Басты жаңалықтар

Ералы ТОҒЖАНОВ: «Көктемгі су тасқынына дайындық қар түскенде емес, күзде басталуы  керек»

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов қала аумағындағы бірнеше өзеннің жағдайымен танысты. Жуырда өңір басшысының тапсырмасына сәйкес Сазды, Песчанка, Жіңішке өзендерінің арнасын тазарту жұмыстары басталады.

Биылғы су тасқыны ақтөбеліктерді біраз есеңгіретіп тастағаны рас. Қайтадан сондай жағдайға тап болмас үшін жұмыстар бұл жолы әдеттегіден ерте қолға алынды. Аталған мәселе облыс әкімінің тікелей бақылауында тұр.

Өңір басшысы алдымен Сазды су қоймасына барды. Бұл нысан 1967 жылдан бастап пайдаланылып келеді.Сыйымдылығы — 7,5 млн текше метр. Биыл қоймадағы су өз деңгейіне жеткен. Облыс әкімі өзен арнасын тазарту керектігін айтқанда, мамандардың бірі бұл жұмыстардың тек қыста жасалатынын мәлімдесе, енді бірі жазда да жасауға мүмкіндік барын айтып, екіұшты пікір білдірген болатын. Қысқасы, Саздының арнасын кеңейтіп, қаулай өскен қамысты тазарту жұмыстары көп ұзамай басталады. Ол үшін арнайы техника жұмылдырылады.

Бұдан соң Ералы Тоғжанов Песчанка мен Жіңішке өзендерінің маңына барды. Биылғы көктемде Жіңішке жуандық танытып, қала маңындағы Қарғалы селосы мен саяжай аумағын суға толтырды. Песчанка өзені де жеке секторға дейін жайылды.

Ақтөбе-Орск тасжолындағы көпірдің аумағындағы Песчанка өзенінде қазір су жоқ. Қамыс пен шөп өсіп кеткен аумақта қоқыстан аяқ алып жүру мүмкін емес. Олардың алдағы уақытта еріген қар суының өтуіне кедергі келтіретінін айтқан өңір басшысы тиісті мекемелерге өзен аумағын тез арада тазартуды тапсырды. Песчанканың табанындағы  900 метр жерді  алдағы сенбіде қалалық әкімдік пен төтенше жағдайлар департаменті, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы жұмылдырған ұжым тазартады.

Осы жұмыстарды бітірген соң Жіңішке өзенінің арнасын тазарту жұмыстарын бастау керек. Ал мұнда салынып жатқан жаңа көпір құрылысы аяқталған соң, көнесі бұзылып тасталады.

Көктемгі су тасқынына дайындық қар түскенде емес, күзде басталуы керек.

Біз 2017 жылғы  су тасқынын зерттеп, жағдайды сараптадық.  Бірнеше өзен арнасын тазартуға шешім қабылдадық.  Барлық мекемелерге тиісті тапсырмалар берілді. Жұмыстар жақында басталады. Ал Қарғалы мен Елек өзендеріне қатысты қазір дамбаның мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз.

Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — басты міндетіміз. Сондықтан барлық жасалып жатқан жұмыстар бойынша тұрғындар ақпараттандырылып отырады, — деді облыс әкімі.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button