Басты жаңалықтар

Көпір уақытша жабылды

Заречный тұрғын алабындағы Елек өзені үстінен өтетін көпір жол жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша жабылды. Жөндеу жұмыстары 25 қыркүйекте аяқталады. 

Күні кеше облыс әкімі Ералы Тоғжанов Елек өзеніндегі көпірдің жай-күйімен танысып, ондағы ақауларды жою бойынша тапсырма бергені мәлім. Бүгін көпір үсті жолын жөндеу жұмыстары басталып кетті. Осыған байланысты мамандар түсінік берді.
Бүгіннен бастап көліктер Сүт зауыты шағын ауданындағы айналма жол арқылы жүретін болады. Жергілікті жол полиция қызметі орын алған жағдайға түсіністікпен қарауға шақырды. Жол сақшылары жөндеу аяқталғанша бағыт-бағдар беріп тұрады.
— «Ершат жолдар» мердігер компаниясы жол жөндеу жұмыстарын бастады. Ағымдағы жөндеу болғандықтан шұңқырлар бітеледі.
Бұл көпір осыған дейін екі мәрте жөндеуден өтті. Күзгі құбылмалы ауа райына байланысты жолды толығымен күрделі жөндеу мүмкін емес. Жүк көліктері көп қатынайтын маңызы бар жол болғандықтан, көпірді ұзақ уақытқа жабу жол қозғалысына кері әсерін тигізеді. Келесі жылы аталмыш жол толығымен күрделі жөндеуден өтуі тиіс, — деді облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Айбек Қайыр.

Бұрын жөнделген кезде көпірдің бетон жабындысы мен гидрализациялық жұмыстары дұрыс жасалмаған. Орын алған ақаулықтарды жою үшін келесі жылы мемлекеттен қаражат бөлініп, көпір күрделі жөндеуден өткізіледі.

 

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button