне байланысты рәсімделеді. Төлемі де соған қатысты анықталады. Сондықтан бұл деректерді растайтын құжаттар түгел болуы шарт, — дейді Ақтөбе облысының мемлекеттік кірістер департаментінің тарифтік реттеу басқармасының басшысы Шынтас Бірімжанов.

Аталған департаменттің экспорттық бақылау басқармасының басшысы Мақсат Қапаров сатып алғалы жатқан автокөліктің құрастырылған жылы немесе заңдылығы күдік туғызатын болса, онда Қазақстанда кедендік тазартудан өткені және тиесілі кедендік алымдар мен салықтар төлегені туралы ақпаратты мемлекеттік кірістер органдарынан білуге болатынын айтты.

Мамандар уақытша әкелген көліктер кедендік тазартудан өткен соң, сәйкесінше тиесілі кедендік алымдар мен салықтарды төлегесін ғана ел аумағында еркін жүре алатынын ескертті.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button