Басты жаңалықтарСпорт

Қазақ футболы озған күн

Ұлттар лигасы

«С» тобындағы бес кездесудің біреуін ғана тең ойынмен, ал қалған төртеуін жеңіспен аяқтаған Қазақстан Ұлттық құрамасы бейсенбі күні бір саты жоғарыдағы «В» тобына мерзімінен бұрын өтті. «Бүгін Беларусь командасын жеңген футболшыларымыз Ұлттар лигасындағы өз тобында жеке-дара көш бастады. Бұл — отандық футболдың зор жетістігі. Ұлттық құрамамызды құттықтаймын! Жеңістен жеңіске жете беріңіздер!» деп жазды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында.

Әуелгіде Словакия құрамасы ғана фаворит деп есептелген бұл додада Қазақстан ең соңғы орында қалатындығына, әсіресе, футболдың майын ішкен небір спорт мамандары күдіксіз сенімді болған еді. Олай дейтініміз, әдетте құрамаларды әр топқа бөлгенде әр команда тізімге өзінің статусына сай орналастырылатыны мәлім. Бұл жолы да солай болған: Словакия, Беларусь, Әзірбайжан, Қазақстан. Ал міне, бес кездесуден соң біздің футболшыларымыз бірінші орынға шықты және қалған бір кездесу қалай аяқталған күнде де бұл тұғырды басқа ешкім де иелене алмайтыны екі жердегі екі төрттей анық болды.

Дегенмен пендеміз ғой, маусым айында үш жеңіс, бір тең ойынмен топ басына шыға келген ұлттық құрамамыздың арада одан бергі өткен 3 ай 9 күнде сол баяғы бабында болатындығына күдікпен де қарағанымыз рас. Мысалы, бас бапкерін өзгерткен, біздің тактикамызды әбден зерттеген Беларусь құрамасын тізе бүктіруге шамамыз жете ме? Жетті. «Астана Арена» стадионына жиналған 29 637 жанкүйердің дауысы жер жарды. Бұған сол 29 637 адамның қатарында бола алмаған, бірақ көгілдір экран алдында 90 (негізінде 98) минут бойы тапжылмай отырған жанкүйерлердің көл-көсір қуанышын қоссаңыз, біздің елімізде футболдың жаңа дәуірі басталғанын, бұл дәуірдің тұсауын бас бапкер Магомед Адиев бастаған жігіттер кескенін енді, міне, толық сезініп отырмыз.

Барлығымыз да жаппай тамашалағандықтан, бұл кездесудің барысын бүге-шігесіне дейін баяндау шарт емес екені белгілі. Дегенмен негізгі сәттерді еске түсірудің артықтығы да жоқ.

Кездесуді шабуылмен, соның ішінде бір-біріне бұрыштама доп соғумен бастаған құрамалар одан әрі қандай өнер өрбітетіндіктерін бірден-ақ аңғартты.

Алғашқы ең қауіпті сәтті біздің жігіттер ұйымдастырды. 25-минутта беларусьтар бұрыштама доп соғуды сәтсіз орындады да, біздің футболшылар дүрк етіп қарсы шабуылды бастап кеп жіберді. Солай басталған шабуыл Ян Вороговскийдің допты қақпа алдына жетіп келген Аслан Дарабаевтың алдына тастауымен жарқ ете қалып еді, әттең, Аслан бірер метр жерден Егор Хаткевичті «көздеді» де, допты қарсыластар қақпашысы бауырына басып ала қойды.

Дегенмен келесі шабуыл барысында гол соғылды. Оң қапталдан құлдилай жүгірген Рамазан Оразов өзінен ілгері бара жатқан Михаил Габышевке қолмен қойғандай етіп тамаша пас тастады да, Михаил оншақты метр жерден қақпаның оң жақ бұрышына қарай сұрапыл соққы жасады, бұл жолы қақпашы еш қайран жасай алмады — 1:0.

Тайм осы есеппен аяқталуға жақын қалған еді, төреші қосқан төрт минут әдемі кестені бұзып кетті. 45+3 минутта біздің жігіттер ереже бұзды да, қонақтар қақпадан әжептәуір алыс тұстан айып добын орындады. Қорғаушы Кирилл Печенин допты қақпа маңына әуелете тастады да, біздің қорғаушыларымыздың бір сәттік аңсыздығын пайдалана кеткен Павел Савицкий жерге түсіп барып, қайтадан көтерілген допты баспен соғып, қақпаға енгізді де жіберді — 1:1.

Екінші тайм да алма-кезек шабуылдарға ұласты. Біздің футболшыларымыз бұл кезеңде екі тиімді сәтті пайдалана алмай қалды. 58-минутта Асхат Тағыберген асырған доп қақпа алдында жүрген Сергей Малыйдың тура алдынан зу етіп өте шықты, Сергей бар-жоғы аяғын тосып үлгергенде, қақпашы еш қайран жасай алмайтын еді. Ал арада екі-үш минуттай уақыт өткенде айып алаңына баса-көктей енген Михаил Габышев беларусьтық үш қорғаушыны алдап өтіп, жүгіре шыққан қақпашыны да қапы қалдырғанымен, ашық қақпаға қарай соққы жасар сәтте шалынып құлап, допты алаң сызығынан әрі асырып алды.

Шешуші гол осыдан жиырма минуттай шамасы өткен кезде соғылды. Қарсыластар қақпасының сол жақ қапталына таман жерде жүрген Абат Айымбетов кенеттен келе қалған допты қорғаушылар арасында жүріп қақшып түсті де, бірден өзімен қатарласа берген Бақтияр Зайнутдиновке тастады, Бақтияр бес метрдей жерден соққан допқа қонақтар қақпашысының қолы жетпей қалды — 2:1.

Бұдан соң беларусьтар есе қайтаруға тырысып бақты. Бірақ біздің қорғаушылар дес бермеді. 87-минутта Игорь Щацкий қонақтардың капитаны Евгений Яблонский он метрдей жерден кенеттен шірене тепкен допқа әлдеқандай бір аңғарымпаздықпен атыла секіріп, бағытын бұрып жіберді. Игорь жазғы маусымдағы шеберлігін жоғалтпаған екен. Сонымен бұл шабуыл да, төреші қосқан қосымша төрт минут та, 90+4 минутта екінші рет ескерту қағазын алғаны үшін Асхат Тағыбергеннің алаңнан қуылуы да қонақтарға пайда әкелмеді.

Осылайша Қазақстан құрамасы үш ұпайға ие болды, сөйтіп өз тарихымызда Беларусь құрамасын алғаш рет ұтты.

Қазақстан-Беларусь — 2:1

Гол авторлары: Михаил Габышев, 29-минут (1:0); Павел Савиций, 45+3 минут (1:1); Бақтияр Зайнутдинов, 79-минут (2:1).

Қазақстан төмендегі құрамда ойнады: Игорь Шацкий (қақпашы), Ян Вороговский, Нұралы Әліп, Александр Марочкин, Сергей Малый, Михаил Габышев (Бағдат Қайыров, 68-минут), Асхат Тағыберген (капитан), Аслан Дарабаев, Бақтияр Зайнутдинов (Исламбек Қуат, 87-минут), Рамазан Оразов (Эльхан Астанов, 75-минут), Абат Айымбетов (Абылайхан Жұмабек, 87-минут).

Бас бапкер Магомед Адиев.

22 қыркүйек 2022 жыл. Астана, «Астана-Арена» стадионы. 29 637 адам.

*   *   *

Аналитикалық беделді «WhoScored» сайты осы кездесуге қатысқан ойыншыларға баға берді.

Жартылай қорғаушы Рамазан Оразов үздік ойыншы болып танылды. Оған 7,6 балл берілді.

Ал үш бірдей футболшы 7,1 балл жинады: Бақияр Зайнутдинов, Михаил Габышев, Сергей Малый.

Рамазан Оразов, біздің «Ақтөбе» командасының, футболшысы екенін еске саламыз.

*   *   *

Бұл күні Словакия құрамасы өз алаңында Әзірбайжан футболшыларынан 1:2 есебімен ұтылып қалды.

25 қыркүйек күні Қазақстан құрамасы Бакуде әзірбайжан футболшыларымен ойнаса, Беларусь Словакиямен кездеседі.

Қазір Қазақстан — 13 ұпай, Әзірбайжан — 7 ұпай, Словакия — 6 ұпай, Беларусь — 2 ұпай жинап тұр.

Қазақстан құрамасының сенсациялық жеңіске жетуіне бас бапкер Магомед Адиевтің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екендігін жақын, алыс шетелдік БАҚ жарыса жазып жатқаны өз алдына бөлек әңгіме.

 Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button