Жаңалықтар

Дәстүрлі фестиваль басталды

Балалар жылы аясында «Алақай» облыстық қуыршақ театрында «Ассалаумағалейкум VI» халықаралық фестивалінің ашылу салтанаты ұйымдастырылды. Фестиваль 19-24 қыркүйек күндері аралығында өтеді.

Өзге мемлекеттер арасындағы әріптестік байланысты нығайтуға бағытталған фестивальдің басты мақсаты — қуыршақ театры өнерін кеңінен насихаттау, мемлекеттермен кәсіби тұрғыда серіктестік қарым-қатынас орнату және артистердің кәсіби шеберлігін шыңдау болып табылады.

Мәдениет пен әдебиеттің киелі мекені саналатын Ақтөбе жеріне қош келдіңіздер! Шайырлар мекеніне айналған жерімізден талай өнер майталмандары шыққан. «Ассалаумағалейкум!» қуыршақ театрларының фестивалі өңірімізде  алғаш рет 2004 жылы өткені мәлім. Содан бері екі жылда бір рет тұрақты түрде өткізіліп келеді. 6-мәрте өткізілгелі отырған фестиваль қатысушыларына сәттілік тілеймін. Осы жолғы іс-шараның өзгешелігі — қатысушы өнер ұжымдарына ақшалай сый қарастырылған. Жүлде қоры 1 миллион 700 мың теңгені құрайды. Биыл «Алақай» қуыршақ театрының ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Шетелден келген қонақтарды қарсы алуға театрымыз сақадай сай, — деді фестиваль шымылдығын ашқан облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова.

Халықаралық деңгейдегі шараға осыған дейін ТМД, Еуропа елдерінен 63-тен астам өнер ұжымы қатысқан. Биыл Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Астана қалаларымен қатар, өзбек, башқұрт, ингуш, бурят қуыршақ театрлары өз өнерлерін көрсетеді. Көрермендер 14 ұжымның өнерін тамашалайтын болады.

— Театр қойылымдарының халыққа берер рухани азығы мол.  Кез келген адам театрды түсіне бермейді. Сондықтан балаларды кішкентайынан театр өнеріне құрметпен қарауға баулуымыз керек, — деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова.

«Театр — хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деп Ғ.Мүсірепов айтқандай, бүлдіршіндерімізге риясыз күлкі сыйлайтын бұл фестивальдің балалар үшін маңызы зор. Бір апта бойы «Ұсқынсыз үйрек», «Асыл шөп», «Тышқан мен мысық», «Ертөстік» және тағы басқа сахналық қойылымдар көрермендер назарына ұсынылады. Сонымен қатар театр артистері шетелден келген мамандардың «Қуыршақ ойнау өнеріндегі актерлік шеберлік спецификалық ерекшеліктері» атты шеберлік сағатына қатысады.

Халықаралық шараға арнайы келіп отырған меймандарды да сөзге тартып көрдік:

— Мен қазақ тілі мен спортын дамытуға бағытталған «Достар» қорының мүшесімін. Ресейдің Саратов қаласынан осы фестиваль үшін арнайы келіп отырмын. Жақында «Алтын сақа» деген балалар қуыршақ театрын аштық. Ендігі алға қойған міндет — театр артистерінің біліктілігін арттыру. Жаңадан құрылған театр болғандықтан біз осы жолы қатыспаймыз. Қатысушылардың өнерін тамашалап, жас театр ретінде өзімізді шыңдауға не жетіспейтіндігін бағдарлайтын боламыз, — деді Ресейден келген театр артисі Шолпан Иманғалиева.

Фестиваль аясында «Үздік спектакль», «Үздік режиссерлік туынды», «Үздік сценография», «Үздік музыкалық көркемдеу», «Үздік актер», «Үздік актриса» сияқты номинация иегерлері анықталады.

Қазылар алқасының құрамында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, театр сыншысы Сәния Қабдиева, ресейлік театр режиссері және продюсер Давид Бурман, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының бас режиссері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Бекпулат Парманов, театртанушы, театр сыншысы, Башқұртстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Дина Давлетшина бар.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button